Шетелде оқу, әлем аралау – көпшіліктің арманы. Бірақ, өз-өзімізге деген сенімсіздік, қаражаттың жетіспеушілігі, қорқыныш осы арманымыздан бас тартуға мәжбүрлеуі мүмкін. Бұған дейін «Академиялық мобильділік» бағдарламасы туралы естіген боларсыз.
Атаулы бағдарлама студенттерге халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Оның мақсаты – халықаралық стандарттарға сәйкес қазақстандық жоғары білімнің сапасын қамтамасыз ету. Қарапайым тілмен айтқанда, студенттер семестр немесе оқу жылы көлемінде шетелдегі университеттердің бірінде тәлім алып, тәжірибе жинайды.
Академиялық мобильділіктің артықшылықтары:
• Нетуоркиң (адамдармен танысу, байланыс орнату);
• Саяхат;
• Бәсекелестік қабілеттердің дамуы;
• Тұлғалық даму.
«Академиялық мобильділік» талаптары:
• Әдетте, тек 2-3-курс студенттері қатысады. Өйткені бірінші курста жалпы білім беретін пәндер оқытылса, оқытудың соңғы курсында студенттерден өндірістік тәжірибе мен дипломдық жұмысты жазу талап етіледі;
• Күндізгі бөлімде оқу;
• GPA баллдың жоғары болуы;
• Ағылшын тілінде сертификатта (B2 және одан жоғары) дәлелденгендей еркін сөйлей білу;
• Мүмкіндігінше IELTS, TOEFL сертификаттарының болуы.
Қажетті құжаттар.
(ред. Әрбір ЖОО талабы әртүрлі болуы мүмкін, толығырақ өзіңіздің ЖОО ресми сайтынан біле аласыз).
• GPA бағаларыңыз жазылған қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі транскрипт;
• Өтініш хат;
• IELTS, TOEFL сертификат (мүмкіндігінше);
• Портфолио;
• Мотивациялық хат;
• Паспорт көшірмесі.
Іріктеу кезеңінен өткен кандидаттардың тізімі серіктес университетке жіберіледі. Бұл кезекте, қабылдаушы ЖОО өзіндік таңдау талаптары болады: онлайн сұхбат/IELTS, мұғалімдердің ұсыныс хаттары, т.б.
Егер сіз Қазақстанда бюджеттік (грант) бөлімде оқысаңыз…
ҚР ҒЖБМ-нің академиялық ұтқырлық (мобильділік) бағдарламасы – студенттерге шетелдік университетте семестр бойы оқуға мүмкіндік береді. Министрлік грантқа екі жаққа ұшу сапары, 120 күндік жатақхана, медициналық сақтандыру және визалық шығындар кіреді.
Ақылы бөлімде оқысаңыз, онда барлық шығындарды өзіңіз төлейсіз.
Менің тәжірибем
Дәл қазір Латвия астанасы Ригадағы Мәдениет академиясында (Latvian Academy of Culture) оқимын. Осында қыркүйек айында Erasmus+ бағдарламасымен келдім. Бұған дейін шетелге шығып көрмегендіктен, бойымда қорқыныш, үрей сезімдері басым болды. Одан қалмаса, сабақ үлгерімім түсіп, шәкіртақыдан айырылып қаламын ба деген ойлар да болды.
Басында үйренісе алмадым, тіпті ағылшынша білетін сөздерімді де айтуға ұялатынмын. Латвияда көбісі орыс тілін білгендіктен, тек сол тілде сөйлейтінмін. Қазақстанда ағылшынша еркін сөйлесем, мұнда келіп кімнен қысылып жүргенімді білмедім. Мұғалімдердің, топтастарымның акценттеріне үйренісе алмай, қиналғаным бар. Бірақ, 2-3 апта көлемінде ортаға толық бейімделіп, олармен қалжыңдасып, еркін сөйлесе бастадым.
Сабағыма келетін болсақ, мен мұнда 5 пән оқимын: Contemporary Art and Art Market, Graphic Design, Movement Class Inspired by Fighting Monkey Practice, Experimental Filmmaking және Frame and Shooting Methods. Қазақстандық университеттерден айырмашылығы – практиканың көп болуы.
Мысалы, Photoshop-пен жұмыс жасау, авторлық қысқаметражды фильмдер түсіру, Art Performance қою, т.б.
Frame and Shooting Methods сабағы.
Мұнда шетелдік студенттерді ерекше құрметтейді. Академиямыздағы ақылы іс-шараларға тегін билеттер, академия атынан тегін түскі, кешкі ас. Қазан айында Сигулда қаласына пойызбен барып, hiking-пен айналысқан жайымыз бар. Академия бізге екі жаққа билет кұнын, түскі асымызды толық төлеп берді.
Sigulda қаласы. Hiking
Латвия азаматтары сондай ақкөңіл, мейірімді. Әрдайым көмек қолын созуға дайын. Семестр басында маған сабақ берген профессорларым барынша ортаға сіңісіп кетуіме жол көрсетіп, қолдауларын аямады.
Бірақ, мұнда азық-түлік бағалары жоғарырақ, дегенмен жеңілдіктер картасымен арзанырақ сатып алуға болады.
Одан бөлек, қаланың орталығында қалта ұрыларына тап болған жайым бар. Жерасты жаяу жүргіншілер жолында арқамдағы сөмкемді ашып, қолын салып үлгерді, бағыма орай, ішім сезіп артыма бұрылдым.
Егер шетелде оқып, саяхаттағыңыз келсе, міндетті түрде бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. Есесіне сіздің ой-өрісіңіз кеңейеді, әлемнің түкпір-түкпірінен достарыңыз болады. Керемет емес пе?!
Baltic sea жағалауы. Jurrmala қаласы.
Аружан Мусабекова,
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 3-курс студенті.
Лицензия № KZ70LAA00035607