1986 жылы желтоқсанның 11-і күнгі Саяси бюроның мәжілісінде зейнетті демалысқа шығуыма байланысты мені қызметтен босату туралы шешім қабылданды. Ал желтоқсанның 16-сында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумы болды. Оны өзім ашып, КОКП Орталық комитетінің хатшысы Г. Разумовскийге сөз бердім. Ол менің зейнетті демалысқа шығуыма байланысты Саяси бюроның шешімін оқып беріп, маған тілегін айтып, ыстық ықыласын білдірді.
Орталық Комитеттің бірінші хатшылығына Г. Колбинді сайлады. Пленум жұмысының соңына қарай мен оған қатысушыларға бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып істеген жұмыстары үшін өз алғыс-сезімімді жеткізіп, табыс тіледім. Орталық Комитеттің мүшелері құрмет көрсетіп, ду қол шапалақтап, қошеметпен шығарып салды. Г.Разумовский Пионерлер сарайын (қазіргі Оқушылар сарайы), В.Ленин атындағы сарайды (қазіргі Республика сарайы), халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін аралады. Уақыттың тапшылығына байланысты көрменің бас павильонын көруге ғана мұршасы келді. Сағат бірде Мәскеуге ұшып кетті. Орталық комитеттің хатшысы кеткен соң, Г.Разумовскийді шығарып салуға әуежайға келген Орталық комитеттің бюро мүшелерімен түгел қоштасып, үйге қайттым.
Желтоқсанның 17-сі күні сағат 11-ге қарай маған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы О.Мирошхин телефон соқты. Орталық комитетке келуімді өтінді.
– Жайшылық па? Мен зейнет демалысындамын ғой, – деп едім, ол: «Алаңға бір топ жас жиналды. Олар кеше өткен Орталық комитет пленумының шешімін дұрыс-бұрыстығын білгісі келеді. Талабы сол. Жиналғандардың алдында сөйлеп, істің мән-жайын түсіндіріп берсеңіз дұрыс болар еді», – деп жауап берді.
– Жақсы, – деп және мынаны сұрадым: «Колбин келісе ме бұған?»
О.Мирошхин телефон тұтқасын Колбинге берді. Ол Орталық комитетке келіп, жастар алдында сөйлеуімді өтінді. Мен келісімімді бердім. Табан астынан жиналып, айтқан жерге бардым. Бірінші хатшының кабинетіне кірсем, бюро мүшелері түгел жиналып, алаңға жиналғандарға не істеу керектігін ақылдасып отыр екен. Колбин екі адамға – Назарбаев пен Камалиденовке жастар алдында сөйлеуді ұсынды. Маған сіз былай етсеңіз қайтеді деген тапсырма болмады. Колбиннің кабинетінде бақандай екі сағат, тіпті одан көп уақыт тапжылмай отырдым. Басын аша кетейін, менің сөз сөйлеуім туралы әңгіме көтерілген жоқ. Сосын Колбин Мәскеумен байланысып, әлдекіммен сөйлесе бастады. Әңгімесіне кедергі болмайық деп, О.Мирошхиннен басқамыз сыртқа шығып кеттік. Араға аз-кем уақыт салып, Колбин барлық бюро мүшелерін жинап, оларға қосып мені де шақырды. Кірген бойда ол маған:
– Сіз боссыз, демала беріңіз. Біз өзіміз-ақ тиісті шара қолданып, тәртіпке келтіреміз, – деді.
Мен шығар алдында О.Мирошхиннен:
– Не үшін шақыртты, неге сөйлетпедіңіздер? – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді:
– Ақылдаса келіп, сізге алаңға шығып сөйлеуіңіздің қажеті бола қоймас деп шештік.
1987 жылы маусым айында Мәскеуде өткен КОКП Орталық комитетінің пленумында маған алаңға шығып, сөз сөйлеуге рұқсат етпегенін О.Мирошхин тағы да растады.
