Іле ауданы № 24 лицейдің 8-сынып оқушысы Ақжол Нұрланұлы ерен ерлік көрсетті. 24 қараша күні Ақжол мінген 219-бағыттағы автобустың жүргізушісі кенеттен есін жоғалтып, талып қалған. Өзінің ғана емес, барлық жолаушылардың өміріне қауіп төнгенін түсінген батыл бала дереу іске көшіп, ойланбастан автобус рөліне жармасыпты. Сөйтіп, тежеуішті дер кезінде басып үлгеріп, барлық жолаушылардың өміріне төнген қауіпке тосқауыл қойған.
Ақжол – өнегелі отбасында ата-әже, әке-шешесі, бауырларымен бір шаңырақ астында өсіп келе жатқан, көпбалалы отбасынан шыққан үлгілі оқушы. Ол – әрдайым жасы кішілерге, қыздарға қамқор болып жүретін, ұстаздарға да құрмет пен ілтипат көрсететін тәрбиелі жан. Өз ісіне тиянақты, ақкөңіл, алғыр оқушымыздың осындай батыл қадамға барған жанкешті әрекеті әркімді тәнті етері сөзсіз. «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қазақ айтпақшы, мұндай шешімге жүрегінде түгі бар адам ғана бара алатыны айтпаса да түсінікті. Иә, Ақжолдың бұл ерлігін батылдық десек те, батырлық десек те жарасады. Ендеше осындай батыр ұлды тәрбиелеп отырған ата-анасы мен ұстаздарына мың алғыс айтсақ артықтық етпейді.
Әлеуметтік желілерде жұрт Ақжолдың атына түрлі ақ тілектер жаудыруда. «Міне, батыр бала», «Жарайсың, балам! Осындай жастар көп болсын! Өте дұрыс жасадың! Үлкен алғыс», «Нағыз бүгінгі күннің батыры! Жарайсың, Ақжол», «Сол аман қалған адамдардың ақ тілегі қабыл болып, 100-ге кел, өмірің мәнді де сәнді болсын! Ақжол, атыңа сай жігіт болдың ғой», «Мәрия Бейсетбайқызы тәрбиелеген әр балаңыз осындай абыройлы бола берсін», – деп бірауыздан жас батырды қолдап жатыр.
Айта кетейік, Іле ауданының әкімі №24 лицейге арнайы ат басын бұрып, Ақжол Нұрланұлының жағдайын сұрап, оқуда озат болуын тілеп, ноутбук сыйға тартты. Ол: «Біз сіз сияқты ержүрек шәкірттерімізді мақтан тұтамыз. Аудан ғана емес, бүкіл республикадағы ер азаматтарға үлгі бола білдіңіз. Қысылтаяң уақытта абдырамай, қоғамдық көлікті дұрыс бағындыра білдіңіз. Сізді тәрбиелеп отырған ата-анаңызға, ұстаздар қауымына шексіз алғысымды білдіремін. Осы ержүрек қадамыңыздың нәтижесінде адамдардың өмірін сақтап қалдыңыз! Сізге алдағы өмірде тек жақсылық пен сәттілік тілеймін», – деді.
Сынып жетекшісі Гүлсім Тілектесқызы: «Ақжол көпбалалы отбасынан шыққан. Сыныпта байсалды, өз ісіне ұқыпты, жауапкершілігі жоғары. Отбасында жеті бала. Болашақта тіс дәрігері мамандығына барамын деп отыр. Шәкірітіме ақ жол тілеймін!» – деп ағынан жарылды.
«№219 маршрут жиі мінетін қоғамдық көлігім. Жүргізушінің қиындыққа тап болғанын бірден сезіп, жүргізуші рөлін тез өз қолыма алдым. Ол жерде ойланып тұрудың өзі көп уақыт алады емес пе?! Осылай көлікті де, ішіндегі жолаушыларды да аман алып қалдық. Мен қаһарман емеспін, менің орнымда кез келген адам баласы осындай қадамға баратын еді. Көрсетіп жатқан сый-сияпаттарыңызға үлкен рақмет!» – дейді жас батыр.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы