Қазір келесі жылға газетке жазылу маусымы қызу жүріп жатыр. Осы науқанға байланысты «Жетісу» телеарнасының «Ойсарап» бағдарламасы таяуда «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек ҚҰныпияұлынан әріптестік қолдау көрсету қолдау көрсету ниетімен сұхбаттасқан еді. Бағдарлама жүргізушісі Бекен Әлирахым алған сұхбат баспасөзге жазылудан бөлек, журналистика саласының өткені, бүгіні мен болашағына да арналады.
– Кәдірбек аға, қош келдіңіз! Газеттеріңіздің ашылғанына қанша уақыт болды? Қалай дегенмен жаңа басылым, қандай қиындықтарды бастан өткердіңіздер?
– Газеттің ашылғанына бір жылдың ар жақ, бер жағы өтті. Қаңтар айына дейін Жетісу облыстық «Жетісу» газетінің ішіндегі бір қосымша ретінде шығып келді де, былтырғы қаңтар айынан бастап осы Қонаев қаласында жеке басылым ретінде Алматы облыстық қоғамдық-саяси газет – «Алатау арайы» деген атпен оқырман қолына тие бастады.
– Газет неше бет? Аптасына шығу жиілігі қалай?
– Аптасына үш рет таралады. Сенбілік нөміріміз түрлі түсті бояумен сегіз бет болып басылады. Сонда сол сегіз бетті қоссақ, аптасына төрт рет деуге келеді. Қазіргі жағдайда күнделікті газет есебінде десек, қателеспейміз. Халықтың қолына күнделікті тию керек. Өкінішке қарай, «Қазпоштаның» алыс ауылдардағы қызметінің жетімсіздігіне байланысты кейде аптасына бір рет барып жатады. Ауданның түкпірлерінен «Әйтеуір аптасына бір рет жинап әкеліп бергеніне разымыз» деген хабар алып отырамыз.
– Осы мәселені сұрағым кеп отыр еді. Өйткені мен білетін республикалық газеттер облыс орталықтарындағы баспаханаларға тапсырыс беріп, сол жақтан шығарады да, оқырман қолына кешікпей жетеді. Бізде аудандарда, тым құрыса, Есік, Қаскелең, Ұзынағаш, Талғар өңірлерінде шағын баспаханалар жоқ па? Егер тапсырыс беретін болсаңыздар, тасымал арқылы ұтасыздар ма?
– Өкінішке қарай, ондай мүмкіндік жоқ. Біздің өзіміз «Алматы – Болашақ» баспаханасымен келісімшартқа отырғанбыз. Солардың Талдықорғандағы бөлімшесінен шығарамыз. Баспаханадағылар түнімен басады да, таңертеңгісін осы Қонаевқа, Алматыға жеткізеді. Аудан-аудандарға, ауылдарға тарай бастайды.
– Түсінікті. Қазіргі таңда редакциядағы мамандарыңыз жеткілікті ме? Аудандарда меншікті тілшілеріңіз бар ма?
– Бұл енді біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Бұрын, мысалы, «Жетісу» газетінде штатта 46 адам болған екен. Бұл өте жеткілікті болатын. Енді облыс бөлініп, қаржы әлі жөнді қалпына келіп, қарастырылмай жатқан жағдайда қазір тек «Алатау арайында» және «Огни Алатауда» штаттық қызметкерлер саны – 25 адамнан. Бұл – шығармашылық топ, техникалық қызметкерлер, корректор, дизайнерлер бар дегендей, бәрін қосқандағы көрсеткіш. Тілшілер аз. Шамалары жетіңкіремей жататын кездер болады. Жеті ауданда жеті меншікті тілшіміз бар. Келесі жылы екі ауданға екі бөлек және Балқаш өңіріне толық штат мәселесін шешіп алсақ деп отырмыз. Өйткені әр ауданда бір-бір тілшінің жұмыс істегені бізге де, оқырманға да пайдалы болар еді.
– Қазіргі заманда газеттер үшін ең басты проблема – таралым. Ашылғалы бері қанша таралым жинап үлгердіңіздер?
