«Ақша – қолдың кірі» сөзін жиі қолданатынымыз рас. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс? Ойланып көрдік пе? Ақшаға деген көзқарас түзелген сайын, оның көбею жолы да реттеле түседі. Бұл тылсымға ұқсағанымен, мойындауды қажет ететін шындық. Қымбатшылық алқымнан алған тұста несиеге ұрынып, айлық табысын күнкөріс қамына жеткізе алмау проблемасы ушығып барады. Мұндай экономикалық келеңсіздік сүттей ұйыған шаңырақтарды шайқап, өз алдына ажырасу фактілерінің көбеюіне әкеліп соғуда.
Баланы – жастан
Осындайда «Аталмыш мәселені орынды шешу үшін не істеуіміз керек?» деген заңды сауал туады. Қарапайым ғана жауап – қаржылық сауаттылықты арттыру керек деп түсіндіретін еді экономист мамандар. Бірақ сол қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Көпке түсінікті етіп айтқанда сауаттылық қандай қағидалардан тұрады? Тарқатып көрейікші. Себебі, қазақ тілді аудиторияның сауаттылығы осы тұрғыда ақсап тұр. Сондықтан да пайызы жоғары несиеге жиі ұрыну, алаяқтарға оңай алданып қалу оқиғалары көбінде ауылдағы ағайынның арасында көп тіркеледі.
Кәсіби мамандардың айтуынша, ақша туралы түсінікті ең бірнші бала күннен қалыптастырып, оны балаға ұстатып, үнемдеп, есептеп үйрету керек. Бұл – бала тәрбиесіндегі қаржылық сауаттылықтың алғашқы жолдары. Яғни, балаға ақша жоқ деген сөзді айтуға болмайды. Оның орнына, мысалы: «Міне, саған бес жүз теңге оған не шоколадыңды, не балмұздағыңды ал», – деңіз. Екеуін бірдей алдырмаған жөн. Сонда ол үнемдеуді, есептуді және таңдау жасай білуді үйренеді. Ақша ұстау түсінігінің алғашқы іргетасы осылайша қаланады. Өсе келе «Жыртық қалтамен ақша жинау мүмкін бе?» деген сұраққа өзі жауап іздеп, тығырықтан шығудың немесе бай болудың жолын таба алады.
Иә, жыртық қалта дегеніміз не? Ол, яғни, несиесі бар, берешегі бар адамнның қаржылық жағдайы. Мұндай кезде ең алдымен несиені жабу керек. Онда да өзіндік ереже бар. Пайызы жоғын емес, үстеме пайызы басымырақ несие түрінінен бірінші құтылған абзал екен. Неге? Түсіну қиын емес. Себебі, пайызға желініп жатырсыз. Осындай қадамдар баланың қаржылық сауатын аша түседі.
Отбасылық бюджеттің жоспары бар ма?
«Еш қиындығы жоқ!» деп түсіндіреді қаржылық коуч, блогер Роза Әшірбаева. Оның кеңесі бойынша, дәптерге барлық отбасылық кіріс-шығысты екіге бөліп, тізіп жазып алу керек. Мысалы, жұбайымның айлығы, өзімдікі, балалардың жәрдемақысы деп бір бөлесіз де, отбасылық шығыс дегенге азық-түлік, балабақша, үйірме деп тізімді қажеттілігіңізге қарай жалғастыра бересіз. Міне, содан соң жарты жылдық мониторингтен ақшаның басым бөлігі қайда кетіп жатқандығы өзі-ақ көріне қалады. Киімге ме, тамаққа ма, болмаса қажетсіз қыдыруларға ма? Осыдан барып коррекция жасауға болады. Немесе жетпей жатса, табысты арттыру жолын іздейсіз. Ал үйдегі ақшаны кім ұстау керек деген сауалға блогер: «Қаржыны реттестіре алатын қабілет кімде болса, сол ұстау керек. Ол бір отбасында ер, келесі бір отбасында әйел болуы мүмкін», – дейді.
