23 қарашада Алматыға қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 500 мың доза мөлшерінде екпе жеткізілді.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда қызылша жұқтыруға қатысты эпидемиологиялық жағдайды жақсартудың шұғыл шаралары қабылданды. Халықтың арасында қызылша инфекциясымен сырқаттанудың көбеюінің алдын алу мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер бұған дейін егілгеніне қарамастан балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізу жөніндегі қаулыға қол қойды. Денсаулық сақтау министрлігі халықты иммундау үшін қосымша вакцина сатып алуды пысықтады.
«Жалпы, қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинаның 1,5 млн-нан астам дозасы сатып алынды. Келген вакцина жедел тәртіпте ҚР ДСМ СЭБК-нің бөлгеніне қарай өңірлерге жіберіледі. Бірыңғай дистрибьютор иммунобиологиялық препараттарды барлық GMP және GDP стандарттарын, сондай-ақ «суықтық тізбегін »сақтай отырып жеткізеді», – делінген хабарламада.
Вакцинациялау үшін «Serum Institute of India» шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚҚП) қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцинаны өндіруде олардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін ДДҰ алдын ала біліктілігі бар. Қызылшаға қарсы вакцина 60 жыл бойы қолданылып келеді және аурудың таралуын тоқтату үшін егіледі.
«Биыл елімізде, әлемнің көптеген елдеріндегідей, қызылшамен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлағаны байқалады. Қызылша – ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар өмір бойы қызылшаға өте сезімтал болып қалады және кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін», – деп ескертеді мамандар.
Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындар арасында қызылша жұқтыру деңгейін азайту мақсатында биыл 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундауды бастады.
«Бірінші кезекте 6 айдан 11 айға дейінгі балалар иммундалады. Желтоқсаннан бастап бұрын егілген, егілмегеніне қарамастан 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды, медицина қызметкерлерін (55 жасқа дейін), сондай-ақ профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарланып отыр», – дейді мамандар.
Елімізде жалпы қызылшаға қарсы профилактикалық егу жоспарлы түрде екі рет – алғаш баланың 12-15 айлығында, екінші – бала 6 жасқа толғанда жүргізіледі.