Қонаев қаласының Мәдениет үйінде архив қызметкерлері күніне орай «Архив – тарихымыздың темірқазығы» деп аталатын мерекелік іс-шара өтті.
22 желтоқсан – Архившілер күні кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараға архив саласының мамандары, тарихшылар мен зерттеушілер қатысты.
Архив – шаң басқан құжаттардың жинағы емес, ол алдымен тарихтың негізі, өткеннің ескерткіші. Ешбір тарихшы дерек, құжатсыз тарихи жаңалық ашып, тұжырым жасай алмайды. Архив болмаса адамзаттың өткенге көз жіберуі, бүгінгіні түсінуі, ертеңгіні жасауы мүмкін емес.
Мерекелік іс-шара Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиевтің архив саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтау сөзімен ашылды.
“Мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор тарихты сақтайтын іргелі мекеме – архив. Ал сол архивтегі әр құнды құжатты мұқият жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ететін шын жанашырлары – архив қызметкерлері. Тарихты қоғамдағы адамдар жасаса, оны қаттап, қағазға түсіріп, сақтайтын архив мамандары. Дерексіз тарих болмайды. Сондықтан тарихты түзіп, сақтауда сіздердің еңбектеріңіз ерен. Бүгінгі төл мерекелеріңіз құтты болсын”, – деді Данияр Әлиев.
Ол 2020 жылы 22 желтоқсанның архив қызметкерлері күні болып белгіленуінің өз тарихы барын айтты.
«1998 жылы дәл осы күні елімізде тұңғыш рет Ұлттық архив қоры туралы заң қабылданған болатын. Кәсіби мерекенің белгіленуі архив мамандарының мерейін өсіре түсті», – деген басқарма басшысы келесі жылы облыс орталығы Қонаев қаласында орталық архив ғимараты, кітапхана салынатынын жеткізді.
Бұдан соң сөз алған тарихшы, ҚазҰУ Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Талдыбек Нұрпейіс ғалым Сапар Байжанов «Архив Айғақ» деген кітабында халықтың тарихын, жадысын сақтап қалудағы архившілердің ерен еңбектері туралы жазғанын айта келіп, тарихшылар атынан архив қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Қазақ халқында бертінге дейін тарихи деректер ауызша жеткізіліп келді. Бұл бізде архив болмаған дегенді білдірмейді. Жүз томдық «Бабалар сөзі» қазақ халқының жадының мықтылығынан осы күнге мұрты бұзылмай жетті. Мұнда бесік жырынан бастап батырлар жыры, жоқтау жырына дейінгі дерек халықтың жадысында жазылып қалған», – деді Талдыбек Әліұлы.
Қазір Алматы облысында 10-нан аса мемлекеттік архив жұмыс істеп тұр. Онда 127 маман қызмет етеді. Архив мамандарының мәліметінше, мекемелерде жалпы саны 3 мыңға жуық қор, 900 мыңға жуық сақтау бірлігі тіркелген. Кейінгі жылдары қолға алынған цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«Қазіргі таңда цифрландыруға байланысты электронды архив деген бағдарлама бар. Ол арқылы бізде бар құжаттың 0,6%-ын цифрландыра аламыз. 2020 жылдан кейін сканерлік апараттарды ала бастадық. Бұл жұмыстар “Архив – 2025” жобасы аясында іске асып жатыр, – деді Алматы облысының мемлекеттік архиві бас директорының орынбасары Айгерім Қырықбаева.
Мерекелік шарада облыстың архив саласындағы жаңа бастамаларды іске асыруға өзіндік үлесін қосып жүрген сала мамандары марапатталды. Алматы облысының мемлекеттік архиві, аудандық архив қызметкерлері «Архив саласының үздігі», Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, Қазақстан Президенті архивінің Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Алматы облысының мемлекеттік архиві Ұйғыр аудандық филиалының ұжымы «Үздік филиал» деп танылып, 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен қатар облыстық архивтің бірнеше қызметкері әрқайсысы 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты.