Мұң жайлату (Сәдіқожа Мошанұлының рухына)
Уа, Кетпен тау, Кетпен тау!
Кер заманда кер үлектей шөккен тау…
Әнім – зарға, жырым – мұңға айналып,
Ел ауғанда,
жоққа сабыр еткен тау!
Қара нардай әкені,
Аңыраған Аруанадай ананы,
Ботадайын боздап босқан баланы,
Қаңыраған қайран Қарадаланы
Жұбата алмай, өксуменен өткен тау!
Сенің анау, мұнар шалған басыңда
Менің шыр-р еткенде,
тұрып қалған дауысым ба?!
Сағынғанда «Сары бидайға» ұқсайды,
…Сол – дауысым расында;
Жаннан безіп, жар сүйетін жасымда,
Сырымды айтып ғасырлардан ғасырға.
Бетегесіз бел үшін,
Белден кеткен ел үшін,
Бекзададай ән боп жетті асылға!
…Арманым ғой аспандағы самғаған,
Зарлы әнім ғой, сағынғанда сарнаған.
«Сары бидайым» – болдың уайым,
…Неліктен?
Қандай заман, сор қайнаған сол заман?!
Сол заманда солқылдатқан жүрегін
Мен де мынау Аспантаудың ұлы едім;
Хан-Тәңірге сүйеп қойып арқасын,
Ағысына аяқ тосқан Іленің…
Құлан аян Құлмамбеттің жыры едім.
Албан Асанның мұңы едім.
Бөлтірік, Көдек, Шарғындай
Еңкейгенге – иіліп,
Шіренгенге – шіредім.
Қапезбен бірге ән салсам,
Қайғырып жүріп түледім.
Өйткені, мен – айға ұлыған арланның
Сіңіріндей сірі едім.
Аспантаудың әнге айналған жүрегін,
Естимін деп бал-бұлақтай тілегін,
Қайта оянған өр рухымды ардақтап,
Қарадалам көтеріп тұр білегін!..
Уа, Кетпен тау, Кетпен тау!
Кер заманда кер үлектей шөккен тау…
Өк! – дегізбей орыныңнан тұр, енді,
Бізге мойын бұр, енді,
Моншақ-мұңын етегіне төккен тау!
Байсал тартып, байызда,
Кетсең шалқып, қайырла!
Қырық қайғы, тоқсан мұңым бар еді,
Қырың менен сайыңда.
Сілеміңнен сілкіп тастап барлығын,
Күш-қуат бер, қарағай мен қайыңға.
Сағынғанды саяқ тастап, сарнатпай,
Жырын жырлат, жұмақ-мекен жайында.
Сүйем жерін сүйіп өскен жерінің,
Сүйеу болғын, бес қаруы сай ұлға!
Бағзы заман қайта айналып келсе де,
…Солығынан соры қайнап өлсе де;
Туған ұлды туған жерден айырма!
Туған қызды туған елден айырма!
Мен – Қарадаламын!
Мен – мынау, Қарадаламын!
Намыспын,
Назбын,
Наламын…
Ашуға мінсем,
аспаның да анау – бір уыс,
Аспантауың да бір тұтам болар, қарағым!
Мен – мынау, Қарадаламын!
Күннен де өткір жанарым.
Қазақтың жаны,
Айдай шалқалап жатқанда,
Оңынан туғызған
қайқы қылыштай қабағым.
Мен – мынау, Қарадаламын!
Аждаһаның көрген аранын…
Жұтылып кетпей,
Жұртымнан көкжал шығарып,
Тәңір таудың да
Тазалап өткем табанын…
Мен – мынау, Қарадаламын!
Ұлы жүрекке панамын…
Батысың бар ма,
Шығысың бар ма,
шын сыйла! Арғы-бергіге алтын бесіктей арамын!
Мен – мынау Қарадаламын!
Үйсін тауға да бабамын…
Көк аспанымның кекірек шерін жасырып,
Нұрға бөледім,
Жалғанның жасыл жанарын!
Мен – мынау, Қарадаламын!
Бақ орап жатқан балағын…
Басыма менің бақ емес,
Қызыр түнесін,
Түнесін-дағы қақпай-ақ, кетсін балағын!
Мен – мынау, Қарадаламын!
Самал мен жел ғой – жалауым…
Сол жалауымды
Желбірете алған оғланмен,
Дауыл боп соғып,
жауын боп төгіп,
…жауамын!
Мен – мынау, Қарадаламын!
Шарын боп шалқып ағамын.
Бұғыты тауым –
қосты күзеткен батырдай
Өр Текес пенен Құлжаға еркін барамын!
Мен – мынау Қарадаламын!
Замана жыры – зар әнім
… Зардан да бөлек,
Зау көгімде әлі қалқып жүр
Әруақ боп, рух боп
Әулие, батыр, Қағаным!
Мен – мынау, Қарадаламын!
Аманат толы алабым.
Аманаттарды
жарау аттарға қондырып,
Аламандатып,
Шаң қалмас жерде шабамын!
Мен – мынау, Қарадаламын!
Аспантаулар ғой – қамалым…
Қамалым құлап,
Заманым жылап жатса да,
Ерлік пен өрлік,
Кеңдікті сақтап қаламын!
Шың шайқалса да,
тау тербелсе де,
Төсіме менің құлайды.
Жұмыр жер деген –
жұмақ мекен ғой, шырайлы.
Қағбаға барып, қаңғып жүргендер тапса екен,
Қарадаламнан Құдайды!
Аспан мен жерін,
Асқар белдерін,
Топырағын сүйсін, алдымен!
Сен қалай дейсің,
Оянғандағы таңғы дем?..
Ояна алмай ұйықтап кеткендер қаншама?
Ұйықтамаймын ғой,
Ұйықтамаймын ғой, мәңгі Мен!
Өйткені, Мен – Қарадаламын!
Намыспын,
назбын,
наламын…
Аспантауым да
Аспаным да анау, бар болсын!
Күн мен Айымның күлімдетейін жанарын.
Күлімдетейін, күллі дүние қуансын,
Сен, қасиетін білші,
Қарадаладай баланың!
Бақыт БЕДЕЛХАН,
ақын, драматург, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері