Алматы облысының тұрғындары өз құқықтарын қорғауда белсенділік таныта бастады. Мұны өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне түскен шағымдардың күрт көбеюі дәлелдейді. Жыл басынан бері мекемеге 3,5 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе көп көрсеткіш.
Департамент басшысының орынбасары Ермек Абикеновтің айтуынша, бұл көрсеткіш заңбұзушылықтың көбейгенін емес, халықтың құқықтық сауаттылығының артқанын білдіреді. Тұрғындар сапасыз тауар немесе нашар қызмет үшін ақшасын қайтарып алуға болатынын жақсы түсіне бастаған. Ең жиі шағымданатын салаларға электронды сауда, онлайн-хабарландырулар, тұрмыстық және білім беру қызметтері, сондай-ақ коммуналдық сала кіреді.
Департамент мамандарының жүйелі жұмысының нәтижесінде 8 ай ішінде облыс тұрғындарына 63 миллион теңгеден астам қаражат кері қайтарылды. Ең бастысы — бұл мәселелердің басым бөлігі сотқа жетпей, тараптардың өзара келісімімен, сотқа дейінгі реттеу форматында шешілген. Мамандар әрбір шағым бойынша тұтынушыларға шағым түсірудің тәртібін түсіндіріп, заңды тұрғыда көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, аталған кезеңде 139 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, талаптарды орындамаған кәсіпкерлерге 3,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Дегенмен, мекеме өкілдері басты мақсат — кәсіпкерді жазалау емес, тұтынушының бұзылған құқығын қалпына келтіру және нарықтағы заңдылықты сақтау екенін баса айтады.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға кез келген затты сатып алғанда немесе қызметке тапсырыс бергенде чекті, келісімшартты және төлемді растайтын барлық құжаттарды сақтауды ескертеді. Бұл — құқығыңыз бұзылған жағдайда ақшаңызды қайтарудың ең басты кепілі. Егер сіз де сапасыз тауарға тап болсаңыз, уақыт созбай бірден Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне аласыз.