Жыл сайын 9 ақпанда күллі алаш жұрты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың рухына тағзым етеді. Бұл күні ақынның көзін көрген аға буын өкілдері жиналған жұртқа жыр жампозының алабөтен тағдыры, өрнекті өмірі жайлы естеліктер айтады. Қылқалам шеберлері өлең-жырларының желісін арқау етіп, майлы бояумен бейнелеген туындыларын ұсынады. Ақындар әлі сиясы кеуіп үлгермеген өлеңдерін шабыттана оқиды. Әсем әуендер құлақтан кіріп, бойды алады.
Дәстүрге айналған туған күн кеші ақынның кіндік қаны тамған қасиетті Қарасаз ауылында өріс тапты. Алматыдан, облыс орталығынан келген қаламгерлер мен өнер иелері қуанышқа ортақтасты. Шараға жиналған көпшілік айрықша сәттің беташарын ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Бұдан кейін әдеби-мемориалдық музейде меймандарды А.Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназияның оқушылары зор құрметпен қарсы алды. Жас ұрпақ ақын өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқып, музейдегі жәдігерлердің тарихына тоқталды
Музейден мерейленіп шыққан жұртшылық келесі сәтте Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйіне бет түзеді. Өнер ошағаның кіреберіс кең залына орналасқан жергілікті қылқалам шебері Нұрболат Ысқақовтың Мұқағали шығармаларына арнаған көркем туындыларын тамашалады. Ауданның кітапханашылары ұйымдастырған кітап көрмесіне ден қойды.
Ақынның туған күніне арналған шараның негізгі бөлімі «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды бағдарламамен ұштасты. Кештің беташары Райымбек аудандық «Хантәңірі» халық театры өнерпаздарының «МЕН» деп аталатын ақынның күнделігі мен өлең-дастандары үйлестірілген шағын көрінісімен ашылды. Келесі кезекте мінбеге көтерілген Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев жиналған жұртшылыққа өзінің ыстық ықыласты құттықтау сөзін арнады.
– «Ақынын іздеген ел – бақытты» деген ұлағатты ұғым бар. Оның айқын дәлелін қазақ жырының Хантәңірі Мұқағали Мақатаевтың өміршең шығармаларын насихаттауға, есімін есте сақтауға арналған игі істерден білеміз, – деген аудан басшысы ақын туған өлкеде қолға алынып, үздіксіз жалғасып жатқан, тәрбиелік мәні, танымдық-тағылымдық шарапаты мол шараларды тілге тиек етті.
Келесі кезекте сөз алған Алматы облыстық Халық шығармашылығы орталығының директоры Әнуар Үмбетәлиев ағынан ақтарыла тілек-ниетін айтып, Мұқағали мұрасын халық арасында кеңінен насихаттап жүрген Нұрболат Ысқақов, Бақыт Раева, Еркін Мүсілімұлы, Медет Серікұлы сияқты ауданның бірқатар азаматына Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахымның Алғыс хатын табыстады. Қазақстан Жазушылар Одағының Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Қанат Әбілқайыр Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкеновтың ақын шығармаларын қаламгерлер орталығымен байланыстыруда ізденісті еңбек етіп келе жатқан ауданның мұқағалишыл жұртшылығына жолдаған құттықтау хатын аудан әкімі Берік Фатықұлына тапсырды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Бақыт Беделхан, Ержан Тоқтар сынды танымал ақындар «Мұқағали мұңы» атты өлеңдерін оқыды.
Ақын рухына құрмет көрсете келген Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі бар өнерлерін салып, әдеби-сазды кештің әрі мен сәнін кіргізе сахнаны әсем әуен, мың бұралған бимен көмкерді. Сондай-ақ, Айткүл, Қанат Құдайбергеновтер, Қуаныш Шәкіров, Өмірқұл Айниязовтың орындауындағы ақын сөзіне жазылған әндер құлақ құрышын қандырды.
Айтпақшы, бұл күні ұлттық ат спортының да туы желбіреді. Ат құлағында ойнап жүрген белдері мығым, бұлшық еттері сом-сом болып бұлтылдаған атан жілік жігіттер көкпардың көрігін қыздырды. Бәсекенің қорытындысы бойынша Сарыбастау ауылының белгілі азаматы Мақсат Әшімбаев тіккен екі, жамбылдық кәсіпкер тіккен бір, Қарасаз ауылының атбегілері тіккен бір, барлығы төрт тайды, ақшаға шаққандағы құны 1 млн. 300 мың теңге болатын жүлде қорын жеңіс тұғырының ретімен өзара бөліске салды.
Сөйтіп, ақынның туған күнін дүбірлі думан, торқалы тойға ұластырған жырсүйер қауым жыл айналып келіп отыратын осынау қастерлі сәтке осы жолы да айрықша құрмет көрсетті. Мәңгілік сөнбейтін рухына жүректерінен орын беріп, тағы бір аспандатты.
Жұмабек Тәліпұлы,
Райымбек ауданы