Екі күн бойы қар жауды. Өтеген батыр кенті – ірі елдімекеннің бірі. Алматының «артериясымен» бірге. Осы қантамыр Қонаев қаласына да өтеді. Осындайда біздің Өтеген батыр кентінің әкімі бар ма екен деп ойлайсың кейде. Жоқ сияқты.
Жоқ деуімнің себебін айтайын. Желтоқсанда бір қар жауды. Бір апта малтақтадық. Сырғанадық. Көктайғақ болды. Айналайын, оңтүстіктің ауа райы, осы әкімдердің ашылайын деген абыройын жапқыш! Селдетіп қарғын жүріп, еріп кетті. Міне, қаңтарда екінші қар жауды. Кешеден бергі қардан көліктер жүре алмай, доңғалақтары тағы да шыр айналып жатыр. Жетіген, болашақ Алатауға қарай Өтеген батыр кентін қақ жарып өтетін күрежолда көлік тығыны пайда болады. Тығын таң емес-ау, көліктен түссең, омбы қарға күмп ететінің таң!
Өтеген батырда айналдырған екі көше негізгісі: Н.Титов және барлық автобус маршруттары, «Дамудың» жүк көліктері өтетін, ескіше айтсақ, Николаевка трассасы. Осы екі көше не күрелмейді, не құм, тұз себілмейді! Дауласып қажеті жоқ. Біздің Өтегеннің әкімін осы кезде жоқтаймыз. «Қарағым-ай, қиылып жолыңа қарадым-ай» осы кезде айтылады.
Ол өзі тікұшақпен жүреді-ау шамасы. Сені қар жауған кезде балағаттамайтын адам жоқ, қарғам. Өтірік болса, өздері айтар. Айналдырған екі көшеңнің бірін облыс сыпырып, күрейді екен. Сен ана тротуарларыңды тазалатып, күретіп қойсаңшы. Жоқ, Құдаймен байланысып, қашан ерітіп жібересіз деп күтіп отырсың ба?
Қар екі айда екі-ақ рет жауды. Ештеңе істемедің. Бұрнағы күні №219 автобус маршрутының соңынан жүріп отырдым (көлігіммен), айналайын облыс күреп кетіпті. «Ас тана» дүкенінен №219 Қарасу – 1-ге бұрылды. Заулап кетті. Біз Қарасу – 2-ге бұрылдық та, асфальтты жапқан қалың қарға малтақтап қалдық.
Ана сауда орындарыңның территориясын күредіңдер ме деп, тексеруге өзің қолың тимесе, «мүридтеріңді» жіберіп қойсаңшы. Аспан ашылып келеді. Қар ериді. Тазалау онда қажет емес. Менің айтайын дегенім де мынау: Өтегенге қардың еруін күтіп отыратын әкім керек емес. Басқа жақтан кемсің бе? Қаржы бар. Анау Райымбек ауданында, менің туған ауылымда, Қаратоғанда тротуар бар. Қошқар деген ауылдың әкімінің маңдайынан сүйгенім бар риза болып! Кішкентай, тұйық көшелеріне дейін асфальттап тастапты. Сенің арғы жағың – Қонаев, бергі жағың – Алматы. Әлде шам жарығы түбіне түспей ме?
Мен өзіңді танымаймын. Сен де мені танымайсың. Арыз-құрызды жаным сүймейді. Міндетіңді атқарсаңшы. Осы екі күндегі Өтеген батырдағы жол-көлік оқиғаларын қосып, репортаж жасайтын журналист емеспін. Бәленбай балабақша, бәленбай мектебің бар. Олардың қауіпсіздігін ұйымдастыру деген осы – жолды ашу, күреу, құм төгу. Әлде бұл әкімнің құзыретіне кірмей ме?
Биғайша Медеу,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Іле ауданы