Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында «Сыр Жамбыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдейтін шағын цехы ашылды. Мұнда тәулігіне 6 тоннаға дейін сүт қабылдап, одан 600 келі ірімшік, 30 келі сары май алуға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар орнатылған.
Қаңтардың алғашқы күнінен іске қосылған кәсіпорын әзірге толық қуатында жұмыс істеп кетпегенімен, бастамасы жаман емес. Қазір тәулігіне 1,5-2 тоннадай сүт қабылданып, одан 150-200 келіге жуқ дәмді ірімшік алынады және қалған сары суынан сары май өндіріледі. Аталған серіктестік басшысы Ерсейіт Боранбаевтың айтуынша, көктемде сүт көбейетін уақытта бұған қоса құрт, құрғақ ірімшік шығарылады. Цехта 10 адам жұмыспен қамтылған. Екі технолог пен олардың көмекшілері, есепші, дайын өнімді тасымалдайтын көлік жүргізушісі, от жағушы еңбек етеді.
Ағайынды төрт азаматтың ұйымшылдықпен бірлесе ашқан өндіріс орнына 60 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Боранбаевтар отбасының бизнесі тың. Өйткені бұл өңірде ірімшіктің дәл осы түрін шығаратын өндіріс орны жоқ.
Цехтың жұмысымен арнайы барып танысқан аудан әкімі Нұрлан Ертас жаңа жұмыс орындарының құрылуы, бюджетке төленетін салық көлемінің артуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар ең бастысы – халыққа табиғи таза, отандық өнім ұсынуды қолдайтынын білдірді. Бұл орайда өнім өткізуде осы ауданның өзінде де, мәселен денсаулық сақтау, білім мекемелерінде, Ұзынағашта орналасқан әскери бөлімде тұрақты тұтынушылар табылатынын ескеруді ұсынды. Өндіріс үрдісін әкіммен бірге келіп көрген Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әскербек Абаев іскер жандарға ақ батасын берді.
«Сыр Жамбыл» ЖШС жетекшісі Ерсейіт Боранбаев цехтағы құрал-жабдықтардың Түркияда шығарылған, тәулігіне 6 тоннаға дейін сүт өңдеуге арналған сапалы, түпнұсқа дүниелер екенін айтты. Сүт тұрғындардан, шаруа қожалықтарынан жиналады. Оны қабылдаған кезде сапасы, майлылығы «Лактан» деп аталатын арнайы өлшеуіш құралмен тексеріліп, екі-үш қайтара тазарту сүзгісінен өткізіледі. Одан кейін арнайы жабық қазанда ыстық бу арқылы 40 градусқа жылытылып, бір сағат ұйытылады. Одан әрі ашық ыдыста сары суынан сүзбесі ажыратып алынып, қайтадан қазанда бумен 80 градуста пісіріліп, ірімшікке айналады. Ал сары суы сеператорда тартылып, май алынады, ол да тура қолдың майындай құнарлы. Ірімшік келесі құрылғыдан бір-екі келіден бөлініп, қалыпқа құйылып, қапталып, дайын өнім болып шығады.
Бағасына келсек, тұтынушыға ұялмай ұсынатын таза табиғи өнім болғандықтан, сатылу құны да соған лайық деп есептейді тауарды өндірушілер. Әрине, халыққа қолжетімді болуын да ескереді. Жамбыл ауданында шығарылған отандық өнім қазіргі кезде Алматы облысы мен қаласына жөнелтілуде. Оны құрамына ірімшік қосылатын «пицца», басқа да тез әзірленетін тағам түрлерін дайындайтын орындар, диірмендер ала бастапты.
«Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, тауарды түрлендіріп, еліміздің басқа өңірлеріне де тарату жоспарымыз бар. Бұл істе ағаларым бұған дейін біршама тәжірибе жинаған. Дәл осындай цехты 2021 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданында ашып, екі жылдай жұмысын жүргізген болатын. Бауырларыммен ақылдаса келе, оны осында, менің тұрғылықты жеріме көшіруді жөн санап, былтыр Ұзынағашқа орналастырдық. Себебі Алматы облысында осындай ірімшік шығаратын зауыт жоқ екен, демек сұраныс бар деген оймен нарықты зерттеп-білдік. Ірімшікті «Моцарелла» деп атадық. Алдағы мақсатымыз – осы ауданда зауыт ашып, басқа аймақтардағы сүт өңдейтін үлкен кәсіпорындар сияқты деңгейге жеткізсек дейміз. Осындай өнім өндіргендерге мемлекеттен қандай көмек, қолдау болса, соны пайдаланғымыз келеді», – дейді «Сыр Жамбыл» ЖШС директоры Ерсейіт Боранбаев.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы