Облыс әкімдігінің мәжіліс залында үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, үйлестіру кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбдірахым ашып, жүргізген жиынның күн тәртібінде келелі үш мәселе қаралды. Кеңес отырысына онлайн режимде Қонаев қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиынды бастаған Нұрлан Ерғалиұлы 27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі азаматтық қоғамдық институттарды дамытуға айрықша атсалысып, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті нығайту жолындағы белсенділіктері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, ҮЕҰ өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге тоқталып, ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді уақытында ұсыну керектігін қадап айтты. Ол өз сөзінде:
Бүгінгі таңда ҮЕҰ-дың, оның ішінде, қоғамдық қорлар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен әртүрлі қызмет түрлері бағытында әлеуметтік маңызы зор жұмыстар атқарылуда. Коммерциялық емес ұйымдар туралы Заңға сәйкес, ҮЕҰ-дар өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өз қызметі туралы, оның ішінде, өзінің құрылтайшылары, мүлкінің құрамы, ақшаның қалыптасу көздері және жұмсалу бағыттары туралы мәліметтерді жыл сайын ҮЕҰ-дар дерекқорының интернет порталымен 31 наурызға дейін ұсыну қажет. Өз мәліметтерін дер кезінде тапсырмаған ҮЕҰ-дар ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын естеріңізге саламын. Осы мәселені Қонаев қаласы мен барлық аудандар басты назарға алсын. Қорытынды жұмыстар кеңестің келесі отырысында қаралатын болады, – деп айтып өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыстық басқармалардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі жұмыстары туралы басқарма өкілдері баяндама жасады. Алғашқы сөзді білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Молотова алды. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс арқылы зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтау және дер кезінде психологиялық көмек көрсету, девиантты мінез-құлық пен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының алдын алу мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға 30 млн теңге бөлінген. «Жанұя» отбасын қолдау орталығы арқылы 2023 жылдың қыркүйек айынан 2024 жылдың қаңтар айына дейін білім алушылардың психологиялық жағдайын анықтау бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізілген. Білім басқармасының өкілі зорлық-зомбылыққа ұшыраған және девиантты, суицидтік мінез-құлық тенденциялары бар кәмелетке толмағандарды ерте анықтау мақсатында 26 колледж мен 378 білім беру ұйымдары цифрлық платформаға тіркелгенін тілге тиек етті. Педагог-психологтың онлайн кабинеті арқылы 189 678 оқушы тестілеуден өтіп, зерттеу нәтижелері бойынша жоғары тәуекел тобы 10 606 оқушыны, жасырын тәуекел тобы 31 166 оқушыны құраған. Әлия Максимқызы оқу жылының басынан бастап 10 ауданның педагог-психологтары мен ата-аналар қауымына арналған 30 ісшара ұйымдастырылғанын да айта кетті. Сонымен қатар тәуекел тобына түскен өгей әкесімен (өгей шешесімен) бірге тұратын кәмелетке толмағандар жайлы деректерді де тарқатып, олармен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Суицидтік мінезқұлқы бар балалармен де жасалып жатқан қызметтер қатарын таныстырды.
Келесі болып сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ержан Байқоныс мүгедектігі бар тұлғаларға стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін айтып өтті. Оның сөзінше, бүгінгі таңда мүгедектігі бар 525 балаға 12 үкіметтік емес ұйым жартылай стационар жағдайында қызмет көрсетсе, үй жағдайында 49 мүгедектігі бар тұлғаға екі ҮЕҰ қызметі ұсынылады екен. Ержан Ділданұлы өткен жылдан бастап мүгедек балаларға қызмет көрсетудің жаңа түрі – иппотерапия енгізілгенін алға тартып, 2023 жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қызметтің бұл түрін 3 ҮЕҰ көрсеткенін тілге тиек етті.
Келесі кезекте баяндама жасаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке өткен жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде конкурстық іріктеу нәтижесінде 7 ҮЕҰ жұмысқа тартылғанын жеткізді. Аталмыш сала бойынша жұмыстардың негізгі бөлігі техникалық ерекшеліктерде жоспарланған қызметтерге сәйкес, белгіленген мерзімде жүргізілген. Ерғали Ақылбекұлы халық арасында, интернет және БАҚ-та түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жат діни ағым ұстанушыларын теологиялық оңалту жұмыстары бойынша ҮЕҰ-мен атқарылған жұмыстарға тоқталып, барлық жобалар басқарманың жұмысына оң әсер тигізгенін, облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарғанын айтып өтті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләйлә Серікбаева салауатты өмір салтын насихаттау бағытына тоқталып, бұл мақсаттағы жұмыстарға 28 млн теңге бөлінгенін жеткізді. ҮЕҰ арқылы 25 мың адам қатысқан 327 іс-шара өткізіліп, 132 семинар-тренинг ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша 10 билборд орнатылып, қоғамдық орындардағы LED мониторларында бейнеклиптер көрсетілген.
рсетілген. Күн тәртібіндегі келесі мәселе 2024 жылға бекітілген Үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар немесе мемлекеттік грантқа арналған жоспарларын ұсыну бойынша сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Жалғаспаева ҮЕҰ-дың қатысуымен ұйымдастырылатын мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың негізгі бағыттары жастар бастамаларын қолдау, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін, денсаулығын қорғау, гендерлік саясат, қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірлікті нығайту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары екендігіне тоқталып өтті. Облыстық Әділет департаментінен алынған мәліметтер бойынша облыс аумағында 373 үкіметтік емес ұйым (253 қоғамдық бірлестік, 120 қоғамдық қор) тіркелген. Алайда ішкі саясат басқармасының талдауы бойынша облыста барлығы 282 ҮЕҰ қызмет істейді. Әсел Мұратқызы өз сөзінде:
– Облыстық ішкі саясат басқармасы мен басқа да құзыретті басқармалар, аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдері азаматтарға өз пікірлерін қалдыруға мүмкіндік беру мақсатында 2024 жылға арналған мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс тақырыптарын ресми сайттарының «ҮЕҰ-ға арналған әлеуметтік жобалар» бөліміне орналастыруы қажет. Одан кейін тұжырымдама ережесі бойынша жылдың аяғында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың тақырыптарын үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестердің қарауында бекітілетін болады. Осы ретте мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың заңдылықпен орындалуы үшін Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау қағидаларында көрсетілген ережеге сәйкес жұмыс атқаруларыңызды сұраймын, – деп тапсырыс жөніндегі негізгі жұмыс қағидасын тарқатты.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы