Өткен ғасырдың 70-90 жылдарында қазақ поэзиясында өз қолтаңбасын қалдырған, Жетісудың талантты ақындарының бірі Рахымжан Өтегенов болатын. Бақайдың баурайынан өрбіген жыр жампозы Тұманбайды ұстаз тұтты. Мұқағалидың ықпалын көрді. Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Тынышбай Рахимов, Дәуітәлі Стамбеков сияқты ақындар шоғырынан ойып тұрып өз орнын тапты. Марқұм тірі болса бұл күндері 75 жасқа толар еді. Дүниеден өткеніне де 31 жыл болыпты. Оның жырларындағы мөлдір сезім, тұнып тұрған табиғат суреттері, адамдық пен адалдық, махаббат сырлары оқырманын баурап алатын.
Екеуміз Шелек кентіндегі Абай атындағы орта мектепте бір класта бірге оқыдық. Шығармашылық жолымызды қатар бастадық. Алтыншы сыныпта оқып жүрген жылы Рахымжанның түсіне ақын Жұмағали Саин ақсақал кіріп: «Өлең жаз» деп қолына қалам мен блокнот ұстатады. Кітаптарын оқығаны болмаса өмірде көрмеген адамы. Әрі Саин ақсақал осы түсті көрер алдында екі-үш ай бұрын соғыстан алған жарақаттары салдарынан қайтыс болып кеткен екен. Содан Рахымжан өлеңге үйір болды. Соңғы партада шұқшиып бірдеме жазып отыратын. Сөйтсек жыр желкенін шабыт керіп жатады екен ғой. Кейін жазған өлеңдерін оқып беріп, пікір бөлісетін болдық. Анда-санда аудандық «Еңбек туы» газетінде Рахымжанның өлеңдері, менің мақалаларым жарық көріп жататын.
Мектеп бітірген соң өндірісте жұмыс істеп, 1968 жылы күзде Рахымжан, 1969 жылы көктемде мен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа тұрдық. Жиырма жастағы кезіміз. Бір кабинетте, редакцияның секретариат бөлімінде қатар қызмет еттік. Газетті безендіруге келгенде жарысып жұмыс істейтінбіз. Ол ісіне мұқият, тыңғылықты, бос уақытын пайдалы істерге жұмсауға тырысатын. Өте жауапты болатын. Сенбі, жексенбі күндері Мәлік, Дүйсек достарымызды ертіп бір біріміздің ауылымызға барып, сәлем беріп, үлкендерді қуантып қайтатынбыз.
Өндірістен қол үзбей жүріп Рахымжан 1973 жылы, мен 1975 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітірдік. Сөйтіп жүріп балалы-шағалы болдық. Кешегі сыныптас достар енді отбасылық достарға айналдық.
Рахымжан көзі жұмылғанша ширек ғасырдан астам қазақ баспасөзінде жемісті еңбек етті. Әріптестері оны ақын ғана емес, тамаша ақмылтық журналист ретінде де білетін. 1969 жылы күзде Рахымжан жазған Нағима Есқалиева туралы очеркі редакция лездемесінде аталып өткені есімде. Одан кейін әйгілі суретшілер Әбілхан Қастеев, Жанатай Шәрденов туралы қалам тербеді. Өнер тақырыбында жазғанды ұнататын. «Жетісу» газетінен кейін ол «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, Қазақ радиосында қызмет етті. Рахымжанның шығармашылық іздері осы басылымдардың бәрінде сайрап жатыр.
Рахымжанның тырнақалды дүниелері алғашында «Жас керуен» (1969), «Көктем тынысы» сияқты ұжымдық жинақтарда жарияланса, кейін «Ақ шуақ», «Көңіл көктемі», «Арманымның ақ құсы» сияқты жеке жыр кітаптары жарық көрді.
Ол өз кітаптарын перзенттеріндей айрықша кәдірлейтін. Өзінің ақын болғанын мақтан тұтатын. Кейде тұтас шумақтарды суырып салып, айналасын тамсандырып қоятын. Өлеңдерін жатқа оқығанды сүйетін. Өзі де Тұманбай мен Қадырдың өлеңдерін жатқа айтатын. Әсіресе Тұмағаңның:
«Ұлым менің бұл сөзіме бағарсың,
Жанар кезде өзің де от боп жанарсың.
Менің қазақ жүрегімді ал, тілімді ұқ,
Ал басқасын өзің тауып аларсың»
дейтін шумақтары оған нақты бағдаршамдай көрінді. Рахымжан шынайы лирик ақын болды. Сезім қылын шертетін шумақтары оқырманды өзіне тартып тұратын. Рахымжанның жырлары оның асыл байлығы. Оқырманға қалдырған алтын қазынасы. Осы қазына жыр іздеген қазағына мәңгілік шәрбат сыйлары анық.
Рахымжан 1993 жылы қаңтар айының соңында жүрек талмасынан оқыстан дүние салды. Бірнеше жылдан соң ақын Қаржаубай Омаровтың редакторлығымен «Бір шоқ бүлдірген» атты балаларға арналған өлеңдер жинағы шықты. 60 жылдығы тұсында таңдаулы өлеңдерінен құрастырып «Сыбаға» атты кітабын шығардық. Биыл міне, 75 жылдығы тұсында «Ақын болып жаратылған бұл жүрек» және «Қайта оралшы, аққуым» атты қос кітабы баспадан шықты.
Рахаңның ауылда өз қолымен еккен шыбықтары бүгінде дараққа айналды. Артында қалған ұл-қызы азамат болды. Марқұм ауыл тіршілігін ғажап жақсы көруші еді. Әрі оны сүйсіне жырлайтын. Рахаңның төменде ұсынылып отырған жырларынан сол ауыл суреттерін танисыз.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы-публицист
ЖЕҢЕШЕ
0, жеңеше,
Бүкіл ауыл мақтаған
Жүзің сенің аппақ шығар мақтадан.
Қаймақ қатқан шайыңды әкел, сағындым,
Сүрің бар ма қайыныңа сақтаған?
Нең бар тағы, қайда сары қымызың?
Ішсем-дағы қанбаспын-ау күн ұзын.
Жер түбінен жетелеген осында
Дәм шығар-ау, нан шығар-ау бір үзім.
Кім болады, құдаша ма мына қыз,
Құлағымнан бұрынғыша бұраңыз.
Менің жайым бірқалыпты бұл күні,
Алматының бір шетінде тұрамыз.
Келемін деп ойлағам жоқ бұл күнде,
Жетелеген бұлай қарай күлкің бе?
Неткен өзі дәмді-ақ еді, шіркін-ай,
Өз қолыңмен сақтап қойған құртым де.
Бойжеткеннің қалаушы едің қандайын,
Алматыға бара сала тандайын.
Сені көріп қуанғаным шығар-ау,
Тершіп бара жатыр мына маңдайым.
Болыпсың-ау бұл күндері жан-жақты,
Әрбір сөзің жан сүйсінер салмақты.
Мейіріңе де, шайыңа да қандым-ау,
Айналайын ақ жеңешем ардақты.
БІР БӨЛМЕДЕ ТҰРАТЫН ТӨРТЕУ ЕДІК..
Бір бөлмеде тұратын төртеу едік,
Көктем гүлін елден де ерте көрдік.
Жұлдыздарды бәрінен ерке көрдік,
Сол қыздарға кеш келдік, ерте келдік,
Бір бөлмеде тұратын төртеу едік.
Тұрған шақта алмалар бүрін жарып,
Келдік талай даланың гүлін алып.
Ән де салдық қосыла соларға арнап,
Терезенің алдында тұрып алып,
Тұрған шақта алмалар бүрін жарып…
Асықтық-ау тезірек күн батқанша,
Асықтық-ау жүректі жырлатқанша.
Мәңгі тыңдап тұрғандай сезіндік біз,
Төртеумізді төртеуі тыңдап қалса,
Асықтық-ау тезірек күн батқанша.
ӨМІР
Жан сырымды айтумен,
Досым десең,
Ақын болмай кетейін көсілмесем.
Қиындықты көп көрген сәтпен, өмір,
Мәңгі менің қаласың есімде сен!
Шабыттанғыш келеді-ау ақын деген,
Өлең-жырды бәрінен жақын көрем…
Мәңгі менің есімде қалдың, өмір,
Рахаттана қуанған сәтімменен!
ҮЙІҢ СЕНІҢ ҰҚСАЙДЫ ЖЫЛЫ ҰЯҒА…
Тұманбай Молдағалиевке
Ақындарға тұғыр боп Алатауым.
Жырға қалай құмартқан, қара, қауым…
Күннен-күнге биіктеп барасың сен,
Оқшау тігіп ақындық ақ отауын.
Ойын-күлкі айнала,
Жыр-ән аға,
Ол болмаса,
Бекер ел қуана ма?!
Қарлығашын өлеңнің жиі ұшырған,
Үйің сенің ұқсайды жылы ұяға…
Туған жердің шақырып гүл өзегі,
Оқылатын көп келді жыр кезегі.
Алатаудан бас алып арындаған,
Ақындықтың өзіңсің бір өзені.
Шабыттана қараумен қырға мына,
Қуанамын күлімдеп тұрғаныңа!…
Күміскөмей бұлбұлын аялаған,
Айналыпсың мәуелі жыр бағына…
* * *
Той өтіп жатыр үйінде бүгін ақынның,
Жинала қалған тілектес халық –
Жақын кім?
Айнала мына өлеңмен ғана тыныстап,
Қаншама жырлар оқылар екен,
Ақылдым?
Тыңдайық үнсіз,
Тыңдайық отты жырларды.
Әсерден үлкен алаулап өңі,
Нұрланды…
Ақынның өзі бұл тойды қанша күтті екен,
Қалдырып артқа тасқынды талай жылдарды.
Жылдармен бірге жалындар кетті,
От кетті,
Бәрібір тарлан қалдырған жырсыз жоқ көпті.
Қанатын қақты өлең-құс талмай алысқа,
Ал өзі болса,
Өркенін жайып,
Көктепті…
Бабында екен,
Балбырап тұрды бүгін бақ,
Жүректер біткен өлеңмен ғана шымырлап…
Дала да дарқан ақынның тойын тойлайды,
Тербеліп гүлдер,
Бозторғай көкте шырылдап.
Шаттықтың нұры жүздерде қан боп ойнайды,
Сал көңіл болса,
Әсерлі жырын ойлайды…
Дүниенің өзі жырқұмар қандай,
Жарандар,
Ақынның тойын қуана бәрі тойлайды.
ШАБЫТТЫ БІР ШАҒЫММЕН БАҚЫТТЫМЫН
Шын ақындық көңілмен сезгенімде,
Онсыз менің өмірім өзге мүлде.
Жүргендей де боламын құр ат мініп,
Жырлар жазып жүрген бір кездерімде.
Өлең, өлең мыңменен таныстырды,
Өлең, өлең ертеңмен табыстырды.
Қосылардай бәйгеге жарау жүрем,
Мені күтіп тұр ғой деп шабыс түрлі.
Деумен шабыт:
«Жыр болып төгілелік»,
Мазалайды күні-түн мені келіп.
Мен өлеңмен жүремін қала салып,
Мен өлеңмен жүремін егін егіп.
Қиялымды қияға сан түлетіп,
Жыр түлетіп көңілден, ән тілетіп,
Ашыққанға өлеңмен нан беремін,
Аз да болса алсын деп талшық етіп.
Шөлдегенге өлеңмен су беремін,
Көмектесіп кімге де үлгеремін.
Өлеңдетіп жетемін бақытыма,
Түсімде де сонымен гүлденемін…
Жылағанды жырменен жұбатамын,
Өлеңменен көтерем құласа кім.
Кібіртіктей беремін онсыз мүлде,
Өлеңменен қаншама қыр асамын.
Өлең жазған өмірде мен ғана ма,
Бір өзіне ғашықпын сонда да, аға.
Өлеңменен тау бұзып,
Тасты жарып,
Су жетелеп жүремін шөл далаға.
Өмірдегі өлшемім –
Өлең деген,
Соныменен қараймын әлемге мен.
…Бір жақсы жыр жазатын болдым бүгін,
Өлең жаққа көптен-ақ елеңдеп ем.
Аялайды көңілді бір аппақ ән,
Өлең-жырдан ендеше шырақ жағам.
Шіркін, шіркін,
Сол жаққа жеткенімше,
Кедергі де аз емес бірақ маған.
Шабыттансам,
Шалқимын,
Өзгеремін.
Нені болсын көңілмен тез көремін.
Жырларымнан күтемін бір жақсылық,
Кім біліпті қай күні кез келерін?!.
* * *
Мен сенемін алдымен ұлы еліме,
Шындықты айтар өлеңмен жүрегіме.
Қарлығаштай ұшамын әрбір таңға,
Асығамын өзгеше гүл егуге.
Дала жырын толқимын тыңдап тұрып,
Жыр жазумен жүремін күн батырып,
Мен әйтеуір өлеңмен болса-дағы,
Жасамақпын халқыма бір жақсылық!
* * *
Күн сайын күнге қарай ұмтыламын,
Өмірге арта түсіп шын құмарым.
Қаншалық биік болсын өлең шыңы,
Тәуекел,
Талпынайын,
Бір шығармын!
Білемін,
Жауапты ғой бұл өткелім,
Гүлдің де жыр етіппін дір еткенін.
Қаншама алда өткен ақындар да,
Елі үшін елжіреткен жүректерін.
Мінеки,
Осылардан үлгі аламын,
Тарту ғып маған берген жыр қаламын.
Дос болды арман – өлең бала күннен,
Жұптасып ертеңге де бір барамын.
Бір өзің шаршамассың,
Талмас бұл ән,
(Самғашы жыр еліне,
Ал, жас қыран!).
Алдыңғы ақындардың армандарын,
Келешек ұрпақпенен жалғастырам…
Осылай көпір болам,
Дәнекермін,
Және де ұлы өмірге дән еккенмін…
Қаламым аман болсын қасиетті,
Адамдар,
Ақ борышты сан өтермін.
Күн сайын күнге қарай ұмтыламын,
Арманға жетпей әсте тыншымадым.
Асқақтай берген сайын өлең шыңы,
Соншалық арта түсер шын құмары!