Былтырғы жылдың желтоқсан айында Үштөбе қаласындағы үйлердің бірінде жылу жүйесінің жарылуы салдарынан 2017 және 2021 жылы туған екі бала термиялық күйік пен жарақат алып, Көпсалалы облыстық балалар ауруханасына ауыр жағдайда түскен болатын. Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен медициналық көмегінің арқасында екі бала да аман қалды. Оларға медициналық авиация желісі бойынша көмек көрсетіліп, реанимация бөлімшесінде емделді.
-Денесінің 85 пайызын термиялық күйік алған бала реанимация бөлімінде бақылауда бір ай болды. Оған жоғарғы технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Бүгін бала үйіне аман-есен шығарылды. Оның інісі реанимация бөліміне бет, мойын, кеуде қуысының алдыңғы жағы, екі жоғарғы аяқ-қол аймағында, дененің алдыңғы қабырғасында, төменгі екі аяқтағы күйікпен түскен болатын. Сәтті емдеуден кейін 12 қаңтарда ауруханадан шығарылды, – деді балалар хирургі Даурен Тасболатов.
Даурен Азизбекұлының айтуынша, дененің 40 пайыздан астамы күйіп қалған адамның жағдайы өте ауыр жарақат деп саналады. Бұл жағдайда балаларда денесінің 80 пайыздан астамын күйік шалған. Талдықорған қаласының реаниматолог, травматолог және хирург дәрігерлерінің кәсіби және жанқиярлық әрекеттерінің арқасында ғана балаларда аса ауыр асқынуларға ұласпай, зақымдалған аяқ-қолдары толық емделді. Бүгінде олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.