«Менің атым – Қожа». Адам өміріндегі қайталанбас ыстық кезеңге сапарлатып, ғажайып әлемге апаратын туындыны білмейтін оқырман кемде-кем. «Балалық шаққа саяхат» талай жанға таңғы шықтай мөлдірлікті танытып, періште пәктікті сездірген. Бала бейнесі арқылы адамзат бойындағы нәзік иірімдерді кестелеп, адам жанындағы асыл қасиеттерді өрнектеген жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» романы да күллі әлемді сүйсінтті.
Иә, биыл қазақ әдебиетінің мәртебесін биіктетіп, мазмұнын байытқан Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 100 жыл! Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған, қаламы құдіретті жазушының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіні оның шығармаларының мәңгі өлместігін тағы да дәлелдеді. Тұмса табиғатымен танымал Тәңіртаудың етегінде дүниеге келген тұлғаның есімі ерекшеленіп, Қонаев қаласының төрінде ұлы тойдың кіндігі кесілді. Қазақтың көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың құрметіне арналған әдеби-сазды кеш Қонаев қалалық Мәдениет үйінің кіреберісіне қойылған көшпелі мұражайды тамашалаудан басталды. Дәлізде балалар әдебиетінің бәйтерегіне деген сағыныш сазы сезіліп, оның шығармаларына тән асқақтық рухы менмұндалады. Қаламындағы қарапайымдылығымен халқының жүрегіне жол салған жазушының рухына бас иген қонақтар қарасы тым қалың. Меймандар арасында Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақын-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин, публицист, Қазақстан Жазушылар одағы деректі проза кеңесінің төрағасы, профессор, академик Марат Тоқашбаев, Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан және басқа да қаламгерлер мен өнер адамдары болды.
Қазақ әдебиетінің қайталанбас қара нарына арналған шара шымылдығын облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ашып, ұлт руханиятын әлемге танытқан тұлға жайлы тебірене толғады. Ол қаламгердің тамаша туындылары әлі де жас буынның кәдесіне жарап, рухын жанып, өмірге деген құлшынысын арттырып, әділдік үшін күресуге үндеп келе жатқанын мақтанышпен жеткізіп, ЮНЕСКО көлемінде дүркіреген ұлы тойды ең алдымен жазушыға деген, тұтастай алғанда, елге деген үлкен құрмет екенін тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төл әдебиетіміздің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда біртуар тұлға Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойын туған өлкесінде жоғары деңгейде атап өтіп, жазушының шығармаларын және өнегелі өмірін ел арасында дәріптеп, есімін ұлықтау – біздің абыройлы міндетіміз, – деп Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы саябаққа Бердібек Соқпақбаевтың аты беріліп, жазушының еңселі ескерткіші бой көтеретінін қуана хабарлады. Сонымен қатар Нарынқолдағы Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназия ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтетінін, мектептегі жазушының музейі заманауи үлгіде жабдықталатынын, білім ордасының алдында орналасқан жазушының бюстін қайта жасау сынды бірқатар жұмыстар жоспарланғанын жеткізді. Марат Елеусізұлы шығармашылығы қасиетті қаламгерді дүниеге әкелген Қостөбе ауылының да абаттандырылып, инфрақұрылымы жөнделетінін айтты. Даңқты тұлғаның ұлы тойына деген тартулар мұнымен түгесіліп қалмайды. Облыс әкімі Бердібектей біртуар жазушыға құрмет көрсету туған ауданымен ғана шектелмей, облыс, республика көлемінде де үлкен істердің атқарылатынын ашып айтты. Ол қалың бұқара қолдаса, жүйелі жоспарлар іске асып, жазушыны ұлықтау ісі жоғары деңгейде жалғасатынын айтып, бірқатар жайдарман жаңалықтарды сөзіне қосты. Мерейтой аясында облыстық кітапханаға Бердібек Соқпақбаевтың есімін беруді ұсынды. Сондай-ақ, биыл Іле ауданы Көкқайнар ауылында 1500 балаға арнап салынған жаңа мектепті жазушының атымен атау жайы да айтылды. Облыс әкімі:
– Кеген ауданы мен Қонаев қаласындағы саябақтарға да қаламгердің есімі берілмек. Ол саябақтар балалар жазушысының атымен аталғандықтан, атауына лайық балалардың көз қуанышы болып, ойын алаңдары бар рухани орталыққа айналады деп сенемін. Облыс аумағындағы аудан орталықтарында, Қонаев және Алатау қалаларында көшелерді жазушы есімімен атау бойынша бастамалар бар. Оған жергілікті қоғамдастық мүшелері қолдау танытары анық, – деп жазушының рухани мұрасын дәріптеу жұмысы халықаралық дәрежеде жүргізілетінін сөзіне қосып, бірқатар шараларға тоқталып өтті. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойының аясында «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылып, тұсаукесері «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия мемлекетінің астанасы – Анкара қаласында өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыс аумағында орта білім беру мекемелерінің 5–11-сынып оқушылары арасында «Менің атым – Қожа» тақырыбында республикалық шығармалар байқауы және балалар жазушыларына арналған «Балалық шаққа саяхат» атты республикалық проза байқауы жарияланбақ. Жазушының өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттау мақсатында Астана қаласында «Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің классигі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, деректі фильм түсірілмек.
Келесі болып сахнаға көтерілген ұлы тұлғаның ұрпағы Самал Соқпақбаева әкесінің 100 жылдығын жазушының туған халқының тойына теңеп, оның ЮНЕСКО көлемінде ұйымдастырылғанына және соған атсалысқан ел Президентіне ризашылығын білдірді. Әдебиет саласында ерекше еңбек етіп, Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығын әлемге танытуда тері сіңген ақын-жазушыларға да алғысын айтты. Ұлы тойдың тұсаукесерін өткізіп, халықаралық қуаныштың шымылдығын ашқан Бердібектің туған халқына да ыстық пейілін арнап өтті. Өз кезегінде Марат Елеусізұлы асылдың сынығына гүл шоқтарын ұсынып, қазақы дәстүрден ажырамай, иығына шапан жапты.
Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы қазақ рухани кеңістігіндегі орны ерекше ұлы той екенін жеткізді. Ол XX ғасырда қазақтың ұлттық руханиятына ерекше үлес қосқан ұлы тұлғалардың көптігін, оның ішінде ұлы жазушы Бердібектің биіктігін айтып өтті.
Бердібек Соқпақбаев қазақтың прозасын жаңа деңгейге көтерді. Ол қазақтың біртуар перзенті, ұлы суреткерлерінің бірі, классик жазушы. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын шындықты шырқыратып жазуға арнап, қазақтың қайталанбас, ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән болмысын, бітімін әлемге танытты, – деп толғанды ол.
Келесі құттықтау сөзін алған ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Бердібектің бүкіл қазақ жазушысына ұқсамайтын ерекше қасиетін тілге тиек етті.
Ұлы жазушы өз заманында кеңестік жүйеге қарсы болды. Сондықтан шығармаларының денін балаларға арнап жазды. Ал балаларға арналған туындыда өтірік болмайды, онда тек қана сезім мен махаббат болады. Бұл кісінің ұлылығы осында, – деп көзінің тірісінде құрмет пен ықылас көрмеген жазушыны бүгінде бүкіл қазақ алақанына аялағанына алғысын жеткізді.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған құттықтауын жеткізді. Былтыр ЮНЕСКО-ның бас директоры арнайы Астанаға келіп, Президент қабылдауында болғанын айтып, араға үш ай салып, Франциядағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен 42-бас конференциясында Мемлекет басшысының ықылас-қолдауымен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын атап өту, атаулы күндер тізіміне енгізу туралы шешім қабылданғанын хабардар етті. Ақын Жанарбек Әшімжан ұлы жазушының бүкіл табиғатын танытатын Рымғали Нұрғалиевтің «Таудан түскен адам» деген эссесінен үзінді келтіріп, Дінмұхамед Қонаев пен Бердібек Соқпақбаевтың кездесуіндегі ыстық естеліктерді ортаға салды. Арада біраз уақыт өтіп Қонаев қаласында Соқпақбаев тойының басталуының ерекше символикалық мәні барын айтып, жұртшылықты қуанышымен құттықтады.
Жиында Бердібек бейнесі сахналанып, классик жазушының өз дауысы көрермен құлағын елең еткізді. Артынша Бекжан Тұрыс жүргізуші ретінде жұртшылықтың жүрегін елжіретер көріністі бастады. Бердібек Соқпақбаевтың көркемдік әлемі әр қырынан суреттеліп, тіпті өлеңдер топтамасы оқылды. «Менің атым – Қожа», «Қайдасың, Гаухар?», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» туындыларынан шағын қойылым көрсетіліп, Бердібегін сағынған халқы бірде көз жасын сығып, бірде күліп, өзгеше әлемге енді. Ұлт мәдениеті мен әдебиетіне ұшан-теңіз еңбегін сіңірген жазушыны ұлықтау кешінде танымал эстрада әншілері әннен шашу шашты. Әдеби сазды кештің соңында Бердібек бейнесі сахнаға қайта оралып, Ерлан Кәрібайдың «Монологы» оқылды.
Айналдым, елім,
Аяулым менің, Сағындым сені, – деп шырқалған «Туған жер» әні мен үлкен экрандағы Бердібек бейнесі, ел мен жер штрихтары ерекше үндесіп, жиналған жұртшылықтың жүрегін Соқпақбаевқа деген сағынышпен торлады.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы