Еліміздегі 30 жыл бойы қалыптасқан жүйені жаңғырту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформаларды жаңашылдықпен жүргізу – уақыт талабы. Ел болашағын айқындайтын реформаларды жүзеге асыруға саяси партиялар да білек сыбана кірісіп кетті. Құрылғанына бір жыл болған «Respublica» партиясы да Президент жүктеген міндеттерді орындауға белсене атсалысуда. Осы орайда аталған партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас НИЯЗБЕКПЕН жолығып, халық игілігі жолында атқарып жатқан істері жөнінде хабардар болдық.
– «Respublica» партиясының еліміздің саясат сахнасына келгеніне бір жыл толды. Осы мерзімде партия тарапынан қандай жұмыстар жүзеге асырылды?
– Иә, бір жыл саяси өмірде ұзақ мерзім емес. Алайда «Respublica» партиясы аз уақытта өзін таныта алды, қолынан іс келетін саяси партия екенін дәлелдеді деп санаймын. Құрылу процесі, қалыптасуы, сайлау науқанына қатысуы, одан жоғары нәтиже көрсетіп, Парламентте, жергілікті мәслихаттарда белсене жұмыс істеуі, бәрі бар болғаны бір жылдың жүзінде атқарылды. Партия ретінде өзін дәлелдей алды. Партияның облыстық филиалына келер болсам, 2023 жылы 25 қаңтар күні облыстық әділет департаментінде тіркеліп, жұмысын бастады. Іле-шала Мәжіліс және жергілікті мәслихаттар сайлауына дайындықты бастап кеттік. Сайлауалды штаб құрылып, құрамы жасақталды. Жаңа мүшелер тартылып, жақтастар пайда болып, депутаттыққа кандидаттар іріктелді. Бүгінде Мәжілісте 6 депутат белсенді жұмыс істеуде. Облыстық мәслихатта партия атынан сайланған екі депутат бар.
– Партияның тірегі бастауыш ұйымдар десек, бұл тұрғыда облыс көлемінде қандай жұмыс жүзеге асырылуда?
– Дұрыс айтасыз. Партия негізінен мүшелерімен, сіз атап өткен бастауыш партия ұйымдарымен мықты. «Respublicaның» әр өңірде филиалдары бар және олар белсенді жұмыс істеуде. Сонымен қатар, әр аймақта бастауыш партия ұйымдары құрылып, қызығушылық танытқан әртүрлі ұжымдармен бірлесіп әрекет етуде. Біздің облыста да ондай ұйымдар бар. Жуырда білім беру, оқыту саласында еңбек етіп жүрген «Кәусар» білім беру орталығында бастауыш партия ұйымын аштық. Жетекшісі – партияның белсенді мүшесі Шәкір Әділжан есімді кәсіпкер. Одан өзге де ұжымдармен бірлесіп, партияны таныту мен жұмысын жандандыру жолында еңбек етудеміз.
– Партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау өткізе ме?
– Әрине, кез келген партия қоғамдық қабылдау өткізеді. Облыстық филиал құрыла сала қоғамдық қабылдау өткізуді өте маңызды деп шештік. Біздің филиал кеңсесі облыс орталығы – Қонаев қаласында орналасқан. Қоғамдық қабылдауды тұрақты түрде жүргіземіз. Тек облыс орталығында емес, аудандарды аралап, тұрғындардың талап-тілегін, арыз-шағымдарын тыңдаймыз.
– Тұрғындар көбіне қандай мәселемен жүгінеді?
– Облыс халқы көбіне әлеуметтік мәселелермен, тұрмыстық қажеттіліктермен және құқықтық қолдау сұрап жүгінеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және мемлекет тарапынан берілетін қаржылық қолдау бағдарламалары жөнінде де хабарласады. Әлбетте, біз жергілікті деңгейде шешілетін мәселелерді әкімдіктермен, өкілетті органдармен шешуге тырысамыз. Ал үкіметтік деңгейде қарастыратын сұрақтарды Парламенттегі партиямыздың фракция аппаратына жолдаймыз.
– Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия атынан мандатқа ие болған депутаттардың жұмысына қандай баға бересіз?
– Бағаны халық беретін шығар. Біз тек сол депутаттарға қолдау білдіреміз. Нәтижелі істерді жүзеге асыруға, халыққа қажетті заңдарды қабылдап, тиімді шешімдер шығаруға көмектесуіміз керек. Мысалы, Мәжілістегі «Respublica» депутаттары – шетінен «сен тұр мен атайын» дейтін сайдың тасындай іріктелген мықтылар. Алтауы да әр отырыста, әр жиында өте белсенді. Көтерген мәселенің шешімі табылмайынша тыным таппайды. Сондықтан халық та оң бағасын берер деген үміттемін. Ал мәслихат депутаттарына келер болсам, екеуі де облыстағы маңызды комиссиялардың құрамында. Қияс Жапарбекұлы құрылыс саласында, экономика, қаржылық мәселелерде депутаттық сауалдар жолдап, тұрақты комиссияларға мүшелік етеді. Ал Талғар ауданынан сайланған Гүлжан Нұрбекқызы білім, әлеуметтік салаларда үлкен істер атқаруда. Сыныптағы үздік оқушылар болады ғой, сол сияқты әр отырысқа, сессияға қалмай қатысып, мәслихат жұмысына белсенді араласады. Сондықтан мәслихат депутаттарының да жұмысын халық өте жоғары бағалайды деп сенемін.