Күндізгі сағат бірден аса Орталық комитеттен оралдым. Дәл сол кезде Горбачев телефон шалып:
– Жастардың бұлай алаңға шығуын немен түсіндіруге болады? – деп сұрады.
– Қазір республика басшылары Орталық комитетке жиналып, кеңесіп жатыр, – дедім.
– Олар сізге баяндайтын болар. – Мұны кімдер ұйымдастыруы мүмкін?
– Маған ұйымдастырушылар белгісіз.
– Жақсы, біз реттеп, шара қолданамыз. Тәртіп орнатамыз.
Горбачевтің соңғы сөзі – осы. Ал белгілі ақын Мұхтар Шахановтың комиссиясының деректері бойынша 1986 жылы 17 желтоқсанда жастарды ұрып-соғу тәулік соңына қарай басталып, ол желтоқсанның 18-і күні де жалғасқан. Әйтсе де, арада біраз уақыт өткен соң Колбин сөз сөйлеген жерінде аузы-басы қисаймай мені алаңға жиналғандар алдында сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартты деп айыптаумен болды.
Сөз жоқ, шыбығы шырпылмай, қылауына қыл түспей тұрған адам бет-аузы бүлк етпестен өтірік айтады деп кім ойласын? Ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің барлық мүшелерін, күллі коммунистерді және республика еңбекшілерін түгел иландыруға ұмтылды. Сөйтіп, оның мені жамандаған жалған сөзі ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына кетті. Ел алдындағы менің беделімді түсіру арқылы өз ұпайын түгендеуге ұмтылды. Қара қылды қақ жарған әділ болып көрінудің адам айтқысыз қитұрқыларына барды. Ең бастысы, аңқау елге арамза молдадан бетер жұртшылықты адастырып бақты. Бірақ уақыт кімнің кім екенін көрсетіп берді. Кейін анық көз жеткізгеніміздей, Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы ешкімнің арандатуынсыз болған жөне одан ұлтшылдық ауылы алыс жатыр еді. Мен имандай сенетін бір жай – жастар Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республикада жан баласына белгісіз және беделі шамалы біреудің сайлануына қарсы шықты, одан басқа оларда зәредей бөтен ой болған жоқ.
Менің естуімше, республиканың бірдебір басшысы алаңға шыққан жастарға пленумның мән-жайын дұрыстап түсіндіріп бере алмаған. Оның орнына олар «мұздай қаруланған» милицияны, әскерді қарсы қойып, жиналғандарды аяусыз жазалаған. Қаншама студент пен жұмысшылар жазықсыз жапа шекті. Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің мәліметіне қарағанда, оқиғаға қатысқаны үшін немесе оларды қолдағаны үшін бірнеше мыңдаған студент оқу орындарынан шығарылған, көбісі оқуды тастап кеткен. Комсомолдар мен коммунистердің қалың тобына жазалау сипатындағы шаралар қолданылған.
Енді бәрі алақанға салғандай, жағдайды бақылап, тәртіпке келтіру міндеті жүктелген жауапты адамдардың шалағайлығынан халық осындай қасіретке душар болды. Қыршын жастардың төгілген қаны үшін, он екіде бір гүлі ашылмаған жүздеген қыздар мен жігіттерді жазықсыздан-жазықсыз соққыға жығып, тұтқындалғаны үшін кім жауап беруі тиіс? Бұл сұрау белгісін талай адамның тұсына баттитып қоюға болады. Әңгіме мынада: «мұздай қаруланған» милицияны қаптат деген кім, әскерді төк деген кім, қақаған аязды күні су шаш деген кім, адам түгілі арыстанға шапқандай қабаған иттерге талат деген кім, жүзі айбалтадан бетер саперлік күректермен бет-жүзіне қарамай сабаңдар деген кім? Кім осының бәріне әмір берген, кім жоқ жерден ылаң салып, айбарын асырғысы келген? Әрине, төменнен емес, жоғарыдан екені және даусыз. Бірақ ол кім? Гәп осында. Сол «күнәһарларды» Орталық комитеттің Колбин бастаған басшылары жатпай-тұрмай шырақ алып іздеді, жайданжай іздеген жоқ, бар кінәні соған аудара салып, өздері жауапкершіліктен дін аман құтылып кеткісі келді.
Ешқандай қатысым болмағанына қарамастан, «Алматы оқиғасын» басты ұйымдастырушылардың бірі деп мені нысанаға алды. Түп етектен шап беріп ұстаудың небір айла-шарғысы жасалды. Алақанына түкіріп қойып «Әп, бәлем, қолға бір түсерсің» деп емексігендердің бірі – Колбиннің өзі. Оқиғаның өршіп, осыншалықты белең алуына ең басты себеп Конаевтың алаңға барып, жастар алдында сөйлемеуінен дегенге иек артумен болды. Жиналыс сайын қайталауының бір сыры осында еді. Тек бұл ғана емес, республика партия ұйымының өмірінде орын алған қандай келеңсіз құбылыс болса, соның бәрін жиып-теріп әкеп, тек менің соқа басыма үйіп-төгуге тырысты. Бір ши шықса, тап осы жерден шығар деп үміттенді.
Жоғарыда айтқанымдай, 11 желтоқсанда Саяси бюро менің зейнетті демалысқа кетуім туралы шешім қабылдады. Дәл осы күндері мен Алматыда едім. Соған қарамастан Колбин өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай ғып бөспесі бар ма?! Оның айтуына қарағанда, мен Саяси бюродан Қазақстанға қалайда Орталық комитеттің бірінші хатшылығына ұлты орыс адамды ұсынуды және оны тек республикадан тысқары жерден алып баруды сұраппын. Бұл мүлде шындыққа жанаспайды. Колбиннің кезекті өтіріктерінің бірі. Оны Гейдар «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында толық растап берді. 1987 жылдың басында КОКП Орталық комитетінің пленумы өтті. Оған мен қатысқаным жоқ, әйтсе де зейнетті демалысқа шығуыма байланысты Саяси бюро мүшесі міндетінен босату туралы шешім қабылданды. Келесі маусым айындағы пленумда Горбачевқа түскен біржақты және ақылға қонбайтын жөнсіз айыптаулардан кейін мен КОКП Орталық комитетінің құрамынан шығарылдым. Ал бізде қалай болды дейсіз ғой? Колбин бастаған топ барын салды. Шала байлап жібермей көңілдері көншімеді. Пленум шешіміне Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып істеген кездегі елеулі кемшіліктері үшін Орталық комитеттің құрамынан шығарылсын деп көрсетті. Онысына да мақұл. Ұзындағы өшін, қысқадағы кегін қайтарсын-ақ. Бірақ олар мұнымен де тынбады. КОКП Орталық комитетінің атышулы «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы» Қаулысын бетке ұстап, ілік табар жерге түгел жармасты. Менің қызметімде іш тартушылықтың өркен жайғаны, ұжымдық шешімнің болмағаны, сыбайластықтың орныққаны айтылады. Төңірегіне кіл қызмет бабын теріс пайдаланған әлдекімдерді жинап алған деп кінәлады. Тіпті мен кінәлі-ақ болайын, бірақ бүкіл халықтың, қазақтың не жазығы бар? Соны түсіне алмай-ақ қойдым.
Менің Қазақстан Компартиясының да, КОКП-ның Орталық комитеттерінің құрамынан шығып қалуыма ең басты себеп – 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы. Осыған байланысты КОКП Орталық комитеті асығыс әрі шикі Қаулы қабылдады. Қазақстанда естіген ел күлгендей ешқандай ұлтшылдық болған жоқ және оған еш негіз де жоқ еді. Сондықтан республика жұртшылығы, біз ғана емес, біздің халқымыздың табиғатын түсінген барша ел аталмыш Қаулыны қолдамады. Неге десеңіз, Қазақстанда жағдайды әділетсіз бағалағаны үшін ғана емес, сондай-ақ қазақ халқын қорлағаны үшін мойындамаған-ды. КОКП Орталық комитетінің бұл Қаулысы жұртшылықтың заңды талап етуімен, дәлірек айтқанда, елдің қысымымен 1990 жылы сәуір айында өз күшін жойды.
