Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері, басқарма басшылары, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қатысып, аудан әкімдіктері селекторлық негізде байланысқа шықты.
Күн тәртібінде негізгі 6 мәселе қаралып, баяндамашылар тыңдалды. Алғашқы болып дезинфекция препараттарымен улану бойынша облыс тұрғындары арасында жүргізілетін профилактикалық және түсіндіру жұмыстары туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мүслім Сағадиев сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, стандартқа сәйкес келетін химиялық қоспалардың түрлерін айтып, дезинсекция жүргізуге лицензиясы бар мекемелердің атауларын көрсетті. Тұрғын үйлердегі қауіпті жәндіктерді уландыру үшін қолданылатын жабдықтарды да ескеріп, қажеттісін сатып алу жайын тілге тиек етті. Баяндама соңынан сөз алғандар департамент өкіліне айтылған ақпаратты арнайы хаттамаға енгізіп, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жіберуін сұрады. Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Нұржан Құдайбергенов дезинфекция препараттарымен уланудың алдын-алу үшін әлеуметтік желі арқылы халықты толық ақпараттандырып, арнайы шараларды қолға алуды ұсынды. Сондай-ақ құзыретті органдармен бірлесіп, жәндіктерді уландыру үшін химиялық қоспаларды заңсыз сататын кәсіпкерлерді анықтау мақсатында барлық сауда объектілерінде (базарлар, шаруашылық тауарлар дүкендері, сауда үйлері және басқа) тексеру және профилактикалық жұмыстар кешенін жүргізуді тапсырды. Күн тәртібіндегі келесі мәселе шатырдың бұзылуы мен зақымдану жағдайларының көбеюі туралы сөз алған облыстық ТЖД бастығының орынбасары Данияр Қасымов өңірдегі жел түрінде табиғи зілзаланың пайда болуынан ғимарат шатырларының бұзылу фактілерін тарқатты. Бүгінгі күнге облыс аумағында шатырлардың ұшуы бойынша 15 оқиға тіркелген. Оның ішінде, ерекше алаңдаушылық туғызатын 6 білім беру мекемесі, 1 спорт кешені, 2 әкімшілік ғимарат, 3 жеке тұрғын үй, 3 әскери бөлім бар. Баяндамашы шатырдың бұзылу себептерін анықтаған кезде басты назар төтенше жағдайға, ауа райының стихиялылығына және зақымдану фактілерін анықтауға аударылатынын айтты. Дегенмен де, ескірген, жөнделмеген ғимараттарда бұзылулар жиі орын алатыны да жасырын емес.
Данияр Болатбекұлы сапасыз шатыр материалдарын қолдану, құрылыс немесе күрделі жөндеу кезінде тірек элементтерін дұрыс орнатпау да шатыр қирауына басты себеп екенін тілге тиек етті. Мәселе бойынша комиссия мүшелері энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, құрылыс, білім, денсаулық сақтау басқармасы басшылары мен аудан, қала әкімдерін жел жүктемелерін ескере отырып, ғимараттар мен құрылыстардың конструкцияларын күшейтуге, олардың жай-күйіне тұрақты бақылауды жүзеге асыру жөнінде шаралар қабылдауға міндеттеді. Сондай-ақ, ведомстволық бағынысты объектілерді салу және күрделі жөндеу кезінде құрылысмонтаждау жұмыстарының әрбір кезеңінде қатаң және тұрақты бақылауды қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Үшінші мәселе – аудандық және облыстық деңгейде құлақтандыру жүйесін басқару және құру туралы облыстық ТЖД бастығының орынбасары Данияр Қасымов ақпарат тарқатып, өңірімізде 201 соңғы үлгідегі құлақтандыру құрылғысының барын жеткізді. Бүгінгі таңда облыс аумағын азаматтық қорғауды хабарлау жүйесімен қамту 31,5 пайызды құрайды. Өңіріміз сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан жер сілкінісі 7-ден 9 баллға дейін болуы мүмкін. Осыған орай, құлақтандыру жүйесін 100 пайызға дейін кезең-кезеңімен жеткізу мәселесі өткір тұр. 2024 жылға 906 млн 280 мың теңге сомасына 150 бірлік құлақтандырудың соңғы құрылғыларын және 2025 жылға 1 млрд 130 млн 480 мың теңге сомасына 188 бірлік құлақтандырудың соңғы құрылғыларын сатып алу жоспарланған. Тақырып төңірегінде комиссия мүшелері елдімекендерде жергілікті құлақтандыру жүйелерін құру жөніндегі жұмыстар үздіксіз жалғасу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшыларымен бірлесіп, адамдар жаппай болатын орындарда (ірі сауда орталықтары, балаларды сауықтыру лагерьлері мен емдеу мекемелері) және қауіпті өндірістік объектілерде (гидротехникалық құрылыстар, өнеркәсіптік және химиялық объектілер, жарылғыш және химиялық заттар қоймалары) меншік иелерінің есебінен жергілікті құлақтандыру жүйелерін құру және енгізу жөніндегі мәселелерді пысықтау тапсырылды.
Биыл облыс аумағындағы орман шаруашылықтарында 30 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың жалпы қамтыған ауданы 27 мың га құраса, өрттен келген залал 32 млн теңгеге жеткен. Осы орайда, аудан, қала әкімдеріне әдістемелік ұсынымдарға сәйкес қоғамдық бірлестіктер нысанында ерікті өртке қарсы құрылымдар құру жөнінде жұмыстар тапсырылды. Ерікті өртке қарсы құралымдарды оқыту, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын, оның ішінде киімкешекпен нығайту жайы да басты назарға алынды. Комиссия мүшелерінің тарапынан биылға арналған жоспарда көзделген өрт сөндіру бекеттерінің құрылысын аяқтау міндеті де айтылды. Келер жылғы өрт қаупі кезеңінен өтуге қосымша қаржы бөлу туралы жергілікті атқарушы органдармен мәселені пысықтау жөні де тапсырылды.
Күн тәртібінде 2023 жылғы шомылу маусымы қорытындылары да қаралды. Қауіпсіз демалу үшін қажетті жағдайлар жасап, қолжетімді коммуналдық жағажайлар санын ұлғайту жөнінде айтылды. Сондай-ақ, суға бату жайттарын жою үшін балаларды жүзуге үйрету, ауылдық жерлерде жағажайлар құруға ерекше назар аудару керектігі ұсынылды. Мәселе төңірегінде жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеліп, орындалу мерзімі бекітілді.
Жиында жылу энергетикасы және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде төтенше және авариялық жағдайлардың туындауына жол бермеу жайында да бірқатар жайт тарқатылып, шаралар ұсынылды. Комиссия мүшелері аудан мен қала әкімдеріне орнықты әлеуметтік-экономикалық жағдай үшін және төтенше және авариялық жағдайлардың туындауына жол бермеу мақсатында 2023-2024 жылдардағы жылу маусымы кезеңінде бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаментіне ақпараттық көмек көрсету және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы апаттарды тергеуге қатысу ұсынылды.
Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша берілген тапсырмалар мен ұсыныстарды орындау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жүктелді.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы