Қазақстан үкіметі мен ArcelorMittal компаниясы ArcelorMittal Temirtau және ArcelorMittal Tubular Products Aktau кәсіпорындарын сату-сатып алу туралы басты келісімді аяқтады.
Қазақстан үкіметі мен ArcelorMittal халықаралық компаниясы қазақстандық «Qazaqstan Investment Corporation» (QIC) мемлекеттік тікелей инвестициялар қорының ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC металлургиялық кәсіпорындарының барлық акциясын сатып алу туралы келіссөздерді сәтті аяқтады. Бұл келісімнің аталған кәсіпорындардың келешегі және олардың орнықты дамуы үшін маңызы зор.
Келісім бойынша, QIC аталған кәсіпорындарды толық басқаруға алып, олардың қызметіне қатысты барлық жауапкершілікті мойнына алады. Келісімнен соң қос кәсіпорынның атауы өзгереді. Кәсіпорындарды 1995 жылдан бері басқарып, акцияларын иеленген ArcelorMittal Қазақстандағы металлургия және тау-кен өндірісі саласының дамуына айтарлықтай ықпал еткен.
Кәсіпорындардың жаңа қожайыны – Қазақстан үкіметі ArcelorMittal Temirtau және ArcelorMittal Tubular Products Aktau кәсіпорындарының бизнес жүргізу үрдісінің тиімділігін сақтау және жақсарту шараларын ғана қабылдап қоймай, тұрақты жұмыс істеуіне және жаңашылдық енгізуге барынша жағдай жасайды.
Келісім сомасы 286 миллион АҚШ долларын құрады. Бұдан ArcelorMittal-дың өз капиталы 800 миллион долларға азайды. ArcelorMittal басшылығы қызметкерлеріне олардың кейінгі 28 жылда кәсіпорынның дамуына қосқан үлесі мен жетістіктері үшін алғысын білдіріп, Қазақстанда өткізген кезеңнің маңызын атап өтті.
ArcelorMittal сонымен қатар «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына Қарағанды облысының денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы жобаларды қолдауға, оның ішінде Теміртау қаласының дамуына арнап 16 млрд теңге бөлді.