– Бұл мәселеде біраз қиындық көрдік. Мұның себебі облыс екіге бөлінгеннен кейін «Жетісу» газеті атауына байланысты Жетісу облысында қалды да, біздің Алматы облысының сонау баяғыдан келе жатқан төл аудандары, төл оқырмандарының бәрі «Жетісу» газетіне жазылды. Өйткені «Жетісуға» үйреніп қалған. Жаңа атаумен шығып жатқан «Алатау арайы» газетіне жазылуда осы жағынан қиыншылық туындады. Бірақ жыл басынан жүгірудің, журналистердің халықпен хабарласуының, кездесулер өткізуінің арқасында 7000 таралым жинадық. Бұл – жылдың басындағы, осы 2023 жылғы көрсеткіш. Өзіңіз білесіз, көбі жоспардан шығу үшін алты айлыққа ғана жазылады. Алты айдан кейін таралым түсті. Қазір 4800-5000-ның төңірегі. Осы 5000-ға қанағат тұтып отырмыз. Енді 2024 жылға 10000-ға жақындап алсақ деген арманымыз бар. Сол орындалса, Құдайға шүкір демекпіз.
– Енді, аға, басылымға жазылу басталар тұста барлық газет басшылары, меншікті тілшілер ел аралап, үгіт-насихат жүргізеді емес пе? Сіздер де әріптес ретінде осы сәтті пайдаланып, болашақ оқырманға, қазіргі оқырманға, бүкіл Алматы облысының тұрғындарына, жалпы газетсүйер қауымға құлағдар етсеңіз болады.
– Өте дұрыс болар еді. Бір жылға жазылу бағасы – 8000 теңге. Қазір сіз кез келген супермаркетке 10 000 теңгемен кірсеңіз, оны тауысып шығасыз. 10 000 теңгеге бір апталық, тіпті, 4-5 күнге жететін азық-түлік алатын шығарсыз. Ал 8000 теңгеге бір жылға жазылсаңыз, «Алатау арайына» немесе «Огни Алатауға», қазақ тілді, орыс тілді оқырман бар десек, бір жыл бойы аптасына үш рет үйіңізге рухани азық барып тұрады. Облыстың бүкіл қоғамдық-экономикалық, саяси тірлігінің бәрі осы қос газеттің бетінде. Кез келген оқырманның хаттарын біз бейтарап тастамаймыз. Оны я билік орындарына құлағдар етеміз, я газеттің бетіне жариялаймыз. Сондықтан 8000 теңгеге бір жылдық рухани азық соншалықты қымбат емес деп ойлаймын. Оқырман осыны түсінетін шығар.
– Тұрақты хат келеді дейсіз, тұрақты авторларыңыз да қалыптаса бастаған шығар? Қазір оқырман тартудың түрлі тәсілдері шығып жатыр ғой. Ұтыстар ойнатады, бағалы сыйлықтар беру арқылы жазылуға үгіт-насихат деген секілді. Ондай тәсілді қолданып көрдіңіздер ме?
– Бір жылдың көлемінде біз соншалықты бір ұтыс жариялайтындай экономикалық ахуалымыз түзелді деп айта алмаймын. Шындықты мойындау керек. Құдай бұйырса, енді келесі жылға ондай үлкен жоспарлар бар. Өйткені жарнама тартудың өзіне халыққа танымал болу керек. Жаңа өзіңіз айтып жатқандай, таралым өскені жөн. Сол аралықта жарнама тарту бері қарай бетбұрыс жасаса, болашақта ұтыс ойнату, тағы басқа түрлі конкурстар ұйымдастыру жоспарланған. Биылға ондай конкурстар жасай алмадық. Бірақ жергілікті меншікті тілшілеріміз, өзіміз аттың үстінде жүрміз. Күн сайын бір аудан, екі аудан аралап, шапқылау, халықпен жүздесу, әкімдермен, әкімнің орынбасарларымен, ішкі саясат, пошта басшыларымен кездесу біздің негізгі тірлікке айналды.
– Істеріңізге сәттілік тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісін, нәтижесін көріңіздер. Енді өзіміздің журналистика саласына ойыссақ. БАҚ-ты төртінші билік дейді. Шын мәнінде солай ма?
– Бұл кеңес жылдарында болған. Ал қазір қалды. Өйткені төртінші биліктің рөлін жаңағы өсек-аяңға құмар, сары басылымдар, олар да қалмады ғой, блогерлер алды. Өйткені халық ең оңай байланыс құралы телефонды қолына алады да, әлеуметтік желіге үңіледі. Қазір әлеуметтік желіге еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін байланып қалды. Әлеуметтік желі не деп жатыр екен деп кіреді. Материал жазып, жүктеген автор, мысалы, ешқандай сөзіне жауап бермейді. Тіпті, фейктер бар ғой кәдімгі, фейк аты-жөн қойып алады да, мынандай ауданның әкімі мынандай нәрсе істеп жатыр деген өсек құлағына жеткен, соны бұрқ еткізеді. Елдің бәрі бір мезетте ананы оқығаннан кейін шу ете қалады. Ананы естиді де, әкім ішкен шайына шашалып қалады. Сөйтеді де блогер келді десе, алдарында зыр қағады. «Өйткені өсек тарап кете ме, мен туралы бір жаман нәрсе кетіп қала ма?» деген үрей мемлекеттік қызметкердің бәрінің миында атойлап тұр. Ондай нәрсе шыға қалмаса екен дейді де, блогерлердің жұртқа таныла бастаған біреулеріне ақша төлеу арқылы өздері туралы жақсы нәрсені жаздыру, жаман нәрсені жасырып қалу үшін жанталасады. Себебі белгілі – осы үрей. Егер ол әкім жақсы қызмет істейтін болса, несіне үрейленеді? Қызметін көрсетіп, әп-әдемі жүре бермей ме?! Осы бір өзінің қызметінде қалуды ғана ойлайтын шенеуніктік пиғыл блогерлердің нағыз іздеген тұсынан табылды да, «төртінші билік» толықтай болмаса да, жалған блогерлер, өсек-аяңға құмарларға қарай ауыңқырап кетті. Мысалы, сөз арасында айта кетейін, Ресейде медиа полиция қызметі іске кірісе бастады. Жаңағы өтірік, өсек, фейк тарататындарды кәдімгі заңмен қудалауда. Осының бәрін қабылданғалы жатқан Масс медиа туралы Заңда қарастырса, содан дейін аудан-аудандарда желдің өтінде, елдің шетінде жүрген журналистердің бейшара хәлін сол заңда жан-жақты қарастырса деген арманымыз бар. Мәжілісте, өзіңіз білесіз, біздің әріптестеріміз, газеттің ыстығына күйген, суығына тоңған талай азаматтарымыз отыр. Соларға үлкен сенім артамыз. Тіпті, осыған дейін Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңда ешқандай журналистің мүддесі қорғалған жоқ. Төртінші билік деп айтпай-ақ қояйық. Жеңілдіктер қарастыру әшейін сөз жүзінде ғана болды. Шерағаң айтпақшы, журналистердің қазір жегені – жантақ, арқалағаны – алтын. Жанат Ахмадиев ағамыздың «Сиыр баққанды сүттен қаққан оңбайды» деген сөзі бар еді. Шынын айту керек, билік сиыр баққан байқұстарды сүттен қағып отыр. Енді біздің жағдайымызға келгенде мен жылағандай болмайын. Жаңа жерге келіп, жаңа Қонаев қаласына орналасып жатырмыз. Әлі басымызда ғимарат жоқ. Әйтеуір, бір жерді жалға алып отырмыз. Журналистердің көбі, тіпті, бәрі дейікші, пәтер жалдап, үйсіз-күйсіз жүр. Кейбіреулері, астында көлігі барлар Алматыдан барып-келіп істейді. Бірақ көңілдерінде үлкен сенім бар. Қонаев үлкен қала болады, өркендейді, іргесінен Алатау деген қала түседі деп жоспарланған. Осыларды көріп, бірінші болып халыққа жеткізіп отырмыз. Ұжымды болашаққа деген үлкен сенім, үміт алып келе жатыр.
– Кәдірбек аға, қазіргі қазақ журналистикасында сыни жанрлар бар ма? Баяғы кезде фельетон, памфлет шыққан күні бүкіл бір облыс дүр сілкінетін еді.
– Фельетон деген қалды. Памфлет те қалып бара жатыр. Анда-санда саяси памфлеттерге өзіміз тапсырыс беріп, авторларға, болмаса өзіміздің журналистерімізге жаздырамыз. Бірақ осы жанрлардың қалып бара жатқаны өкініш тудырады. Сын материалдар жазылып жатыр. Дүр сілкінбесе де, өз басымнан өткен бір оқиғаны айтайын. «Огни Алатаудың» бас редакторы Зәбира Дайранқызы және мен аудандардың біріне басылымға жазылу мәселесімен бардық. Ауданның әкімі жоқ екен. Идеологияға жауап беретін орынбасары қарсы алды. Кіріп барып едік, кабинетінде үйге киетін тәпішкемен жүр. Кәдімгі аяқ-киімі жоқ, үйде жүретін сияқты, тәпішкесін салпаңдатып шықты. «Ой, бұл біздің міндетіміз емес қой», – деді салған жерден. Мұғалімдерді мәжбүрлемеу керек деген әңгіме шыға салып еді, оны бүкіл бюджет қызметкерлеріне айтылған дүниедей қабылдап алды да, «жоқ, біз мәжбүрлемейміз, айтпаймыз, міндетіміз емес, әркім өзі ғана жазылу керек» дегенге сілтеп тастап, бүкіл республика бойынша газет-журнал таралымы күрт құлады емес пе?! Осыдан да газеттің ықпалы азая бастады. Жаңағы орынбасар, сөйтіп, тәпішкемен қарсы алып, «біздің міндет емес» дегеннен кейін мен келе салдым да газетке, бас редактор бағанына осыны сын мақала ретінде жаздым. Біраз шенеуніктер шу ете қалды ертесінде. Қорқыныш пайда болды бәрінде. «Мыналар бұлай сынай бастаса, ертең бізді де сынайды ғой» дегендей ой қалыптасты. Біз күлдік те, қойдық. Жоқ, бұдан да зорғысын жазамыз. Өйткені газет сынамаса, ел қалғып бара жатыр, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан газетте сын жүру керек. Бірақ кейін естуім бойынша, жаңағы әкімнің орынбасары бәрін түсінген, жігіттер арқылы сәлем айтыпты. Барып кешірім сұраймын, сіздердікі дұрыс деген сөз айтыпты. Осындай сын газетке керек. Ал жаңағыдай сыртымыздан бақылап, қарап отырып, «бұларға сын жазуға еркінсітпеу керек» деушілер әлі бар. Өйткені қорқыныш бар бойларында.
– Жаңағы шенеунікке кештеу болса да, ақыл кірген екен. Өзіңіз айттыңыз, шын мәнінде, біз заңмен де дұрыс қорғалған жоқпыз, әлеуметтік қызметкер емеспіз, не дәрігер емеспіз, не полиция емес, не әскери емеспіз, қоғамда қадіріміз жоқ. Болашақта өзіңіз де айттыңыз, әріптестеріміз Парламенттің қабырғасында отыр, мәселені көтерер деген ниеттеміз. Қазір жеке басылымдарда, БАҚ-тарда жұмыс істейтін тағы бір өзіміздің әріптестеріміз «Жалпы біздің қоғамға БАҚ қажет пе?» деген пікір де айтады. Сонда егер қажет болмаса, мемлекеттің идеологиясын кім жүргізеді?
– Міндетті түрде БАҚ керек. Мысалы, әкімнің үлкен қаулысы болады, көлемі де үлкен газеттің бірнеше бетіне кететін, тіпті, көпбалалы аналарды марапаттау туралы Президенттің Жарлығы бір беттен екінші бетке ауыстырылып, бірнеше бетке жариялап жатамыз. Мұның бәрі құжат қой кәдімгі. Бұл тігілу керек, бұл тарихқа кетуі керек, архивке кетуі керек, құжат түрінде сақталуы керек. Оны сайттар қалай сақтайды? Сайттар ертең бір мезетте қандай да бір апатты жағдайлар туындаса, күйіп кетуі мүмкін, оны ешқайдан таба алмайсыз. Тіпті, ондай жағдайлар тарихта болды талай мәрте. Электр жүйесіне ақау келетін болса, бүкіл электрондық дүние күйіп кетуі ғажап емес. Сондықтан мемлекеттік басылым, мемлекеттік газет-журналдар міндетті түрде халыққа да, билікке де керек. Бізде қазір газет тек орта жастан асқан, зейнет жасындағыларға ғана керек сияқты. Сондықтан газетке қарай қоғамды тарту керек. Мұғалімдер өздері жазылмағанымен қоймай, оқушыларға, білім беріп отырған шәкірттеріне оқуды үйретуден қалып бара жатыр. Өйткені Құдай атқан әлеуметтік желі деген қазір үлкенді де, кішіні де жаулап алды. Осы орайда бір мысал айта кетейін. Қызмет бабымен де, жолдастардың шақыртуымен де Түркияға жиі барып тұрамыз. Таңертеңгісін олардың дүңгіршектерінде газеттер тұрады, соны алып алады да, шайды ішіп отырып, газет оқып отырған адамдардан көз сүрінеді. Бір көшенің бойы тұтас газет оқумен отырады. Кезінде Жапония да, Америка да осы электрондық басылымдардың, әлеуметтік желінің шабуылын басынан өткізіпті. Бірақ қайтадан қалпына келіп, газетке бет бұра бастаған. Күнделікті шығатын газеттер күнделікті шығып жатыр. Бұл да бір тарихтың айналмалы, өтпелі кезеңі деп есептейміз. Әлеуметтік желі де ертең қалады. «Отқа келген қатынның отыз ауыз сөзі бар» дейді. Әлеуметтік желі сол, таңертең тұрып ашып қалсаң, бірінен-біріне өтіп, отыз ауыз сөзді тауыса алмай отырасың. Ертең халық бұдан да жалығады. Газетке бетбұрыс болады деп сенемін.
– Бір кездері журналистика факультетінің тарихында мен алғаш рет «Электронды БАҚ – журналистиканың алтын ғасыры» деп диплом қорғаған едім. Ол кезде Темірғали, Аязби, Намазалы ағаларымыз бар. Сол кезде «Міне, ғаламтор келді, сайт келді, газет-журналдар қолданыстан шығады» деп айтылып жатты. Тіпті, телевизия саласы да үшінші орынға өтіп кетуі мүмкін делінді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Жоқ, мұнымен келіспеймін. Осы «Мәскеу көз жасына сенбейді» деген фильмде ме еді, сонда телевизияда қызмет істейтін біреу бір дастарқан басында: «Ой, мына театр, кино, газетжурнал дегеннің бәрі қалады. Болашақ тек телевизияның қолына көшеді», – деп айтатыны бар. Ондай ештеңе де болған жоқ. Газет газет күйінде, журнал журнал күйінде, баспа, кітап, осының бәрі өз міндеттерін атқара береді деп ойлаймын. Сондықтан газеттің, журналдың, телеарнаның болашағына сеніңіздер демекпін. Мысалы «Мұқағали» журналы қазір облыстың әдеби-мәдени басылымына айналып жатыр. Өзіміздің басылымнан бөлек, «Мұқағали» журналына, орыстілді оқырмандарымызды «Огни Алатау» газетіне жазылуға шақырамын. Біз әрқашан оқырман талап-тілегінен шығуға тырысамыз.
– Блогерлер деген «құдіреттілер» туралы арнайы сұрақ бар еді. Енді оны сіз нақты айтып өттіңіз. Біздің олардан айырмашылығымыз кәсіби журналистік этиканы аттамаймыз. Барлық тарапты сөйлету міндетімізге кіреді. Сонда арба да сынбайды, өгіз де өлмейтінін жақсы білеміз.
– Сөзіңізді толықтыра кетейін. Кез келген хабар, ақпарат бізде, мысалы, газет жағдайында, сіздерде де солай шығар деп ойлаймын, әуелі бөлім меңгерушісінің, соның қарамағындағы журналистің қарауынан өтеді. Одан кейін редактордың орынбасары бір қарайды да, газетке беріліп, шығып бара жатқанда бас редактор оқиды. Газетке қол қойылады. Сондықтан бір шашау шыққан, біреудің ар-ұятына, намысына тиіп кететін сөз болмауы – осының бәрі қадағаланады. Тіпті, оған дейін корректор оқиды. Корректорлар грам матикалық қателер, пунктуацияларын тексеріп, талаптардан өткеннен кейін барып, соңғы мезетте бас редактор қол қояды, кезекші редактор қол қояды, содан кейін оқырманға жол тартады. Оның ішінен, мысалы, бір қылау таппайсыз. Сондықтан, соттасу сияқты даулы дүниелер газеттерде өте сирек. Ал жаңағы электрондық басылымдарда, блогерлерде ондай нәрсе жоқ. Оның үстінен қарайтын, жауап беретін адам жоқ. Нәтижесінде, жеке адам өзі қожа, өзі би. Содан неше түрлі жағдай болады. «Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы» дейміз бе? Жеке адам отыра беріп ойына келгенін жазуы мүмкін. Сондықтан журналист пен блогерлікте көп айырмашылық бар.
– Аузына келгенін айтып, кешірім сұрайтындар да көбейіп кетті. Енді бүгінгі таңда мерзімді баспасөз, яғни, газеттердің проблемасы, әттеген-айлары қандай? Бар ма?
– Әрине, бар. Таралым құлап жатыр, журналистердің көптеген мәселесі шешілмей жатыр. Осының бәрі болашақта Масс-медиа туралы Заңда қарастырылып, Үкіметтің, билік иелерінің журналистерге деген көзқарасы өзгеретін шығар деп сенеміз.
– Телевизия саласындағы кемшіліктерді айта кетсеңіз. Меніңше, салмақты бағдарламалар азайып, оның орнына жеңіл-желпі, кілең шоу-бизнес, той-думан қаптап кеткен секілді. Осындай дүниенің барлығы жастарға тәрбие беруде кері әсерін тигізе ме?
– Екі бастан, мұны өздеріңіз де біліп отырсыздар. Министрлік осыған орай бір үлкен кешенді бағдарлама ма, бір үлкен дүние қабылдауы керек. Мен қазір теледидар қарай алмайтын болдым. «Қалаулым» дейсіз бе, тағы бірдеңелер, қосылайық, ажырасайық дейтіндер, студияда отырып, бір-бірінің бетін жұлуға ұмтылатындар, төбелесеуге ұмтылатындар, осының бәрі жастарға қандай тәрбие береді?! Қазір «Абай ТВ»-ны ғана қараймын, оның тарихи, эстетикалық бағыты ұнайды. Сол арқылы ұлтқа үлкен тәрбие беріп жатыр. Ал жаңағындай көрерменді көбірек тартамыз деген ниетпен арзан ойын-сауыққа құмар телеарналар жауап беруі керек. Мұны министрлік қадағалағаны жөн. Телеарналар рейтинг жинаймыз деп кәдімгі блогерлер мен арзанқол сайттардың екінші түріне айналып кетті. Сондықтан теледидар деген ол үлкен тәрбие құралы ғой. Бұған жауапты министрліктер, жауапты билік өкілдері өте сыни тұрғыдан қарап, шара қабылдауы тиіс.
– БАҚ – мықты идеологиялық құрал. Мемлекеттің ұстанымын, бүкіл саясатын жүргізетін журналистердің рөліне тоқтала кетсеңіз.
– Журналистердің рөлі бұл тұрғыда өте жоғары. Өйткені кез келген билік өкілін сөйлетіп, оның алдағы жоспарлары, мемлекеттің халыққа істеп жатқан қызметінің бәрін жеткізетін алтын көпір – осы журналистер, баспасөз құралы. Сондықтан әр журналист өзін мемлекеттік шенеунік пен оқырман, халық арасын байланыстырушы ретінде сезіну керек те, үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеуі керек.
– Иә, рас айтасыз. Кәдірбек Құныпияұлы, ой-пікір алысып, жақсы бір сұхбат құрғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Таралымдарыңыз мыңдап өсе берсін деген тілектеміз. Оқырмандарыңыз көбейе түссін!
Сұхбаттасқан – Бекен ӘЛИРАХЫМ («Жетісу» телеарнасынан 2023 жылы 28 қараша күні кешкі сағат 18:30-да шыққан «Ойсарап» бағдарламасының газетке басылған нұсқасы)