Бүгінде мемлекеттер арасындағы ынтымақ нығайып, достық және іскерлік байланыс артып келеді. Тәуелсіз елдер арасында шығармашылық қарым-қатынас қалыптасып, өнер көкжиегі ашыла түсті. Осы орайда Үндістан Республикасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Сураджкунд мела» халықаралық қолөнер фестивалі биыл да жаңа рәуіште көрініс тапты. Жыл сайын ақпан айының басында Харьяна штатының Фаридабад қаласында өтетін халықаралық қолөнер көрмесі биыл 37 мәрте достастық елдердің мәдениеті мен ұлттық дәстүрін паш етті. Әлемдік деңгейдегі мәдени шарада облыс әкімдігінің қолдауымен «Алатау әуендері» концерттік ұйымының «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі де өнер көрсетуде. Шараның ашылу салтанатына Үндістан Президенті Драупади Мурму қатысып, елуге жуық елдің өнері мен мәдениетін тамашалады.
Кез-келген елдің мәдени мұрасын танытатын ең ірі халықаралық фестивальге биыл әлемнің 47 мемелекеті қатысып, келушілер саны 1 миллион 500 мың адамнан асты. Аталмыш өнер жәрмеңкесі алғаш рет 1987 жылы өткізілген. Міне, сол уақыттан бері игі іс дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Бүгінде ауқымды іс-шара Үндістанның қолөнер, тоқыма бұйымдарын әйгілеп қоймай, өзге мемлекеттердің де салт-дәстүрін айшықтап, мәдени мұрасын дәріптейтін маманданған көрмеге айналған. Фестиваль әлем халықтарының өзара тәжірибе алмасуын көздеп, елдер арасындағы қарым-қатынасты арттыруға бағытталған. Сондай-ақ әр мемлекеттен барған өнер саласының өкілдеріне шығармашылық қабілетін дамытуға, өз шеберлігін танытуға мол мүмкіндік береді. Өнер, мәдениет, дәстүр, фольклор, музыканың алуан түрлілігі тоғысқан ауқымды жәрмеңке әлемнің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдардың да дарынын еселеп, өнерін өркендетуге шақырады. Биыл ақпанның 2-ші жұлдызында шымылдығын ашқан өнер көрмесі 19 ақпанға дейін жалғаспақ.
Үндістандағы халық шығармашылығы мен қолөнерінің халықаралық көрмесінде әлем елдерінің әртістері мен қолөнер шеберлері өз жетістіктерін көрсетті. Қолөнер экспортын дамытуды көздеген Үндістанның сән, тоқыма, жиһаз жәрмеңкелері жиналған жұртшылықтың көз жауын алып, әлем халықтарын тамашаға бөледі. Өзге мемлекеттердің де қолөнер бұйымдары жоғары баға иеленіп, жергілікті халықтың таңдайын қақтырды. Әсіресе, еліміздің салт-дәстүрін танытатын түрлі қолөнер туындылары мен керемет дайындалған кәдесыйлар фестиваль қатысушыларының қуанышын еселей түсті.
Шет мемлекеттегі шараға облыс әкімінің қолдауымен барған «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерті де үндістандық көрермен көңілінен шығып, мәдени шара меймандарының қошеметін иеленді. Өнер атаулының бәрін бір арнаға тоғыстырып, дәстүрімізді жаңғыртып жүрген ансамбль өз шығармашылығын шалқытып, қазақтың әні мен биінен Ұлы даланың үнін танытты. Көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер мен мың бұралған бишілер, талантты күйшілер фестиваль қатысушыларының таңдайын қақтырып, қазақ өнерінің қайталанбас мәнін көрсетті. Әлемдік шарада қазақтың төл өнерін дәріптеген өнерпаздар арнайы қойылған жұмыс кестесіне сай көрме аяқталғанша күніне бір мәрте концерт беруде.
Халықаралық мәдени шараға өнер ұжымын бастап барған «Алатау әуендері» МКҚК директоры Ұлпан Ербатыровамен сөйлесудің сәті түсті. Оның айтуынша, «Сураджкунд мела» көрмесінің барысында еліміздің салт-дәстүрі мен қолөнер туындыларына тамсанушылардың қарасы қалың болған. Әсіресе, өнерпаздардың шығармашылығына шаттана қарап, мақтана құрмет қылғандардың қатары көп екен. Тіпті, концерт барысында кейбірі сахнаға көтеріліп, қазақтың би ырғағына қосылып тербелсе, кейбірінің қазақ әндерінен құлақ құрышы қанып, қосыла шырқаған. Ал еліміздің музыкалық аспаптары үнділіктерді тамсантып қана қоймай, қазақ өнеріне деген қызығушылығын арттырған. Ұлпан Құдайбергенқызы өз сөзінде:
– Ауқымды фестивальде көздің жауын алатын жауһарлар мен әр мемлекеттің мәдени өнері дәріптелуде. Әсіресе, жиналған жұртшылық біздің қолөнеріміз бен шығармашылығымызға таңдай қағуда. Концерт барысында сахнамыздың тұсына мыңдаған көрермен келіп, қолдау көрсетуде. Олардың өнерпаздарымызға аямай қошемет білдіріп, қол соққанынан қазақ өнерінің жандарына жаққанын байқадық. Тіпті, жергілікті тұрғындар әнші-бишілеріміздің қазақы нақыштағы киім үлгісіне тәнті болып, олармен жиі суретке түсті, – деп мәдени шараның шарапатын сездірді. Сондай-ақ, шетелдіктерді домбыра, қобыз аспаптары аса қатты қызықтырып, күй өнері көрме тамашалаушылардың көңіл көкжиегін тербеткен.
Фестивальде елімізге танымал күміскөмей дәстүрлі әншілер Ұлы даланың шығармашылығын көрсетіп, еліміздің ерекше өнерін паш етті. ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлшат Тәкежанова, халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты, дәстүрлі әнші Байбақты Ідірбай, тағы басқа да өнерпаздардың баурап әкететін туындылары тыңдармандардың ыстық ықыласын иеленді. Бишілердің де мың бұралған биі концерттің шырайын ашып, шетелдік көрерменнің көңілін еселей түскен. Бір сөзбен айтқанда, бедел биігі күн сайын артқан «Алатау әуендері» концерттік ұйымының «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі шетелдегі мәдени шараны қазақ халқының ұлттық, дәстүрлі, фольклорлық әуендерімен әрлеп жіберді.
Аумағы 50 мың гектарды қамтитын ауқымды фестивальде Үндістан, Египет, Марокко, Тунис, Зимбабве, Кения, Ливан, Уганда, Оңтүстік Африка, Ресей, Армения, Ауғанстан, Бутан, Вьетнам, Қазақстан, Қырғызстан, Непал, Тәжікстан, Өзбекстан, Канада сияқты мемлекеттердің көрме павильондары орналасып, әр ұлттың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары дәріптелуде. Осыған байланысты «Сураджкунд Мела» әлемдегі ең ірі қолөнер фестивальдерінің бірі болып саналады. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылған ұлттар достығын насихаттайтын көрме келер жылы да кең ауқымда өткізілмек.
Құралбек Сәбитов