Сейсенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бес жыл бұрын өз бастамасымен құрылған Президенттік жастар кадр резервінің кезекті форумына қатысып, ел келешегі, біліктілік, кәсіби жаңа көзқарас, ашықтық тақырыбында сөз сөйледі. Жиын алдында Президенттік жастар кадр резервімен байланысты жаңа жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, «Е-қызмет», «e-Akimat-365»» ақпараттық жүйелерінің артықшылықтары, «Citix» компаниясының әлеуеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика секторына инвестор тарту тәжірибесі туралы мәліметтер ұсынылды.
Президент форум қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде жастардың инновациялық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек.
Бүгінде Президенттік жастар кадр резервінде 400 маман бар. Оның 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымға тағайындалған. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етуде. Президент өз сөзінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрайымы болған Анар Жайылғанованы мысалға келтіріп, кезінде осы бастаманы жүзеге асыруға мол үлес қосқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы жуырда аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталатынын мәлімдеді. Әкімдер оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеру маңызды. Президент мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту мәселесіне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, барлық салада, әсіресе, мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп үстемдігі қатаң сақталуы тиіс.
– Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуы тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Баяндама айтылғандай, билік өкілдері әрдайым халықпен бірге тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Кез келген мәселені уақытылы шешіп отыру – негізгі міндет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» дәл осындай құндылықтар орнығуы керек. Сонымен қатар Президент мемлекеттік қызметте білікті салалық мамандардың тапшылығы сезілетінін айтты. «Бұл ретте еліміздегі бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар жеткілікті. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін жеке сектормен бәсекелес еңбекақы белгілеу қажет екенін атап өтті. «Әрине, жалақы мен сыйақыны шектен тыс көп беруге болмайды. Бірақ таңертеңнен кешке дейін, уақытпен санаспай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге белгілі бір деңгейде материалдық өтемақы төленуі керек деп санаймын. Мәселе өте өзекті. Біз мұны мемлекеттік қызметшілердің пайдасына шешеміз. Олардың баспана мәселесін де тиісті деңгейде шешу керек. Бұл бойынша Сингапур және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ғалымдарды, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, әсіресе, еріктілерді қызметке тартудың мәні зор екенін айтты. Бұл ретте Президент еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құрып жатқанына, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне назар аударды. Мемлекеттік қызметте әйелдердің үлесін арттыру қажеттігін, олар өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын тілге тиек етті. Сонымен бірге, жауапты қызметтерге мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да қатыстырудың маңыздылығын алға тартты.
Форумда белгілі болғандай, жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қызмет, лауазым ауысса, «командамен көшу» үрдісі тыйылмай тұр. Бұл мәселені Президент Әкімшілігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қатаң бақылауға алуы тиіс. Президенттің тағы бір ерекше тоқталған тақырыбы жылдар бойы жауыр болған бюрократия жайы болды. «Қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мемлекеттік қызмет жүйесінде барлық үдеріс ашық болуға тиіс. Мемлекет адам үшін қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн», – деді Президент.
Бұл ретте IT-шешімдер арқылы мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыру, жасанды интеллект, заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнату аса маңызды. Осылай өз ойын өрбіткен Мемлекет басшысы жас ұрпаққа зор сенім артатынын алға тартты. «Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Форум соңында «Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company» институционалдық серіктестер департаментінің директоры Жанар Нұржанова, «Wand synthesis Al» машиналық оқыту жүйесін әзірлеуші Әлібек Сайланбаев, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі инновацияларды дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаев сияқты өз саласында үлкен жетістікке жеткен мамандар ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, Президент сөзіне үн қосты.
Қуаныш Тұнғатар