Халықтың тыныштығы, қоғамдық тәртіптің сақталуы жолында айқай салмай-ақ шаруа бітіріп жүрген жандар бар. «Адам сөйлескенше» дегендей, белгілі бір жағдайда тілдесіп, сырласпайынша кімніңкім екенін ешкім де болжап біле алмайтыны шындық. Осы қағида тұрғысынан келгенде «ЛА-155/12» түзеу мекемесінде абыройлы қызмет еткен Азамат Жалбағаевты да күнделікті күйкі тірлік барысында кім болса да көптің бірі деп қабылдауы мүмкін. Алайда оның қызметтемін деп шектеліп, шекеден қарамай, қылмыстың алдын алып, қарақшыны тұтқындаған ерлігінің өзі бір төбе. Қазір ҚР Ұлттық ұланының №3660 әскери бөлімінде взвод командирі болып еңбек ететін Азаматтың азаматтық ұстанымына ел-жұрты тәнті.
– Шахматта ойын білмеген ортасынан бастайды деген ұғым бар. Әңгімені осы қызметке келуіңізден бастасақ.
– Мен 2007-2008 жылдары Астана қаласындағы №6636 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтедім. Ішкі әскерлер сапында, авторотада өтеп болған соң, осы Қонаев қаласына үйге келдім. Әскерден келген соң көп жүрмедім. 2008 жылдың соңына қарай Заречный ауылындағы «ЛА-155/12» түзеу мекемесіне құжат жинадым. Шамамен 9 ай сынақтан өттім. Біздің әулетте, негізінен, әкем жағынан барлығы шен таққан, орган саласында істеген. Өзі де, інілері де. Бірақ ол кісілерде мансап қуалау болған емес. Қызметке қабылданды, абыроймен атқарды, еңбектеріне қарай дәрежелерін алды. Сөйтіп жүргенде 2011 жылы өзіңіз мән-жайын сұрап кеп отырған жағдайға тап боламын.
– Азамат Асқарұлы, енді оқырманды ынтықтырмай, сол жағдайға кеңінен тоқталып кетсек.
– Түзету мекемесі әрі сотталғандармен жұмыс істейтін болған соң, бізде айдауылдық қызмет болады. Сотталушы ауырып қалған жағдайда оларды Қонаев қалалық ауруханасындағы арнайы палатаға алып келеміз. Кісен салып, конвой бастығы бастаған үш айдауыл болады. Сөйтіп, кезекті науқастанған сотталушыны алып келіп отырған едік. Шамамен таңғы бестерге таяу уақыт еді. Отырған бөлменің терезесін ашып, кері шегінгенімде бір медбикенің жүгіре басып келе жатқанын байқадым. Ол маған жете бере: «Аға, ана жақта бірдеңе жыбырлап, бөтен дауыстар шығып жатыр. Көресіз бе?» – деді. Тұрған жеріміз екінші қабат қой, әлгі ашқан тереземнен төменге қарасам, таң қараңғысында қараңдаған адам бейнесі көрінеді. Тереземен алысып жатқан сияқты. Жүгіріп барып әріптестеріме айтып, ескерттім. «Мен төменге кеттім, біреулер жүр», – дедім де, қабылдау бөлімі жағынан жүгіріп шығып, аурухананың мен келе жатқан бетіндегі қиғаш жолмен келдім. Ыңғайлы бір арақашықтықты ұстап, бас салдым. Сол бойда әлгі бейтаныс адамды жығып құлатып, алыса кетеміз. Астыма басқан соң, енді байлау керек. Жіп жоқ. Ойланып отырар уақыт аз, бәтеңкенің бауын шешіп алдым да, сонымен байлап тастадым. Жанындағы қабымен қоса қабылдау бөліміне алып келдім. Ол жерде бейнебақылау камерасы бар. Соның алдына алып кеп қойдым. Сосын полиция шақырдым. Қапты ашсам, ішінде сейф, компьютер және компьютерге қажетті заттар, басқа да ұсақ-түйектер бар екен. Қателеспесем, тағы да екі пышақ болды. Тергеу тобы келді. Мен бәрін шығарып қойдым, қылмыскерді де, заттай айғақтарды да. Сөйтсек, ол кісі бұрын «отырып шыққан» екен. Шыққаннан кейін қайта қылмысқа барған. Таңғы сағат 9-да жұмыс орныма барып, басшылыққа кезекшілік уақытында болған жайды баяндадым. Арада бір-екі апта өткенде болса керек, марапаттау болды. Медаль берді.
– Қызмет кезінде осыған ұқсас жағдайлар көп тіркелген шығар?
– Болды, жұмыста. Қызметте, түзеу мекемесінің ішінде. Ол енді жариялауға болмайтын жағдайлар. Бірнеше жағдай тіркелді. Мені де құтқарған кездер болды. Бірақ олар қызметтік құпияға жатады. Өзім де оларды айтуға тұратын жайттар деп ойламаймын. Өйткені, жұмыс барысында күнделікті болып жатады. Оған менің көзім де, етім де үйреніп қалған. Сондықтан ерлік көрсеттім деп төс қақпаймын. Себебі, ол әрбір саналы азаматтың борышы деп ойлаймын. Бізді соған тәрбиеледі, сондай тәрбие берілген адамдармыз.
– Әңгімеміз бала Азамат қандай еді дегенге келген сияқты.
– Балалық шағым жақсы өтті. Әкем марқұм көзі тірі кезінде көп нәрсеге баулып, баптады. Барын жеткізді. Өкінішке қарай, 2015 жылы дүниеден өтіп кетті. Туған ауылына жерленді. 1980-1983 жылдар аралығында Ауған соғысына қатысты. 1983 жылы соғыстан аман-есен келді.
– Ол кісі офицер ретінде шақырылған ба?
– Жоқ, ол кісі рота старшинасы болған. 1980 жылы мектеп бітірген соң, қазіргі Жетісу облысының Жоламан ауылынан міндетті әскери борышын өтеуге аттанған. Сол жақта жүргенде шақырылған. Әкемнің мінезі қатал болатын. Қатал болса да, өмірге қажетті көп нәрсені үйретті. Дүниеге келіп, ес білгеннен бастап 11-сыныпты бітіргенше мен әкемнің қасында өстім. Әкем автобус, «КамАЗ», «Зил» сияқты ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізетін. Кішкене кезімнен сол техникаларды жөндеу, реттеу, тазалау, ауыстыру сияқты жұмыстарын молынан көріп өстім. Бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Тұңғышы болғаннан кейін, мені «саған керек болады» деп көп нәрсеге үйретті. Бірақ өзі қатысқан соғыс жайында көп айтпайтын. Сұрасам: «Неғыласың, балам, сендер қазір бақытты, заман тыныш кезде өмір сүріп жатырсыңдар», – дейтін.
Пияздың арасында еңбекпен өстік, әкемнің қасында, осы Шеңгелді ауылында. Сөйтіп жүріп көп нәрсені үйрендім. Бала күнімде маған «Школьник» деген велосипед алып берген. Кейіннен соны «Пионер», «Салют», «Уралға» жеткіздім. Бұл да бір өсу, алға ұмтылудың мектебі сияқты болды. Біздің балалық шақ сол 1990-2000-жылдар аралығында өтті. Жарық болмады, жоқшылық, бірде бар, бірде жоқ, өмір сүрдік. Әкемнен техниканың тілін меңгердім. Велосипедтерді сәндеп, өзімше қайта жасап алатынмын. Көлік моторларын шашып, жинай беретін болдым. Әкемнен алған тәрбием әлі күнге өміріме азық. Бір өкініштісі, әкем ең қызық кезде өмірден өтті. Бірінші немересін ғана көрді. Әрине, бәрі де Алланың қалауымен ғой.
– Енді біз осы қызмет жағына ойыссақ, халықтың арасында шенді кісілерге, әсіресе, құқық қорғау қызметкерлеріне сенбеу немесе қорқу бар. Сондай стереотип қалыптасқан, шені бар, демек, қауіпті деген сияқты.
– Иә, оныңыз рас, стереотип қалыптасқан. Былайынша айтқанда, Қазақстанда КСРО-ның лебі бар, әлі толық шекпенінен шыққан жоқ. Неге десеңіз, бес саусақ бірдей емес, сала қызметкерлерінің бүкіліне күйе жағуға болмайды. Ол кез келген салада бар. Әскери шен тақсын, қандай салада болсын, стереотип кездеседі. Адам баласы ойлану керек. Сен Үкіметтің адамы екеніңді ұмытпау керексің, сен қоғамға үлгі болатын адамсың, қоғамның адамысың, жүріс-тұрысың, сөзің, іс-қимылың барлығы бойынша сені сынға алады. Иә, шикіліктер жоқ емес. Неге десеңіз, әркімнің бала кезден алған тәрбиесі әртүрлі. Біреулер қызметтің ыстық буымен кетіп қалады. «Ой! Мен, міне, шен тақтым» дейді. «Семіздікті қой ғана көтереді» деп бекер айтылмаса керек. Адам баласы да тура солай. Мемлекет басшысының өзі де айтып отыр. Реформа жасалып жатыр, Ішкі істер министрлігімен нені қалай істеу керектігін талқылап, тиісті нұсқаулар да беріп отыр. Уақыт өте келе оның бәрі істеледі. Рас, бізде осал жерлер бар, көп нәрсе жасалуы керек. Егер шатаспасам, статистика бойынша, құқық қорғау саласына сенім артушылар саны – 37 пайыз ғана. Осының өзі бүкіл сала бойынша қаншама жұмыс істелуі керектігінің дәлелі емес пе? Шенділер де тәртіп бұзып жатады. Соның бәрі, түптеп келгенде, тәрбиеден. Әке-шешең сені қалай тәрбиеледі, содан қалыптасады. Содан соң «таяқтың екі басы бар» дегендей, сала қызметкерлеріне де түсіністік танытқан жөн. Тоқ етері, өзімізден бастау керек. Барлығы отбасындағы тәрбиеден басталғаны жөн.
– Осы жерде мына бір сұрақтан аттап кетіппіз, негізгі керегі осы сияқты. Бәріміз де бала-шаға өсіріп отырмыз. Ұл-қыздарыңыздың кім болғанын қалайсыз?
– Мен енді, бірінші кезекте, ұл-қыздардың қалауын өсе келе сұрау керек деп ойлаймын. Бізден бала кезде сұраған жоқ. Оқисың деді болды. Іштей бір әке ретіндегі қалауым – бала-шағамның дәрігерлік жолға түскені. Өйткені, әкесі мен де, анасы да шен тақтық, өз басымнан білемін, бала қараусыз өседі. Тәрбие жеткіліксіз болуы мүмкін деп ойлаймын. Неше түрлі жағдай болады. Бала қараусыз өскеннен кейін, ол тәрбиені қайдан алады? Көшеден, көргеннен алады, қасындағы балалардан жаманды да, жақсыны да меңгереді. Сондықтан да, ұл-қызға дегендегі әкенің тәрбиесі, ол – бөлек. Балалардың 15-16 жаста нақты ойлары болуы керек. Әке-шешенің парызы – бағыт беру.
– Мынадай жайтқа бұрыла кетсек қайтеді, өткенде екі полиция қызметкері жас қызды зорлады деген әңгіме тарады. Немесе қазіргі қоғамның бір дерті – педофилия. Осы мәселелер тұрғысынан келгенде көзқарасыңыз қандай, тамыры неде деп ойлайсыз?
– Мұның бәрінің түпқазығы – адамның тәрбиесінде. Өзін-өзі тәрбиелеуінде деп ойламын. Соңғы бір 10-14 жыл төңірегін алып қарасақ, әуелде қарапайым ұялы телефон еді. Қазір технология дамып кетті, әлеуметтік желілер, не керегің бәрі бар, алдыңа сап, дайындап беріп жатыр. Айналып келгенде, тәрбиеге байланысты. Өз басым, қызмет, өмір барысында байқап жүрдім. Өзім де бастық болғаннан кейін бірінші тәрбиеге көңіл бөлесің ғой. Қол астыңдағы қызметкердің тәрбиесіне, сосын жұмысты қандай сапамен орындайтынына қарайсың. Үйінде болып жатқан жағдайларды сұрайсың, сөйтіп барып адамды біле бастайсың. Ал оны тәрбиелеу – парызымыз. Үлкен жігіттердің өзін тәрбиелеуге тура келеді.
Үйде отағасы ғана емес, жұмыста да әке сияқты боламыз. Мен бастық болып келе жатқаныма, мысалы, 9 жыл өтті. Адамды қызметте тәрбиелейтін, ең алдымен, өмірлік тәжірибе. Ащытұшысын көреді, ыстық-суығын көреді. Сөйтіп, адам ысылады, үйренеді. Осының бәрін өзің үшін істейсің.
«Тұрған су сасиды» демекші, адам да өз ойымен жұмыс істемесе бұзылады. Мен бұрын көп кітап оқымайтын едім. Кейін кітапқа мән бере бастадым. Білімнің бәрі әлеуметтік желіде емес, кітапта. Әлемжелі бет жағын көрсетеді де, жылт еткізеді. Сен соны ғана қабылдап аласың, ал көп нәрсенің түбі кітапта жатады. Кітап оқыған сайын, адамның ойлау қабілеті мықты бола түседі, шыңдалады. Болған жағдайдың анық-қанығын көріп отырады. Айғай-ұрыспен ештеңе шешілмейді. Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынған құл болмайды. Бұл – өзіміздің сертіміз. Кабинетімде, бас жағымда атамыздың портреті тұр. Айтқан сөзі, нақылы адамның сүйегінен өтіп кетеді, бірден бойыңды жинап аласың. Мысалы, «Шын айтпайынша, біреуге сын айтпа» дейді. Өмір осы, бір миссиямен келеміз, соны орындап, содан кейін кетеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Бейбіт Мекеев