Сейсенбіде облыстық мәслихаттың кезекті ХVІ сессиясы өтті. Онда Қонаев қаласындағы кәріз тазарту құрылысының жобасы талқыланды. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және депутаттық этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының 2023 жылғы жұмыстарының есебі тыңдалды.
Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, облыс әкімінің аппарат басшысы, мәслихат депутаттары, облыстық департамент, басқарма басшылары, Қонаев қаласының әкімі мен қалалық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы қатысты. Сессия отырысын облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Аслан Ораз облыс орталығындағы кәріз тазарту құрылысына тоқталып, маңызды жоба жайында толық тарқатып өтті. Қонаев қаласының кәріз тазарту құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына конкурс былтыр ақпан айында жарияланған. Барлық конкурстық шаралар, экспертиза нәтижелері 7-8 айдың көлемінде аяқталып, аталмыш құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін «Даур капитал» ЖШС таңдалған. Баяндамашының айтуынша, кәріз тазартуға жауапты жеке серіктестіктік жобаға 80 пайыз инвестиция салса, қалған 20 пайызы облыстық бюджеттен бөлінбек. Сонымен қатар Аслан Саматұлы жобаға инвестициялық және операциялық шығынды өтеу алдағы 5 жылға жоспарланғанын жеткізіп, оған облыстық бюджеттен 20,4 млрд теңге қайтарылатынын тілге тиек етті. Бұдан бөлек мемлекеттік-жекешелік әріптестік бюджет жүктемелерін азайтуға өз ықпалын тигізетінін сөзіне қосып, алдағы уақытта халық қалаулыларының қарауына тағы да бірнеше жоба ұсынатынын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мінберге көтерілген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асхат Бердіханов өңірдегі кәріз желілерінің бүгінгі жағдайын түсіндірді. Оның айтуынша облыста ұзындығы 714 шақырымды қамтитын кәріз желілерінің 70 пайызы ескірген. Кәріз-тазарту құрылыстары 3 қалада (Қонаев, Есік, Талғар) және 9 ауылдық елдімекенде бар. Кәріз-тазарту желісін қайта құру және құрылысы бойынша жаңа жобалар үшін жобалық-құжаттаманы әзірлеуге мораторийдің күші жойылуына байланысты осы нысандарды жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу жұмыстарын қайта жандандыру қолға алынған. Асхат Ермекұлы Қонев қаласының кәріз тазарту құрылыстарына да тоқталып, 172 шақырымды қамтитын кәріз жүйелерінің 80 пайыздан астамының тозығы жеткенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде:
– Облыс тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету көзі болып табылатын Қапшағай су қоймасына кәріз суының түсу ықтималдығы жоғары. Осы орайда Қонаев қаласының әкімдігі барлық мүдделі құрылымдардың қатысуымен Қонаев қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия құрды. Қала аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Алайда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қонаев қаласына ұқсас жағдай еліміздің 27 қаласында бар екенін, 41 қалада құрылыстардың тозуы 70%-дан асатынын айтып, қаржыландыру оң нәтиже бермеді, – деп аталмыш мәселені шешу Еуропалық қайта құру және даму банкі немесе Азия даму банкі сынды халықаралық қаржы ұйымдары арқылы және мемлекеттік-жеке әріптестік тетігі шеңберінде қарастырылғанын сөзіне қосты.
Төтенше жағдай режимінде кәріз тазарту құрылыстарын тез шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестігі арқылы 2 жыл ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Осы орайда Асхат Ермекұлы халық қалаулыларынан Қонаев қаласында кәріз тазарту құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша жеке әріптестің шығындарын төлеу жөніндегі шығыстарды қосу мүмкіндігін қарастыруға, жобаны іске асыру арқылы халық үшін маңызды әлеуметтік мәселені шешуге жәрдем сұрады. Облыстық мәслихат жоба міндеттемелерін қабылдағаннан кейін шартқа қол қойылып облыстық қазынашылық департаментінде тіркелмек.
Сессия барысында күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған облыстық мәслихат депутаты, экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және депутаттық этика мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Ерік Абитов өткен жылы тұрақты комиссияның жоспарына сәйкес 8 отырыс өткізіліп, 17 мәселе талқыланып, оң шешім тапқанын айтты. «Атқарылған жұмыс аз емес, алдағы уақытта да депутаттық қызметімізді одан әрі жандандырып, халықтың сенімін ақтауға бар күш-жігерімізді салуымыз керек», – деген Ерік Әзілжанұлы ауқымды істерге белсене қатысқан депутаттарға алғысын жеткізді.
Алқалы жиынды қорытындылаған Талғат Ескендірұлы кәріз тазарту құрылысы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер беретінін тілге тиек етіп, жобаға бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуі бақылауда болатынын жеткізді. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуін облыстық әкімдіктің тиісті басқармалары мен қоғамдық кеңес мүшелері және мәслихат депутаттары қатаң қадағалайтынын алға тартты.
Құралбек Сәбитов