Алматы облысында биыл өндіріс ошақтарында 450-ден аса жұмыс орны ашылды. Бұл туралы бүгін Қонаевта өткен «AMANAT» партиясының депутаттық фракция отырысында айтылды.
Партияның өңірлік Жол картасы аясында Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фабрикалар салу міндеті тұр.
«Биыл Ұйғыр ауданында қуаты 17,5 мың тонна құс етін өндіретін «Прима Құс» фабрикасы ашылды. Мұнда 400 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Бұдан бөлек, ауданда келесі жылы қолданысқа берілетін жылыжай салынып жатыр. Үш гектар жерді алып тұрған жылыжайда 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Садықов.
Ал «AMANAT» партиясы Алматы облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаевтың мәліметінше, Кеген ауданында құны 1 млрд теңгеден асатын ет өңдеу комбинатының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Кегенде келесі жылы бір ауысымда 50 бас ірі қара және 150 бас ұсақ мал етін өңдейтін комбинат ашылса, 30 адам жұмысқа орналасатын болады. Бұдан бөлек «Great Steppe Heritage» ЖШС форель шаруашылығын ашуды жоспарлап отыр. Компанияда 20 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек», – дейді Қуат Байғоджаев.
Партия басшысы Райымбек ауданында да форель шаруашылығын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, биыл ауданда сүт өңдеу, балық және омарта шаруашылығының иелері 50-ден аса азаматты жұмыспен қамтыған.