Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық көпсалалы клиникалық ауруханасында жатыр мойны обырының алдын алуға арналған ашық есік күні өтті.
Аталған ауру әлемде ең көп тараған қатерлі сырқаттардың бірі саналады. Жыл сайын дүниежүзінде жатыр мойны обырымен жарты миллионға жуық әйел ауырады екен. Олардың жартысына жуығы осы дерттің салдарынан дүниеден өтеді. Көбіне-көп сырқат 45-50 жас аралығындағы әйелдерде кездеседі. Өкінішке орай, соңғы уақытта бұл ауру да жасарып барады.
Деректер бойынша, елімізде жатыр мойны обыры сүт безі ауруынан кейінгі екінші орынға шыққан. Ашық есік күнінде дәрігерлер осы және басқа да сырқаттар жайында келушілерге кеңінен түсініктеме беріп, аурудың алдын алу үшін жыл сайын тексеруден өтіп тұрудың маңыздылығына тоқталды.
Аудандық аурухананың онколог-дәрігері Балнұр Жұмағұлованың айтуынша, 2022 жылы өңірде жатыр мойны обырына 21 адам шалдыққан. Соның 13-і дерттен айыға алмай, қайтыс болған. Ал 2023 жылы 32 науқастан осы сырқат анықталып, төртеуі көз жұмған.
– Қатерлі дертке адамдардың назарын аудару үшін еліміздің медициналық мекемелерінде ашық есік күнін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Осы шара барысында онколог және гинеколог мамандар аталған аурудың алдын алып, дер кезінде ем-дом жасау мақсатында тегін қабылдаулар өткізеді. Сонымен қатар әйелдер мен қыздар скринингтік және зертханалық тексерулерден тегін өте алады. Өкінішке орай, көпшілік тексеруден өтуге көңіл бөлмей, кейінге қалдыра береді, – дейді Балнұр Жұмағұлова.
Дәрігердің айтуынша, жатыр мойны обыры басталар алдында ешқандай белгілер байқалмайды. Ал айқын болғанда емдеуге кеш болып жатады. Дерт асқынып, ағзаның өзге жерлеріне әсер еткенде медицина шарасыз күйде қалады. Сондықтан скринингтен өтіп тұру маңызды.
– 2023 жылы Қарасай ауданында 9768 әйел алдын-ала тексерілді. Солардың ішінде бес келіншектен жатыр мойны обырының бастапқы белгілері анықталған. Бүгінде олар дәрігерлердің бақылауына алынып, мақсатты емдеу шараларына тартылып отыр. Ауырып ем алғанша, аурудың алдын алу әлдеқайда тиімді екенін ескеріп, қыз-келіншектерді салауатты өмір салтын ұстануға, дәрігерге уақытылы қаралып тұруға шақырамын, – дейді Балнұр Шерәліқызы.
Аталған шарада елімізде жуық арада қолданыла бастайтын екпе туралы да жан-жақты сөз болды. Атап айтқанда, жатыр мойны обырының пайда болуына көп жағдайда папиллома вирусы (ВПЧ) әсер етеді екен. Осы вирусқа қарсы дер кезінде емдеу шараларын жүргізбесе, обыр клеткаларының пайда болу мүмкіндігі арта түседі. Сондықтан 2024 жылдан бастап Қазақстанда 11 жастан асқан қыз балаларды жатыр мойны обырына қарсы екпе салына бастайды. Әрине, бұл жерде ата-аналарының рұқсаты болуы ескерілген.
Дәрігерлер ВПЧ-ға қарсы бұл екпені 9 бен 17 жас аралығындағы қыздарға ғана емес, сонымен қатар 45 жасқа дейінгі келіншектерге де салуды ұсынады.
Қазақстан денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетованың айтуынша, осы вакцинаны шет елден сатып алуға мемлекет бюджетінен 9 млрд теңге қаржы бөлініпті. Бұл қаражатқа 350 мың дана препарат келеді деп күтілуде. Осылайша, 175 мың қыз-келіншекке екпе салуға мүмкіндік тумақшы. Айта кетерлігі, бұл шара дамыған мемлекеттерде бұрыннан бері атқарылып келеді. Мысалы, Австралияда 2007 жылдан бері екпе жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде жатыр мойны обырына шалдыққандар санын азайтуға қол жеткен. Бұл тәжірибені АҚШ, Канада, Жапония мемлекеттері де табысты жүзеге асырып келеді. Бүгіндері Еуропада екпе жұмыстары белсенді қолға алынса, ТМД елдері арасында Өзбекстан, Армения мен Түркменстан тізімнің басында келеді.
2024 жылдан бастап Қазақстанда ВПЧ-ға қарсы екпе алу мүмкіндігі ашылады. Біздің қыз-келіншектер осы оңтайлы сәтті пайдаланып, қатерлі дерттің алдын алуға атсалысады деп сенеміз.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы