Қонаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Самал, Ардагер шағын аудандарының жер иелерімен кездесу өтті. Жиында облыс орталығының шеткі аудандары қалай дамитыны жөнінде айтылды. Бұл туралы Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахметтің сөзінше, аталған аудандардағы жерлер 2006 жылы жеке тұрғын үйлер салу үшін берілген. Алайда, осы уақытқа дейін инженерлік желілер тартылмағандықтан, жер игерілмеген.
«Жоспарға сәйкес, Самал, Ардагер шағын аудандарында 18 трансформатор орнатылып, 33 шақырым электр желісі тартылады. Сондай-ақ 1000 текше метр көлемдегі су сиятын резервуар қойылып, 5,3 шақырым су құбыры жүргізіледі. Қазіргі таңда конкурс ойнатылып, мердігер компания анықталған. Серіктестікпен 2 млрд 816 млн теңгеге келісімшартқа отырдық. Құрылыс жұмыстары 15 ақпанда басталып, 2025 жылдың қаңтарында аяқталады деп жоспарланған», – деді әкім орынбасары.
Тұрғындар болса Мемлекеттік кірістер департаментінің игерілмеген жерге салық салғанына шағымданды.
“Инженерлік желілер тартылмағандықтан, жерді игеруге мүмкін болмады. Оған қоса, департамент салық салды”, – деді халық бірауыздан.
Жиналған жұрттың бұл сұрағына Алматы облыстық МКД-нің басқарма басшысы Олжас Отар жауап берді. Айтуынша, үй салынбаған жерге “Азаматтарға арналған үкімет” Мемлекеттік корпорациясының ұсынған мәліметіне сай салық салынған. ҚР Салық кодексінің 505-бабына сәйкес, Қонаев қаласында жеке тұлғалардан алынатын жылжымайтын мүлік салығы шаршы метріне 6,75 теңгені құрайды.
Басқосудан салық мамандары әр тұрғыннан түскен арыз-шағым, өтінішті жекелей қарайтын болды. Бұл шешім тұрғындар тарапынан қолдау тапты.
Ал қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет екі шағын аудандағы инфрақұрылымды дамыту шаһар басшылығының бақылауында болатынын айтты.