Қазақ тілді аудиторияның қаржылық сауаттылығының төмендігін көрсететін тағы бір факт – қарапайым ғана банктік реквизит сұралса, жас болсын, қарт болсын жеке картаның алды-артын суретке түсіріп жіберетінінде жатыр. Ол дұрыс емес. Әр адам өзінің жеке ақпаратын жасырын ұстай білуі керек. Алаяқтарға алданып қалу да осы жерден шығатындығы бесенеден белгілі. Бұл туралы кеңірек айтқан қаржылық коуч Роза Әшірбаева қаржылық сауаттылықтың бастауы өз шотының реквизиттік нөмері деген не, соны білуде, өсім деген дүние бар ма, жоқ па, соны ұғынуда, өзіңнің жеке ақпараттарыңды қорғауда жатқанын алға тартады.
Көрпеңе қарай көсіл!
Ащы шындығы сол, қаржылық мәселені несие арқылы шешу өте тиімсіз әдіс әрі байыбына бармай ойлануды білдіреді. Несиеге ұрынбас үшін табыс табуды жүйелі түрде ойлау керек. Қазір бөліп төлеуге алсам, кейін толықтай жаба салам деу – қате. Керек затыңды қарызға емес, үнемі ақшаға алуға тырыс. Жетпесе, табыс көзін түзе. Несиеге алып, оны жұрттан жасырып, өтірік бар көріну де қате тұжырым. Жалған намыс кімге керек, ертең қаржылық қысымды көретін тағы өзіңіз. «Көрпеңе қарай көсіл» деген осыдан шығады. Алуын алып, пайызына желініп, төлей алмай, несиені несиемен жапқанша, ақшаны үнемді ұстап, шетінен жинап, нені болса да қолма-қол ақшаға алуды әдетке айналдыру керек. Алқымнан алған қымбатшылық дес бермей барады десеңіз, табысты болудың басқа жолын қарастырыңыз.
Азық-түліктің өзін бөліп төлеуге алу дегенді естігенде әу баста шошына қарап едік. Қазір бұл үлкен проблеманың бірі ғана емес, мемлекеттің де бас ауыртар басты тақырыбына айналып үлгерді. Бұл көріністің бір ұшы халықтың әлеуметтік жағдайының сын көтермейтінін байқатса керек. Олай алмасқа тағы болмайды. Күтіп отырған бала-шағаң бар, айлық табыс ол ай соңына дейін жетпейді. Бұл мәселеге ұшырап отырған қаншама қазақ отбасы бар бүгінде?! Оны мойындауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда орынсыз той-томалаққа, керек емес жылтыраған дүниелік заттарға, қымбат смартфондарға оңды-солды қаражат жұмсауды қоя білуіміз маңызды.
«Ақша – қолдың кірі» деген баяғы ескі түсініктен арылу қажет. Себебі, ақша қолдың кірі емес екенін бүгінгі заман дәлелдеп отыр. Қазіргі қаржыгерлер де олай деп ешқашан айтпауды ұсынады. Ақшаға қолдың кірі, дүниеауи зат, бүгін бар, ертең жоқ деп қарау – сізді мұқтаждыққа ұшыратудың бір белгісі. Әрине, рухани байлық бәрінен жоғары. Бірақ ол байлық пен бұл байлықтың орны екі бөлек екенін естен шығармайық. Мойындауымыз керек, ақша – жетістікке, тоқтыққа, арманға жетуге жетелейтін негізгі фактор. Ал қарыз қайдан пайда болады? Ол адамның дәл сол сәтте, сол ақшаны алып, қажетіне жаратып, уақытша жақсы көңіл-күйге бөленуге асыққаннан және сенім ұстанымы қате болғаннан шығады.
Қарызбен жұмыс істеудің ең дұрыс жолы – оны төлеу. Оңай еместігі белгілі, ол қарызбен ұзақ жүруіміз де мүмкін. Бірақ жаңа іскер адамдармен танысу, табыс көзін өз қабілетіңе қарай басқа жолдардан да қосымша іздеу сынды шешімдердің қашанда барын естен шығармайық. Бізге маңдай тер, адал еңбексіз ешкім келіп «мә» деп ақша ұстата қоймайтыны түсінікті. Қаржыдан қысылып жүрген кездін өзінде қайырымдылыққа үлес қоса білу керек. Бұл да байлыққа, табысты болуға бастайтын жолдың бірі. «Ақша қолдың кірі емес!» деп оны қысып ұстап отыр деуден аулақпыз. Тек орынсыз жылтыраққа құртпай, жүйелі жоспарлап, жарата білуді сауатты меңгеріңіз дегіміз келеді.
Қаржылық тәуелсіздік
Байлыққа, қаржылық тәуелсіздікке жол сілтейтін әйгілі неміс финансисі Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» кітабында қарыздан қалай тез құтылуға болатындығы, қалай дұрыс ақша жинап, дәулетке жету және 11 керемет тәсілдің көмегімен тез табысты ұлғайту, сондай-ақ, ақша салымының еш банк ашпайтын жасырын сырлары айтылады. Міне, осы сынды оқулықтардың көмегіне жүгініп, қаржылық сауаттылығымызды арттыра түсетін уақыт келген сияқты. Тіпті, кешігіп те қалғандаймыз. Ақша қолдын кірі деген түсінікпен оңды-солды шашылып жүріп, отбасылық бюджетті де дұрыс жоспарлай алмайтынымыз – тағы ащы шындық.
– Бақ-қуатты болыңыз. Ол үшін не қажет болса, бәрін жасаңыз. Өйткені, ақша бақытқа бөлейді, ақшалы болу сіздің мақсатыңыз болуы тиіс. Сіз өзіңіздің қазіргі жағдайыңызға емес, «болса екен» деген жағдайға қарай әрекеттеніңіз. Мақсат креативті етеді. Қаржылық мақсатыңызға жету үшін пікіріңізді өзгертіңіз, өміріңіз сіздің көзқарасыңыздың айнасы екендігін түсініңіз. Табыстың дұрыс алғышарттарын жасаңыз, – деген сынды көптеген пайдалы кеңесі бар бұл кітапты ақша тауып, оны үнемдеп үйренем десек, қаржы жағынан тәуелсіз болғымыз келсе, оқып шығуға әбден болады. Себебі, біз күнде ізденіс үстінде өмір сүруіміз керек. Өмір талабы сол.
Несиені неше пайызбен алып отырғандығын түсінбейтін адамдар қаншама?! Банк қызметкерінің тіліндегі келсімшартты қарапайым халық арасында екінің бірі ұға бермейтіні тағы бар. «Маған несие шықты» деп қолындағы ақшаға риза болып, оны екі еселеп қайтаруын түсіне алмайтындар өз алдына бір төбе. Аянышты-ақ! Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыратын жұмыстар легі біздің қоғам үшін ауадай қажет. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары да ақсап қалмауы шарт.
PS: Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру кезек күтпейтін мәселелердің қатарына қосылған секілді. Қымбатшылық белең алып тұрғанда несиеге ұрынбай, алаяқтардың құрбанына айналмас үшін бір қоғам болып жұмыла білуіміз керек. Ол үшін «Amanat» партиясы мен «Halyk bank» бірлесіп қолға алған кіріс-шығысты есептеуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды, дұрыс мақсат қоюды үйрететін, халықтың қаржылық сауатын арттырып, әл-ауқатын жақсартуға негізделген «Қарызсыз қоғам» сынды жобалар ел арасында жиі өткізілсе, жаңа жұмыс орындарының қатары көбейсе, қосымша табыс табу мүмкіндігі артса дейсің. Еріншектіктен арылып, мақсатты ойлау жүйесіне халық болып бірге көшсек, ең бастысы, ақша туралы баяғыдан келе жатқан ұғымнан арылып, капитал деп қарауды меңгерсек, табысты ұлтқа айналарымыз сөзсіз. Бұған қоса «Дайын асқа тік қасық» сынды масылдықтан арылып, үнемділікке бет бұрсақ, несие оң шешім емес екенін түсінсек, табыс көзі көбейіп, еңбекке ынталылар қатары артса, біраз проблеманың бетін қайтарған болар едік.
Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА