1973 жылдың жаймашуақ жазы. Орта мектептің сегізінші сыныбын бітіргенбіз. Қолымызға «толық емес, орта білімді» деген аттестат тиген. Бізбен бірге оқығандардың біразы іргедегі Шамалған мен Алматының түрлі техникумына ілігіп, бірақ күнде кісі қатарына қосылып кеткен тәрізді көрінген. Өзіміз болсақ, сырты қою көк қатырма қағаздың ішіне жазылған бағаларға пәлендей риза емес едік. Сондықтан шығар, техникумға ұмтыла қоймадық. Оның үстіне он беске де толмаған жалғыз баласын шешеміз жанынан ұзата ма, «желікпе» деген.
***
Бір күні қызық болды. Мұқағалиға кездестік. Иә, иә. Өзіне емес, өлеңдеріне. Содан бері міне, елу бір жылға жуықтапты, сол жауһар жырлардан әлі ірге ажыратқан емеспіз. Рас, бұрынғыдай кітабына жиі-жиі үңілмейміз. Денін жатқа білеміз ғой, дегенмен ара-тұра елжіреген сағынышты сезіммен әрбір өлеңін, әрбір шумағын қайта-қайта қайталап оқимыз.
Ал енді бұл қызық былай басталған: әлгі Асылбектің шаңырағына өз үйімізге енгендей еркін кіріп-шығатынбыз. Оның анасы Нұрбала тәтеміз – шұға комбинатында озат тоқымашы, үлгілі коммунист. Адресіне пошта арқылы бірді-екілі газет-журнал жеткізіледі. Бірақ мына бір шағын кітапшаның кездейсоқ қайдан келе қалғанын кім білсін, шәугімнің күйесі дастарқанға жұқпасын деген оймен астына төсепті. Әуелі атауы қызықтырды. «Мавр». Бұрын-соңды естімеген сөзіміз. Бұл не сөз, қандай мағына береді деп, кітапшаны қолымызға алып қарадық. Өлеңдер екен. Сырты қара бояумен көмкерілген, ортасында қызыл алау, оның ішінде, ту көтерген бір әйелдің сұлбасы тұр. Оны бірнеше жылдан кейін білдік қой. Жанна Д Арк көрінеді.
Мұқағалидың көлемі үш баспа табақтан сәл ғана асатын бұл жыр жинағын «Жазушы» баспасы 1970 жылы шығарыпты. Таралымы 6500 дана ғана. Соның бір данасы ғайыптан тайып, Асылбектің шәугімінің астына түскенін, одан біздің назарымызға ілінгенін, сөйтіп бізді поэзия кеңістігіне жетелей жөнелгенін, расында, тағдырдың ісі деп түсінген дұрыс шығар. Сонымен, «Маврды» Асылбектен сұрап алдық. Үйге алып келген соң жата-жастана ал кеп оқиық. Мұқағалидың асыл өлеңдері тамсандырған үстіне тамсандырып, бірте-бірте тұңғиығына тарта берді. Өйткені жан сыры мөлдіреп тұрған ақиық ақынның әрбір сөзі жалғандықтан ада екенін жан жүрегімізбен сезіндік. Кейбір шумақтары екі-үш қайталағаннан кейін-ақ жадымызға жазылып қалды. «Мама, мына бір өлеңді тыңдашы!» деп шешеміздің де назарын аударғанымыз есте. Сыныптас ұлдарға да ұлы поэзияның құдіретін Әбілғазы досым екеуміз Мұқағали арқылы жеткізгенімізді өздері де бүгін мойындап отырады.
Мектепті бітірдік. Оқуды ары қарай жалғастыруға жағдайымыз келмеді. Сол жылы тамыз айында анамызды ақтық сапарына шығарып салып, мүлде жалғыз қалдық. Жасыдық, жабырқадық. Алайда жанымызда Мұқағали жүрді. Иә, иә. Өзі емес, өлеңдері.
1976 жылы көктемде қайран ақынның бұл дүниеден қайтқанын естідік. Әбілғазы досым комбинаттағы жұмысыма іздеп келіп, маған арнайы көңіл айтты. Оған дейін «Өмірдастан» баспадан шығып, барша жырсүйер қауым Мұқаңның есіміне енді шындап елеңдегенін аңғарғанбыз. Өзі өмірден өткен соң іле-шала сол жылы сәуірдің басында «Лениншіл жас» газетіне «Моцарт. «Жан азасы» атты реквиемі жарияланды. Сол күні күллі қазақ аспаны күңіреніп сала бергендей күй кешті. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп мәтелдейтін ел ұлы ақынынан айырылып қалғанын енді ғана түсінген сыңайлы, өкіне жоқтады.
Әскерге алындық. Байкалдың оңтүстік-шығысындағы шегараның маңында екі жылды сағынышпен өткердік. Көңіліміз қоңылтақсыған кейбір сәттерде қолтығымыздан Мұқағали демеді. Иә, иә. Тікелей өзі емес, «Өмір-дастандағы» өлеңдері арқылы.
1979 жылы жазда ауылға оралдық. Ұзынағаштың кітап дүкеніне кластас досым Әбілғазы екеуміздің кіргеніміз сол еді, Мұқағали тағы да алдымыздан жолықты. Иә, иә. Тікелей өзі емес, «Өмір – өзен» жинағының ішіндегі ғажайып өлеңдері арқылы. Әлгі кітаптың бір-бір данасын сатып алып, ал кеп оқиық. Ал кеп жаттайық. Сөйтсек, Мұқағалидың жырын жаттап жүрген баяғы біз ғана емес екенбіз, оның кез келген шумағын қалада да, далада да тебірене толғайтын адамдардың қатары күрт көбейіп кетіпті.
Ұлы ақынның ұзақ таңға талмай оқылатын өлеңдері бүкіл Қазақстандағы әрбір үйдің түндігін желпілдете тербеп тұрғандай сезілді.
***
Біздің өміріміздегі арман жібінің арқауы өлең еді. Сол өлең ақыры жетелеп әкеліп, 1979 жылы желтоқсан айында Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің табалдырығын аттатты. Бұл жерде алдымыздан өңі сары, көзі көк бір жігіт жолығып, ол да өзінің Мұқағалидың дарынына бас иетінін мойындады. Айтыстарға қатысып, айналасына әжептәуір танылып қалған ақын көрінеді. Аспантаудың аясында туған алмауыт ақынның кітабын жастана жатып оқитын бұл жазған – Есенқұл Жақыпбеков болатын.
***
Сонымен не керек, Мұқағали ақынның рухы Есен ағамыз екеумізді туған бауырдай табыстырды. Отыз жылдан астам уақыт қасында бірге жүрдік. Талпынған күндерді де, алқынған күндерді де басымыздан бірге өткердік. Сыйластық, сырластық. Қанаттасқан кездерде қамқорлығына бөлендік. Өз тарапымыздан біз де оның ақындық ішкі сенімін бекіте нығайтуға біршама үлес қостық. Осы сөзіміздің дәлелі Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде 2012 жылы желтоқсанның 6-сында жарияланған бір сұхбаттан анық аңғарылады. Үзіндісі былай:
«…– Шығармашылық тарапынан сынға ұшырап көрдіңіз бе?
– Оның бәрі болды. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей, жойдасыз сынағандар да кездесті. Өз басым Рәтбек Терлікбаев деген арғы-бергі әдебиетті өте терең білетін, өлеңнің бағасын ұғатын ақын інімнің сынын шын сын деп, ерекше қабылдаймын».
Есенқұлмен әңгімелескен журналист Ғафура Сәрсенбайқызына қайран ақын тура осылай жауап қайтарыпты. Ғаламтор парақшасында сақталып қалған бұл жолдарды жуырда оқып отырып, марқұм ағамыз бізді бір көтеріп тастапты-ау деп тебіренгеніміз рас. Бұдан басқа кезде де жампоз ақын өзі өмірден өткенше атымызды атап төрт-бес жыр арнады. Соның бәрінде біздің шынайы болмысымызды жасырмай жайып салғанын енді айтып жату да артық.
Есенқұлдың бар сыры артында қалған өлеңдерінде тұнып тұр. Кейде мына өмірдің терең пәлсапасын шымырлай түйіндеп, көкейінің сонау бір түкпіріндегі бүкіл шындығын бүкпесіз ақтаратыны, Мұқағали ағасына ұқсап кететіні неден осы деп таңғалатынбыз. Сөйтсек, оның да тағдырмен байланысты тылсым тұстары, сәйкестігі бар көрінеді. Біреуі ақпанның 9-ында, енді бірі 10-ында туды дейтін құжат жазбасындағы ұқсастықты Есен ақын «Туу туралы куәлік» деп аталатын өлеңінде былай тарқатады:
Болмаппыз, шыны керек, туа мықты,
Жабысқан дерттен жаным суалыпты.
Азайып анамыздың ақ үміті,
Алмапты «Туу жайлы куәлікті».
Үміттің үзілген тек жері бар ма?
Бәрібір тоқтамапты өмір-арба.
Жыл өткен соң тіркепті ауылсовет,
Туды деп мені оныншы февральда.
Өлер деп көздің жасын сан ағызған,
Өмірге қайта кепті жаңа бір жан.
Бір күнге мен осылай кеш туыппын,
Мұзбалақ Мұқағали ағамыздан.
Туа сап сол ақынға ауды да есім,
Пір көріп өттім өлең дәу киесін.
Мұқаңнан мені өмірге кеш әкелген,
Ауылсовет, сен қандай әулиесің?
Шынымен, болмасақ та туа мықты,
Мұқалмас жырмен Мұқаң суарыпты.
Өлең, сенің өзіңнен алсам деймін,
Туу жайлы ендігі куәлікті.
***
Алайда Мұқағалидың да, Есенқұлдың да нақты туған күндері ақпанның тоғызы мен оны деген цифрмен тіпті сәйкеспейді. Мәселен, қазақтың белгілі ақыны Айтақын Әбдіқалов құрастырып, 1995 жылы «Жалын» баспасынан жарыққа шыққан «Мұқағали» атты естелік кітабын парақтап көрсеңіздер, мынадай дерекке тап боласыздар:
«…Нағиман апаның айтуынша, ақын ұл 1931 жылдың наурыз айының сегізінде дүниеге келген екен.
– Жаңылысуым мүмкін емес, себебі Мұқағали дүниеге келгенде енді бір жұма көлемінде жыл басын, яғни, Жаңа жылды күтіп отырғанбыз. Ал құжатта қалайша ақпанның тоғызы болып жүргенін білмеймін.
Расында да, өмір деген мекеме алдында Тиын, Мөнтей сынды әжелері, Бәтине сияқты апалары «қабылдап алып», қызыл шақалақты со-н-о-ау қара шаңырақ көгіне әуелете көтергенде, балауса көктем бар бояуымен балбырап, табиғаттың сүттей ұйыған шағы екен», – деп жазады Нұрлытай Үркімбаева осы кітаптың 202-бетіндегі «Бұлақтың жақсы болмағы…» атты естелігінде.
Ал Есенқұлдың нақты туған күні – 1953 жылғы желтоқсанның 19-ы. Төлқұжатында «Ауылсовет әулиенің» дәргейімен ақпанның 10-ы болып жазылғанын ақын жоғарыда біз тұтастай келтірген өлеңінде әдемілеп айтқан. Демек, екі ақынның да туған күні туралы бүгінде жалпы жұртшылық малданып жүрген мәліметтің шындығы басқаша. Екеуінің өмірге келген сәтін сәйкестендіріп тұрған – табиғаттың бір құдіреті шығар, мұны тіпті тылсымның бір сыры деп түсіну керек пе, қалай өзі?
***
Иә, жас шамасының арасы жиырма үш жылға жуықтайтын осынау екі ақынды поэзияда тағы қандай ерекшеліктері байланыстырады?
«…Мұқағалидың қайсы өлеңін алсаң да қандай әдемі, тілі жатық. Бір сөзі, ұйқасы шашау шықпай, орын-орнында тізіліп, нөсерлеп, төгіліп тұрады. Адам баласының шыңырауда жатқан ойын, тұлабойындағы небір әдемі сезімдерін қозғайды, дәл басады. Мұқағали поэзиясы ерекше. Қартқа да, жасқа да, шопанға да, ғалымға да түсінікті. Өлеңдері – тұнып тұрған музыка», – дейді ақынның зайыбы Лашын Әзімжанова біз дерегіне үңілген «Мұқағали» атты естеліктер кітабының 49-бетінде.
Айтса айтқандай-ақ. Ал енді «адам баласының шыңырауда жатқан ойын, тұлабойындағы небір әдемі сезімдерін» Есенқұлдың да мүлт кетпей аңғаратыны ағасына ұқсамай ма?
***
Ал әзірше, біреуі 93 жасқа, енді бірі мерейлі 70 жасқа толып жатқан екі арысымыздың туған күндері құтты болсын дейміз-дағы. «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» – деп ұлы Мұқаң бекер айтпаған шығар? Ақпанның 9-ы мен 10-ы күнінде «құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып», тойлай беріңіздер, қадірлі жырсүйер қауым!
Рәтбек Сағид-Уаһас,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі