Алматыда бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай еске алу іс-шарасы өтті. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, іс-шараға марқұмның көзін көргендер, түрлі саяси партиялар мен қозғалыстардың өкілдері, жазушылар, қоғам қайраткерлері мен белсенділер қатысты.
Еске алу жиынына қатысқандар Заманбек Нұрқаділовтің Қазақстанның дамуы мен елдің көркеюіне қосқан үлесі туралы айтып, жүрекке жылы естеліктерін бөлісті. Жиында сөйлегендер онымен қызметтес болған кездегі атқарған жұмысы туралы айтып, елімізге Заманбек Нұрқаділовтей мықты саясаткерлер керегіне тоқталды.
Іс-шараға арнайы келген Қазақстан Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы хатын оқып берді. Мемлекет басшысы хатында Заманбек Қалабайұлын тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен тұғырлы тұлғалардың бірі деп атады.
«Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз.
Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын.
«Тарих – таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатында.
Заманбек Нұрқаділов әр жылдары Алматы қаласын, Алматы облысын басқарды, Парламент Мәжілісінің депутаты, Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарды.
2005 жылы 12 қараша күні Алматыда өз үйінде денесіне үш рет оқ тиіп өлген күйі табылды. Ресми мәлімет бойынша, екі оқ кеудесіне, бір оқ басына тиген. Тергеу оны «өз-өзіне қол жұмсады» деп таныған.