Биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Біз өскелең ұрпақты кітап оқуға баулуымыз керек» деп айтқан еді.
Осыған орай Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Оқырман ұлт» Алматы қаласы жастарының оқу белсенділігін арттыру жобасы іске қосылды. Жоба жастар мен жасөспірімдерге кітап оқуды насихаттау, кітап оқуға ынталандыру, сауатты жастардың санын көбейту, кітап таралымын жандандыруды мақсат тұтады. «Оқырман ұлт» жобасы сонымен қатар жастарды соңғы шыққан заманауи кітаптармен, авторлармен таныстыру, олардың бос уақытын кітап оқу арқылы тиімді пайдаланып сапалы мамандарды дайындап шығу мақсатында қолға алынып отыр.
Осы орайда қаламыздағы Жоғарғы оқу орындары мен колледждерде арнайы кітап жәрмеңкелерін, баспагерлер және кітап авторларымен кездесулер, кітап оқудың пайдасы туралы семинарлар өткізіліп жүр. Осы жоба аясында 9 қараша Алматы облысындағы SDU университетінде «Оқырман ұлт» кітап көрмесі өтті. Көрмеге кітап саласында жемісті еңбек етіп жатқан заманауи баспалар мен кітап дүкендері шақырылды. Атап айтар болсақ: «Мазмұндама», «Steppe&World», «КітапАл», «Қазына», «Marfu», «Olja Peak» эстетикалық кеңсе өнімдері, «Қасым», «Ziyat», «Қыр баласы», «Отбасы» баспа үйлері қатысты.
Студенттер мен оқытушыларға арналған кітап көрмесі таңнан кешке дейін жалғасты. Танымал тележүргізуші Берік Көшербекұлы жүргізген шараның ашылуы SDU университетінің педагогикалық-гуманитарлық факультетінің декан орынбасары Бабур Рашидовтың сөзімен басталды. Шара барысында «Сөз өнері» орталығында «Steppe&World» баспасының негізін қалаушы Раиса Кадер, белгілі шығыстанушы, логотерапевт, «Бейсен және болмыс», «Өмірге ғашық болу», «Өркениетті адам», «Қуыскеуде» сияқты көптеген кітаптардың авторы Санжар Керімбай және «Жылдам оқы», «Мінезді өзгерту алхимиясы», «Әдет күші», «Супержады» кітаптарының авторы Мирас Кесебаевпен кездесу өтті. Авторлар «Кітапты не үшін және қалай оқимыз?» тақырыбында баяндама жасап, студенттердің түрлі сұрақтарына жауап берді. Көрмеге қатысқан жастардың саны үш мыңнан асады. Студенттердің белсенділігі және кітапқа деген қызығушылығы «жастар кітап оқымайды» деген пікірдің қате екенін көрсетіп берді.
Шара соңында жастар отандық баспалармен байланыс орнатып, қолдарына том-том кітап құшақтап қайтып жатты.