Өткен ғасырдың ел тәуелсіздігін қайтарып алған тоқсаныншы жылдарының басында Әділет министрі болған Нағашыбай Шәйкенов деген аты аңызға айналған заңгер бар еді. Республикалық «Заң» газетінің бас редакторы болғандықтан оның көптеген конституциялық реформаны жүзеге асырғанына куә болдық. Өзіміз де оған атсалыстық. Есімде, еліміздің жаңа Азаматтық кодексін жасау барысында ол қозғалмайтын мүліктердің құжатын жасау бағытын ұсынып, оның жүзеге асуын қатаң қадағалады. Бұл тәсілде қозғалмайтын мүлік фамилияға байланбайды. Мүлік паспортында қажетті барлық дерек көрсетіледі. Ал оның иесі сату-сатып алу, мұрагерлік немесе сыйға тарту жолымен өзгере береді. Ал қозғалмайтын мүлік негізгі объект ретінде өзгеріссіз қалады. Өмір мұндай тәсілдің өміршеңдігін көрсетіп берді.
Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Алматы облысы да қозғалмайтын мүлік сияқты. Оның өз тарихы бар. Алматы облысы қаншама рет бөлінді, қаншама рет қосылды. Қарап отырсақ, Алматы облысы 1932 жылдың 10 наурызында құрылыпты. Он екі жылдан кейін, Кеңес-Герман соғысы жүріп жатқан кезде, 1944 жылы 16 наурызда Алматы облысынан Талдықорған облысы бөлініп шығады. Талдықорған облысы 1959 жылы қайтадан Алматы облысына қосылды. Сегіз жыл Алматы облысының құрамында болып, 1967 жылы 23 желтоқсанда қайта бөлінді. Отыз жыл жеке облыс болып тұрып, 1997 жылы 22 сәуірде Талдықорған облысы таратылып, оның аудандары Алматы облысына тағы бірікті.
Облыс орталығы мәртебесінен айырылып, азып-тозып бара жатқан қаланы сақтап қалу үшін 2001 жылғы 14 сәуірде «Алматы облысының әкімшілік орталығын көшіру туралы» Жарлыққа сәйкес Талдықорған қаласы Алматы облысының орталығына айналды. Бөлінсе де, қосылса да Алматы облысы сақталып қалды. Оның ресми басылымдары да бүкіл өлке тарихында үзілмей жалғасып келеді. Соның деректерін келтірейін.
Алматы облыстық қоғамдық-саяси газетінің тарихы 1918 жылы 21 маусымда алғашқы саны шыққан «Жетісу ісші халық мұқбыры» басылымынан бастау алады. Одан кейін облыстық басылым «Көмек», 1920 жылдан «Ұшқын», одан кейін «Бұқара», «Кедей еркі», 1922 жылдан «Тілші», 1934 жылдан «Сталин жолы», 1954 жылдан «Коммунизм таңы», 1963 жылдан «Жетісу» деген атпен шығып келді. 2002 жылы облыс орталығы Талдықорғанға көшірілгенде облыстық «Жетісу» газеті де Алматыдан Талдықорғанға қоныс аударды. Бұрынғы Талдықорған облысының «Жерұйық» газеті шығуын тоқтатып, «Жетісуға» қосылды.
Алматы облысынан бөлініп, Талдықорған өңірінде Жетісу облысы құрылған кезде атына заты үйлесіп тұрған соң «Жетісу» газеті Жетісу облысының басылымына айналды. Ал барлық негіздердің негізінде тұрған Алматы облысы Қонаев қаласын (бұрынғы Қапшағай) орталық ете отырып, өз басылымын «Алатау арайы» деп атады. Ол тақыр жерден пайда болған жоқ. «Алатау арайы» газетінің атауы жаңа болғанымен оның тарихы Алматы облысының тарихынан ажырағысыз. Оның тарихы Алматыда 1918 жылы шыққан сонау «Жетісу ісші халық мұқбыры» газетінен бастау алады. Осы үрдіс басылымнан-басылымға ауысып, үзіліп қалмай, «Алатау арайы» газетінде де жалғасын табуы тиіс.
Алматы облыстық газетінің тарихын жетік білетініміз, өзіміз журналистік еңбек жолымызды 1969 жылы сол «Жетісу» газетінен бастағанбыз. Мені қызметке алған сол кездегі редактор Әбдуәли Қарағұлов болатын. Ол кісі газет тарихынан жиі сыр шертіп отыратын. Мен келерден бір жыл бұрын 1968 жылы маусым айында Алматы облыстық газеті өзінің шыға бастағанына 50 жыл толуын атап өткен.
1978 жылы басылымның 60 жылдығына арналған мерейтойлық нөмір макетін жасау, материалдарын түгендеу маған жүктелді. Біз де мүлт кетпеу үшін газет тарихына мұқият шұқшидық. Түрлі-түсті, өте бір керемет нөмір шығарғанымыз есімде. Облыстық басылымнан қанат қағып, кейін 1990 жылдарда Жоғарғы кеңестің органы – «Халық кеңесі» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқардық.
Уақыт көші ілгері жылжып, одан соң «Заң» газеті, «Қазақстан-ZAMAN», «Президент және халық» газеттеріне, «Қазақстан-1» телеарнасына басшылық жасадық. Міне, 55 жылдан бері тынымсыз журналистік қызметпен айналысып келеміз. Бас редакторлар клубының ақсақалына айналдық.
Облыстық басылымның 100 жылдық тойына да қатысқанымыз есімізде. Биыл, міне, осы ойымызды түйіндеп, саралай келгенде, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетіне 106 жыл толғалы отыр. Ардагер журналист ретінде осы үдерістерді ресми түрде бекіту маңызды деп есептеймін. «Алатау арайы» өзінің бастауларымен байланысты болуға тиіс!
Марат Тоқашбаев,
жазушы-публицист,
Қазақстан педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор