Іле аудандық әкімдігінің үлкен залында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша FSM Social цифрлық платформасының таныстырылым-семинары өтті. Оған Іле ауданы мен Алатау қаласының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, ішкі істер, мәдениет және ақпарат, туризм және спорт бөлімдері қатысты. Шараның мақсаты – FSM Social цифрлық платформасын енгізу арқылы әлеуметтік саладағы қызметті жеңілдету, қызметкерлердің жұмысын автоматтандыру және халықпен тиімді өзара іс-қимылды жолға қою.
FSM Social платформасын енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын және жаңа цифрлық құралмен жұмыс істеу жолдары, мүмкіндіктері, қолдану тәртібін түсіндіруге арналған семинарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы Фарида Сағындыққызы, аталмыш кеңсенің өңірлік үйлестірушісі Тимур Мұратов және FSM және SOCIUM жүйелерін сүйемелдеуші мамандар, сонымен қатар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының арнаулы әлеуметтік қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Ләйлә Оразбаева қатысты.
Семинарды ұйымдастырушылардың бірі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Серікбайқызы өз сөзінде: «Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, Бірыңғай цифрлық платформа аясында әлеуметтік қолдау шараларын автоматтандыру және тиімді іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың мамандарын оқыту көзделген. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобы Алматы облысы аумағында «FSM Social» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша семинар-тренинг өткізуде. Семинардың мақсаты – өңірлік деңгейде мемлекеттік қолдау тетіктерін цифрландыруды жеделдету және жаңа платформа негізінде ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру. Аталған іс-шараға міндетті түрде қатысуы тиіс аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарлары, округ және ауыл әкімдері, полиция, білім және денсаулық сақтау салаларының басшылары қатысып, өз ақпараттарын толық алды», – деді.
FSM Social цифрлық платформасының жұмысының бір тармағын түсіндіре кетсек, ол арқылы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесі жеңілдей түскен. Бұл жүйе атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде отбасылардың материалдық жағдайына зерделеу жүргізетін учаскелік комиссиялардың жұмысын автоматтандыру мақсатында әзірленіп отыр. Ол платформаға атаулы әлеуметтік көмек қана емес, тұрмыстық жағдайы төмен, көпбалалы, толық емес отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жаңашылдықтар енгізіліп отыр. Соның ішінде учаскелік комиссиялар мен мектеп қабырғасындағы әлеуметтік педагогтардың жұмысы автоматтандырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап «FSM Social» мобильдік қосымшасын қолданысқа енгізді. Осыған байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде мамандар арасында арнайы оқытулар өткізуде. Бүгінде қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, еңбек мобильді және мансап орталықтарының, ауылдық округтерден 40-қа тарта маманы қатысып, жаңа қосымшаның тетіктерін үйренуде.
Айта кетейік, бұл мобильдік қосышаны жеке азаматтар пайдаланбайды. Тек учаскелік комиссияның құрамына беріледі. Нақтылап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш түскен кезде тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ, мансап орталығы, портал арқылы өтініш береді. Өтініш қабылданғаннан кейін учаскелік комиссияға отбасын зерделеуге тапсырма беріледі. Бұрын мұның барлығы қағаз түрінде болатын. Енді бұл жүйе автоматтандырылғандықтан, көмек туралы ақпарат пен жүйеден округтегі учаскелік комиссия төрағасына сигнал түседі. Оны қосымша арқылы басқа да комиссия мүшелері қарап, растайтынын немесе келісім бермейтінін қолтаңбасын қою арқылы жібереді. Ең соңғы шешімді уәкілетті орган – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері шығаратын болады.
«Біз оқыту семинарынан FSM Social цифрлық платформасы туралы көп мағлұмат алдық. Алдағы уақытта жаңа жүйені қолдану арқылы жұмысымызды жеңілдетеміз деген ойдамыз», – дейді семинар қатысушысы, Өтеген батыр ауылындағы №24 лицей басшысы Зохидам Төреходжаева.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсынытар мен пікірлер ортаға салынды. Мамандар жүйені тиімді қолдану жолдарын үйретіп қана қоймай, жергілікті мобильді топтардың жұмысына серпін беретін тың идеялармен бөлісті.
Бүгінгі қоғамда қиын жағдайға тап болған отбасыларға уақытылы және жан-жақты көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Ал бұл саладағы жұмыстардың цифрландырылуы өз кезегінде көмек көрсету жүйесінің сапасы мен жеделдігін арттырады. «FS Social» платформасының енгізілуі – осы бағыттағы тың серпілістің, жаңа бетбұрыстың белгісі. Ең бастысы, бұл жүйе отбасының нақты мәселесін кешенді түрде шешуге бағытталған. Бұл – жай платформа емес, өмірді өзгертетін құрал. Себебі цифрлық шешімнің ар жағында адамның тағдыры тұр. FSM Social – дер кезінде берілген бір сигналдың бүтін бір отбасының болашағын өзгертуі мүмкін екенін алға тартады. Ал оны жүзеге асыратын – дәл қазір осы платформаны меңгеріп жатқан жергілікті мамандар. Демек, әр сигналдың артында үміт, әр әрекеттің түбінде жауапкершілік бар.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы
