Іле ауданында «Ауыл болып кітап оқимыз, зерделі ұлт болып қалыптасамыз» жобасының қорытындысы өттіКітап оқитын ұлт – келешегі кемел, рухы биік ұлт!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Алматы облыстық әмбебап кітапханасының бастамасымен өңірде ауқымды рухани-ағартушылық жұмыстар жүргізілуде.
Осы игі бастама аясында облыстың сегіз ауданы мен үш қаласына әр өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін, сол топырақтан шыққан белгілі тұлғаларды, тарихи орындарды, ұлылар жүріп өткен жолдарды зерттеп, кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған арнайы тапсырмалар берілген болатын.

Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, ауыл тұрғындарын кітап оқуға жұмылдыру, ұлттық әдебиетімізді дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Бүгін, 21 қазанда, Іле аудандық кітапханасында «Ауыл болып кітап оқимыз, зерделі ұлт болып қалыптасамыз» атты рухани-ағартушылық жобаның қорытынды іс-шарасы өтті.Іле ауданының кітапханашылары өздеріне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен, шығармашылық ізденіспен, ыждағаттылықпен орындап, көпшілікке мазмұнды жұмыстарын ұсынды.
Ауданға қарасты 11 кітапхананың қатысуымен жүзеге асқан жоба ауыл ақсақалдарын, аналар қауымын, мектеп оқушыларын, жастарды, ұстаздарды және тұтас отбасыларды кітап төңірегіне топтастырды.
Бір ауыл – бір кітап! Бір отбасы – бір шығарма! Бір мектеп – бір әдеби әлем! Осындай тағылымды бастамалар арқылы қазақ әдебиетінің классик жазушыларының шығармалары оқылып, олардың тәрбиелік мәні жас ұрпаққа кеңінен насихатталды.

Әсіресе, ауыл қариялары мен жастардың бір шығарманы бірге оқып, ой бөлісуі, үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен жастардың тың көзқарасының тоғысуы ерекше әсер қалдырды.
Бұл – жай ғана кітап оқу емес, бұл – екі ұрпақтың рухани жүздесуі, ұлттық құндылықтардың жаңғыруы, ауыл мәдениетінің жаңа тынысы!
Кітап арқылы ауылдың өткені мен бүгіні, қарияның даналығы мен жастың арманы бір арнаға тоғысты. Мазмұнды басқосу аудан өнерпаздарының әсем әні мен күмбірлеген күйіне ұласып, рухани мерекенің ажарын аша түсті. Әдебиет пен өнер тоғысқан күн көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Шараға Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева арнайы қатысып, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға ақжарма тілегін білдірді.
Сондай-ақ Іле аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рахымжан Бақытжан, Аналар кеңесінің төрағасы Мейрамкүл Түйебайқызы, «Кітап оқитын ұлт» марафонына алғашқылардың бірі болып тіркеліп, жоғары балл жинаған Мақсат Сейдалиев, «Аққайнар» танымдық журналының авторы, «Алтын ұя» рухани даму үйірмесінің негізін қалаушы Бақыткүл Сәрсебиева қатысып, рухани бастаманың маңызын арттырды.
Шара соңында жобаға белсенді қатысқан мектептер мен ауыл тұрғындарына алғыс хаттар табысталып, сыйлықтар берілді.Бүгінгі басқосудан түйгеніміз – кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, ол ауылдың рухани жүрегі, ұрпақтарды байланыстыратын алтын көпір, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын қасиетті шаңырақ.
Кітап оқыған ауылдың ойы озық, рухы биік болады. Ал кітаппен дос болған жас ұрпақ – ел болашағының берік тірегі. Осынау игі бастаманы жоғары деңгейде ұйымдастырып, аудан тұрғындарын кітап төңірегіне топтастыра білген Іле ауданының әкімдігіне, аудандық мәдениет саласының басшылығына, аудандық кітапхана басшысы Қарлығаш Тұранқызына, барша ауыл кітапханашыларына шынайы алғысымызды білдіреміз!
Әсіресе, ауыл-ауылды аралап, оқырман жүрегіне жол тауып, қария мен жасты, ана мен баланы, ұстаз бен шәкіртті кітап арқылы табыстырған кітапханашылардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Кітапханашы – кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір ғана емес, ұлт руханиятының жанашыры! Осындай рухани бастамалар әр ауылда жалғасын тауып, кітап оқитын отбасылар, кітап оқитын мектептер, кітап оқитын ауылдар көбейе берсін!Кітап оқитын ауыл – зерделі ұлттың бастауы!
Аршагүл Тойбай-журналист, жоба авторы