Желтоқсан оқиғасы өткеннен кейін үш жыл бойына мені және менің жақындарымды қуғындаумен болды. Ол үшін ар-ұяттан безген журналиссымақтар мен ғалымсымақтарды айдап салып, екі кісі бас қосқан жерде жамандап, сөз сөйледі, газет беттерінде кұлаш-құлаш «сын» материалдар жариялады. Қолынан келген қонышынан басадының керін келтірді. Олар шімірікпестен тілдеуге дейін барды. Мені «таптап» өтіп, күллі республика тарихына қара күйе жақты. Шынтуайтына келгенде, республикада тамаша істер мен ерлікке толы жеңістер жетерлік еді. Республикада ауызды қу шөппен сүрткендей тоқырау болған жоқ. Оған Қазақ КСР Статистика жөніндегі мемлекеттік комитетінің деректері дәлел.
Колбин ақылы алқымынан аспайтын кісінің тірлігін жасады. Келе сала тебінгіден тер, қабырғадан қар жаудырды. Республиканың 30-40 жыл бұрынғы тыныстіршілігінен мүлде бейхабар болса да, жер табандатудан танбады. Онысын тұлыпқа мөңіреген сиырдай көріп, күлгендер де табылды. Баспасөзде, теледидарда, пленумдарда алақұйындатып сөйлеген сөздерінде бесенеден белгілі фактілер бұрмаланып, далаға лағатын.
Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын Колбин және оның айтқанына көніп, айдауында жүргендер әлдебір ұлтшылдардың айдап салуымен болған «жанжал» деп бағалады. Ал КСРО Халық депутаты М. Шаханов басқарған беделді комиссия: «Қазақ жастарының бой көтеруінде ешқандай ұлтшылдық жоқ, бұл – олардың азаматтық және саяси көзқарасын емін-еркін білдіру құқы», – деп, мүлде басқаша, бірақ әділ қорытынды жасады. Комиссия жүздеген, тіпті мыңдаған жас жігіт пен қыздарды тым-тырақай қуып, өлімші қылып сабап, қамауға алдырған, онымен қоймай, соттатып, қуғын-сүргінге ұшыратқан дем берушілерді яки тікелей кінәлі адамдардың атын атап, түсін түстеп берді. Беделден жұрдай болған бұл адамдарды бұдан былайғы жерде қазіргі отырған қызметінде қалдыру лайықсыз деп тапты. Соған қарамастан бұл мәселе әлі де болса терең талдауды, індете зерттеуді, әсіресе, бас пайдасы үшін, беделіме нұқсан келмесін деп, жастардың намысын таптаған, арын аяққа басқан, өз қылмысын бүркеу үшін талай жігіт пен қызды қапас-түнекке салған кейбір басшылардың жымысқы әрекеттерін әшкерелеуді қажет етеді. Бұл сол кездегі бүкіл елдің және республиканың тізгінін ұстаған «кісілерге» тікелей қатысты. Елдің қанын мойнына жүктеген жандар, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір халық алдында жауап берулері керек.
Колбин қалай кетті, солай қаптаған қара бұлт сейіліп, шуақты күн нұрын шаша бастады. Адам ажал келмесе, ақпан соқса да, тоқпан соқса да, өлмейді екен. «Алтын жағаң болса да, жаға менен жең керек, асқан батыр болсаң да, ағайын мен ел керек» деген ескіден қалған сөз бар. Елді пір тұтып, арқа сүйеп едім, адаспаппын. Жабыққан күндері жаныма желеу, көңіліме демеу болды.
Дінмұхамед ҚОНАЕВТЫҢ «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабынан 1993 жыл