Қазіргі таңда мобильді интернетсіз өмірді елестету қиын. Бір-бірімен хабар алмасу, ақша аудару, азық-түлік, керек-жарағын сатып алу, саудамен айналысу, сабақ оқу үшін де интернет керек. Сондай-ақ, онлайн жұмыс түрлері, онлайн оқыту да елімізде дамып келеді. Бір күн, тіпті, бір сағат мобильді интернетсіз жүру көптеген кедергілер мен қиындықтар тудырады. Осыған орай, халық тұтынатын мобильді трафик көлемі де, базалық станса саны да көбейді.
Өкіншке қарай, тұрғындар арасында арнайы мұнараларды орнатуға қарсылық көрсететіндер де бар. Мұны ғылымда радиофобия деп атайды, яғни, электр желісіне қатысты құралдардан қорқу. Бұл үрейдің тууы негізсіз емес. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия, одан әрі шегінсек, Семей полигонындағы радиациядан қатты зардап шеккен халықта мұндай қорқыныштың тууы орынды. Қонаев қаласының өзінде 4-шағынаудандағы 9 қабатты үй тұрғындары байланыс құрылғыларының денсаулықтарына зиянын тигізіп жатқанын, тіпті, өлім жағдайының көбеюіне осы құрылғылар себеп болғанын айтып, базалық стансаны алғызып тастаған. Осы сияқты жағдайлар облысымыздағы Қарасай, Балқаш, Талғар, Ұйғыр және Іле аудандарындағы ауылдарда да орын алған. Осы ретте, облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары Жандос Ақылдан базалық стансалар шын мәнінде қауіпті ме, радиофобияның бұлай өріс алуына не себеп болғанын сұрадық.
– Радиофобия – адамдардың мобильдік базалық стансалардан немесе басқа да электрондық құрылғылардан шығатын радиосәулелер өзіне зиян келтіреді деп қорқуы. Қазіргі таңда халықтың мобильді трафикті де, байланысты да қолдануы жылдан-жылға өсіп келеді. Осыған орай, тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін тиісті құрылғылар санын көбейту керек. Ауылдық жерлерде антенна діңгекте бөлек салынған, ал қалаларда биік ғимараттардың үстіне қойылады. Радиофобияның өріс алуына осы базалық стансалардың көптеп салынуы әсер етуде. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде жалған, негізсіз ақпараттардың таралуы радиофобияның өріс алуына себеп болып отыр, – дейді Жандос Қанатұлы.
Маманның айтуынша, тұрғындардың бір бөлігі базалық стансалар желісін кеңейтуге қарсы болса, осының салдарынан өзгелер байланыстан ажырап қалып жатыр. Цифрлық технологиялар басқармасына әртүрлі елдімекен тұрғындарынан операторлардың базалық стансаларын бөлшектеуге жәрдемдесу туралы шағымдар келіп түсетін көрінеді. Нәтижесінде «Билайн» операторлары төрт базалық стансаны алып тастаған. Сондай-ақ, сегіз құрылғысын орнатуға мүмкіндік ала алмауда. Бұл жағдай «Теле2» операторларында да кездескен. Нормативтік құжат бойынша, байланыс құрылғыларын салар кезде сол ғимараттың барлық тұрғындарының келісімі болу керек. Бұл мәселе Заң шығарушы органдар тарапынан қайта қаралу үстінде. Бірақ қазіргі уақытта, тіпті, бір тұрғын қарсылық білдірсе, базалық станса салынбайды.
Байланыс желілерін салу – ұзақ уақытқа созылатын процесс. Бір антеннаны салудың өзі 10 айдан астам уақытты алады. Діңгектің өзін салудан бөлек құжаттамалары жасалады. Солардың бірі – құрылғылардың адамға, жануарларға, қоршаған ортаға қауіпсіз екенін растайтын СЭС-тен берілетін рұқсаттама қағаз. Департамент тарапынан аталмыш бағандар мен байланыс операторлары орнататын мұнаралардың халықтың денсаулығына әсерін анықтау мақсатында радиотехникалық қондырғылардың жұмысына зертханалықаспаптық зерттеулер мен мониторинг жүйелі түрде жүргізіледі. Елімізде ұялы байланыс желісінің элементтері үшін электромагнитті сәуле тарату нормалары 10 мкВт/см2 құрайды. Бұл өзге елдермен салыстырғанда 10-20 есе төмен. Скандинавия елдерінде бұл норма – 100 мкВт/см2, АҚШ-та – 200 мкВт/см2. Яғни, Қазақстандағы нормативтер әлдеқайда қатаң және байланыс мұнараларының қауіпсіздігі кәсіби мамандар әзірлейтін қатаң нормалармен және стандарттармен реттеледі. «Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, базалық стансаның зиянсыз екенін дәлелдеген ғалымдардың зерттеу мақалалары көп. Бірақ халыққа бұл зерттеулерді айтып түсіндіру тиімсіз. Сондықтан біз салыстырмалы түрде мысалдар келтіре отырып түсіндіреміз. Мәселен, адам егер күн сәулесінде бір сағат тұрса, базалық стансадан шығатын радиацияда бір жыл тұр ғанмен бірдей әсер алады. Бірақ радиофобияның пайда болуына денсаулық мәселесінен бөлек мемлекеттік органдарға деген сенімсіздік немесе негізсіз тұжырымдарға сену жағдайы да әсер етеді. Байланыс Заңының 29-бабына сәйкес, байланыс операторлары желілерін дербес дамытады. Яғни, әкімшілік органдары оларға әсер ете алмаймыз. Мәселенің бәрі осында. Байланыс операторлары өз желілерін дамытуды бір немесе екі жыл алдыға оздыра жоспарлайды. Соған сай әрекет етеді. Үлкен әлеуметтік мәселелер туындаған кезде ғана біз оларға ұсыныспен шығамыз. Мысалы, биыл Ұйғыр ауданындағы Кепебұлақ ауылына әкімшілік тарапынан жасалған ұсыныс бойынша жоспардан тыс антенна қойылды. Былтыр заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Жергілікті бюджет тарапынан интернет жүргізуге мүмкіндік берілді. Аудан әкімдіктеріне тапсырма беріліп, қажеттілік туындаған жағдайда өзіміздің бюджеттен қаражат бөлініп, антенналар салуға құқығымыз бар», – деді Жандос Ақыл.
Облысымызда 2267 радиотехника қондырғысы бар. Сонда да интернет сапасына қатысты шағымдар көп екені жасырын емес. Мысалы, Қонаев қаласының өзін алып қарайтын болсақ, кейбір орталық көшелердің өзінде интернет сапасы нашар. Оған себеп болған да осы радиофобия мәселесі. Ол жерге базалық станса салуға тұрғындар қарсы. Адамдар тығыз орналасқандықтан, онда құрылғыларды көбірек салу керек. Ал шалғай аудандарда техникалық мүмкіндіктің жоқтығының да әсері бар. Мәселен, Райымбек, Кеген, Балқаш аудандарында базалық станса салу көп шығынды керек етеді. Сонымен қатар ол жерде халық саны да аз. Мобильді операторларға ол жерде базалық станса салу тиімсіз. «Осы мәселені шешу үшін спутниктік интернетті іске қосып жатырмыз. Бұрын интернет жылдамдығы секундына 8 Мбит болса, қазір 200 Мбитке дейін жетті. Яғни, ТОБЖ жылдамдығымен бірдей Starlink және OneWeb спутниктік құрылғылары қойылған. Қазіргі таңда нормативтік құжаттар жасалып жатыр. Алдағы уақытта аталған шалғай аудандардың бәрін спутниктік байланыспен қамтитын боламыз», – деді сала маманы.
Шалғай ауылдардан бөлек, елдімекендерді байланыстыратын күрежолдардағы интернет мәселесі әлі шешілмей тұр. Интернетті былай қойғанда, қоңырау шалуға да мүмкіндік жоқ. Егер оқыс оқиға орын алса, жағдай мүлдем қиындай түспек. Бұл туралы Жандос Ақыл: «Қазіргі таңда республикалық және облыстық күрежолдарды интернет желісімен қамтамасыз ету бойынша министрлікпен бірлесіп жасалған жол картасы бар. Онда облыстағы 12 нүкте белгіленген. Біз облыс тарапынан құжаттамасын дайындаймыз. Ал қалған қаражат, яғни, 90 %-ы республикалық бюджеттен бөлінетін болады. Осылайша байланыс жоқ нүктелерге құрылғылар орнатылады. Бұл – қазіргі кезде приоритетте тұрған мәселе. 2024 жылдың соңына дейін шешімін табатын болады», – деді.
Биыл қаңтар айында өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралған болатын. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ұлттық жобаның негізгі мақсаты халықты 100 Мбит/с деңгейінде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету екенін баяндады. Осылайша, 60 мың шақырым кабельдік телекоммуникация инфрақұрылымын салу арқылы 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамту жоспарланған болатын. Бұл жобаға өңірдегі барлық ауылдар енгізілген.
Радиофобия мәселесін шешу үшін жергілікті жерлерде әкімдіктер ауылдағы беделді қариялармен, ауылдың сыйлы азаматтарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, жоспар бойынша аудандарда брифингтер өткізіліп, бейнеүзінділер әлеуметтік желілерде жарияланған. Сала мамандарының айтуынша, БҰҰ-да интернет желісі электр тоғы, ауызсу немесе кәріз жүйесі сынды қажеттіліктермен бірдей деңгейде екені айтылған. Бұдан түйетініміз, сапалы интернетке деген сұраныс артпаса, кемімейді. Ал оған жетудің ең тиімді жолы – базалық станса салу. Мобильді интернет адамдарға көп жеңілдік әкелгенін, білім алып, әлемдегі барлық жаңалықтардан хабардар етіп, жаңа мүмкіндіктер ашқанын ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан жалған тұжырымдардан аулақ болып, бос үрей мен қорқыныштан арылу керек.
Гүлзат Байқонысова