– Қазіргі сайлау жүйесіне көңіліңіз тола ма?
– Елде көп дүние өзгерісті қажет етеді ғой. Десе де, соңғы сайлауларда өзгеріс бар. Бұрынғы айтуға ауыз бармайтын «ұяттан жұрдай» дауыс берулер азайған. Жуырда барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының құрамы жаңартылды. Біздің партиядан облыс аумағындағы 300-ден астам комиссия мүшелігіне үміткер ұсынылып, бекітілді. Осылай ғана әділ, таза сайлауға қол жеткізе аламыз. Ал жалпы елдегі сайлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Барынша ашық, шынайы сайлау өткізу үшін қоғамдық сана, халықтың түсінігі өзгеру керек. Әр дауыстың маңыздылығын, әрбір сайлаушының сайлау учаскесіне баруы тағдыршешті шешім боларын халық сезіне білуі қажет. Ең бастысы, бақылау мен қадағалау күшейсе, әділ сайлау болады.
– Кейбір саясаткерлер еліміздің унитарлы мемлекет екенін алға тартып, Парламенттің бірпалаталы болғанын дұрыс деп жүр. Біздің елге Сенаттың қажеті бар ма, бұл жөнінде не айтасыз?
– Дамыған озық мемлекеттерде қос палаталы Парламент тиімді жұмыс істеуде. Оның да ұтымды тұстары бар сияқты. Заң шығару оңай іс емес. Әр заң халық үшін, мемлекеттің дамуы мен қоғамды алға сүйреу үшін шығады. Сондықтан төменгі палата қарап, әбден сүзгіден өткізген заң жобасы жоғарғы палатаға барғанда тағы бір мәрте мұқият пысықталғаны да жөн. Біздің елде кей жобалардың кемкетігі шығып, қайта қарауға жіберіліп жатқан да жайттар аз емес. Әзірге Парламенттің қос палаталы болғанын қолдаймын. Тек асарын асап, жасарын жасаған аға буынның немерелерінің ортасында шалқып отырудың орнына, Парламент қабырғасында қалғыпмүлгіп отырғанын құптамаймын.
– Былтырғы Парламент сайлауы пропорционалдымажоритарлық жүйе бойынша өткені белгілі. Өзіңіз Мәжіліс депутаттарының партиялық тізіммен жасақталғанын қолдайсыз ба, әлде бірмандатты округтерден сайланғанын дұрыс деп есептейсіз бе?
– Бір ізге түсіп, әбден қалыптасып алғанша екі түрлі жолды қолдана берген жөн. Тәжірибе жинақтағанша, жаңашылдыққа бірден өтіп кетудің кері әсері болуы мүмкін. Уақыт өте келе халық арасынан шыққан нағыз үздіктер партиялық тізімсіз сайлануы тиіс. Соларға басымдық беру керек. Сол кезде нағыз Парламент, нағыз заң шығарушы орган қалыптасады. Бұл – саясаттанушылар мен саяси технологтар қаузайтын, солар айналысатын маңызды мәселе.
– Алдағы жоспарыңыз жөнінде айтып бересіз бе?
– Бір жылда ірілі-ұсақты бірнеше шаруаның басын қайырдық. Мемлекеттік мерекелер, ұлттық мейрамдар мен атаулы күндер ұмыт қалмады. Бас-аяғы 20-дан аса ісшара өткізіппіз. Біздің партияны «кәсіпкерлер партиясы» деп жатады. Партия қатарында журналистер де, блогерлер мен ұстаздар да көп. Көпшілік бізден көмек-қолдау күтеді. Әсіресе, материалдық көмек сұрайтындар көп. Алайда партия қайырымдылықпен ғана айналыспай, өзгерістерді жасауға ұмтылуы тиіс. Саяси белсенділік көрсетіп, сол бағыттағы жұмыстармен айналысу маңызды. Десе де, қайырымдылық жасаудан мүлде бас тартып, көпке көмек көрсетуді доғармаймыз. Былтыр балаларға, мектеп оқушыларына қолдау көрсеттік. Жыл соңында Желтоқсан көтерілісіне қатысушы аға-әпкелерді құттықтап, қошемет көрсеттік. Осы бағытта биыл да жұмыс істейміз. Одан бөлек, ұлт болашағы, білімді жастар, отбасы құндылығы, тұлғаларды ұлықтау бағытында іс-шаралар өткізу жоспарымызда бар. Ал партияны ел арасында таныту, мүшелер санын көбейту – басты міндет.
Сұхбаттасқан – Айжарық КӨПТІЛЕУОВ