Елімізде енді Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының қамқоршылар кеңесі жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Астанада өткен жиында Дүниежүзілік және Республикалық Тоғызқұмалақ федерация президенті Әлихан Бәйменов мәлімдеді. Ұлттық зияткерлік ойынның дамуына үлес қосу үшін елге танымал бірнеше азаматқа ұсыныс жасалған.
Астанада Дүниежүзі және Қазақстан тоғызқұмалақ федерацияларының басшылары жылды қортындылап, өткен жылы белсенді жұмыс істеген аймақтарды марапаттады. Кездесуге федерацияның Қамқоршылар Кеңесінің мүшелері қатысты. Олардың қатарында М.С.Нәрікбаев атындағы университеттің басқарма басшысы Талғат Нәрікбаев, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, “Мұнайсервис” заңды тұлғалар бірлестігі төрағасы Рашид Жақсылықов, Астана қалалық Мәслихаты төрағасы Ерлан Қаналимов, “Tas Group” компаниялар тобының иесі, кәсіпкер Дулат Тастекей, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, “Respublica”партиясының аппарат жетекшісі Бақытбек Хамит бар. Ал Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
Қамқоршылар Кеңесі бейресми ұйым. Оның басты мақсаты – тоғызқұмалақтың дамуына, стратегиялық бағыттарын анықтауға көмек көрсету және жалпы тоғызқұмалақтың танымалдылығын арттырып оның жан-жақты жүйелі дамуына қолдау көрсететін тұлғалардың басын біріктіру. Дүниежүзілік және Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Алихан Байменов жиында барша қауымдастық атынан тоғызқұмалаққа демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлерге, қоғам қайраткерлеріне және барша тоғызқұмалақ жанашырларына шын жүректен алғысын жеткізді. Әсіресе бүгін құрылған Қамқоршылар Кеңесіне кіретін азаматтардың осы игі қадамы тоғызқұмалақтың дамуына жаңа леп беретінін атап өтті. Жиын барысында Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әкім Тұрсын тоғызқұмалақтың қазіргі дамуы және алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады.
“Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы” 2023 жылдың қорытындысы бойынша “Ең үздік” номинация иегерлерін марапаттады.
Ең үздік аймақ- Солтүстік Қазақстан облысы;
Ең үздік қала- Шымкент қаласы;
Ең үздік жергілікті федерация- Алматы қаласы;
Ең үздік төреші – Қыдырбаев Әлімжан (Алматы қаласы);
Тоғызқұмалақ жаршысы- TEKTURMAS YouTube арнасы;
Тоғызқұмалақ жаршысы – Әсел Далиева; Қарқынды дамушы федерация- Жамбыл облысы деп танылды.
Бұл кездесуге аймақтардағы федерация басшылары мен бас жаттықтырушылар да қатысып, күн тәртібінде бірнеше сұрақ талқыланды. Биыл Астанада 5 жылда бір өтетін көшпенділер ойыны ұйымдастырылады. Бұл бүкіл түркі әлемі үшін ғана емес, дүниежүзінің көптеген мемлекеттері үшін де маңызды шара болғандықан дайындық қызу жүріп жатыр. Мәселен, бір ғана тоғызқұмалақ ойынына әлемнің 50 елінен командалар жиналады. Бұндай бәсекелі жарыс бұрын-соңды болмаған. Оны жоғары деңгейде өткізу- болашақта осы ұлттық зияткерлік ойынның дамуына серпін болады.