Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов тұрғындарға есеп беру кездесуін өткізді. Онда биылғы жылдың 4 айы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Шаһар басшысы өз сөзінде облыс орталығы мәртебесін алғалы бері қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанын айтты. Биылғы 4 айда 3,9 млрд теңгенің құрылыс жұмысы жүргізіліп, 9 мың 818 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Негізгі міндеттердің бірі де осы – халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Қалада 3859 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Қазіргі таңда 8, 10 шағын аудандарда 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда, нәтижесінде 180 пәтер пайдалануға беріледі. Одан бөлек, алдағы жылдардың еншісіне 60 пәтерлік 9 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Барлығы 31 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2024 жылы сатып алынған 85 пәтер бүгінгі күні тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне өтті. Бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын таба бермек.
Бас жоспарға сәйкес Қонаев қаласын 2027 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Бағдарлама бойынша биыл 51 жоба іске асырылады. Оның ішінде жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңарту, жол салу, инженерлік желілер тарту, шағын аудандар мен жолдарға күрделі жөндеу жүргізу, абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Электр энергиясының дефицитін төмендету үшін 4 жаңа қосалқы стансалардың құрылысы мен 2 жұмыс жасап тұрған қосалқы стансаларды реконструкциялау көзделген.
Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Қаладағы 10 елді мекеннің 9 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген немесе 99,8 пайызды құрайды. Алайда, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 80 пайызы тозған. Былтырдан бастап 8, 10 шағын аудандарын сумен қамту және кәріз желілерінің құрылысы жобасы іске асырылуда. Қаладағы «Гүлдер», «Қарлығаш» шағын аудандарының сумен қамту және кәріз желілерінің құрылысы жобалары іске асырылуда.
Келесі өзекті мәселе – кәріз-тазарту жүйесінің толық тозуы. Кәріз құрылысы жұмысы 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасына енгізілген. Жоба мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде іске асырылатын болады. Сондай-ақ, қаланың 2, 4 және 5 шағын аудандарын жылумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыс 74 пайызға аяқталды.
Қонаев қаласы бойынша газ желісіне 5343 тұтынушы қосылған, тұтынушыларды газбен қамту деңгейі 35 пайызды құрайды. Қаланы толық газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда.
Жол жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, 8,10 шағын аудандардың автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге жұмыстар 30 пайызға орындалды. Аяқталу мерзімі – биылғы жылдың 4 тоқсаны.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында 620 жол белгісін орнату, 2000-ға жуық жол белгілерінің тірегін бояу жүргізілуде. Сонымен бірге жол кедергілерін орнату және жол белгілерін сызу бойынша жұмыстар атқарылуда.
– Тұрғындардың сұрауы бойынша Қонаев-Сейфуллина көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылды. Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру жалғасады. Аталған жобаға бюджеттен 481 млн теңге бөлініп, 10 жоба іріктелінді, – деп жалғады сөзін қала басшысы. ؘ– Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылдан бастап қалада «Аула алаңдарын абаттандыру» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға сәйкес 33 аула алаңын абаттандырылмақ. Биыл бұл жобаны аяқтауға 245,3 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда «Спутник», №1 және 2 үйлердің 20 шағын аудан және Набережная көшесіндегі аула алаңдары жасалуда.
Туризм саласын дамыту мақсатында № 5 су қоймасының жағажай аймақтарын абаттандыру жобасы аяқталды. Сонымен қатар «Қапшағай су қоймасының жағалауын абаттандыру» жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру жалғасуда. Биыл аталған жобаға 481 млн теңге бөлініп, 10 жоба ілікті.
Көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеттерін жөндеу жұмысы жалғасуда. Қаладағы 295 көпқабатты тұрғын үйлердің 40-ының шатырын ауыстыру, ал 165 үйдің сыртқы жағын жаңарту қажет. Ол үшін 801 млн теңге бөлінді. 11 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын, 17 үйдің қасбетін жөндеу жоспарлануда, – деді Асхат Ермекұлы.
Кездесуге қатысқан тұрғындар өз тараптарынан қаланы абаттандыру, газдандыру, вандализм мәселелері бойынша сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды.
Алма Есенбай