Райымбек аудандық Мәдениет үйінде «Аялы алақан, мейірімді жүрек» атты аналар форумы өтті. Ізгі шараға облыстық аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Жошыбаева қатысты.
Аналар форумы Мәдениет үйінің кең залына қойылған танымдық көрмеден басталды. Онда осы өңірден шыққан, бүгінде есімдері республикаға кеңінен танымал ақын-жазушы, әнші, ғалым, кәсіпкер аналар мен қыз-келіншектердің шығармалары, ел экономикасын арттырудағы ерен еңбектері қойылған. Бұдан кейін әр ауылдық округ жанындағы аналар кеңесі дайындап әкелген көрмелерге кезек берілді. Аналар қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, ұлттық үлгідегі жасау-жабдықтар, иісі мұрын жарып, дәмі тіл үйірген ұлттық тағамдар көрермен көзайымына айналып, таңдайын қақтырды. Форумның негізгі бөлімі көрермен залында жалғасты. Аудандық Мәдениет үйі өнерпаздары орындауындағы ананың отбасындағы алатын орны, ананың балаға, баланың анаға деген махаббатына негізделген театрландырылған көрініс шынайылығымен көрермен жүрегін баурады.
Алғашқы құттықтау сөзін алған Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев аналарға деген ізгі тілегін жеткізіп, жүрекжарды алғысын білдірді. Осы шараға арнайы шақырылған бір топ ардагер ана Алғыс хатпен марапатталды. Өз кезегінде сөз алған Гүлнар Сағатқызы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, бала тәрбиесіндегі ананың орны туралы мәнді де мағыналы әңгіме өрбітті. Мінбеге келесі болып көтерілген Райымбек аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова өзі басқарып отырған мекеме жұмысынан қысқаша хабардар етті. Ауылдық аналар кеңесінде жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға да жұртшылық назарын аударды. Бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты көкейкесті мәселеге де айрықша тоқталды. Әлеуметтік желіге тәуелділіктен туған кереғар көріністер, тәлім-тәрбиеге кері ықпал ететін, сананы улайтын жағымсыз дүниелер сөйлеуші сөзіне кеңінен арқау болды. Әсіресе, бүгінгі қоғамға жат электронды темекінің дүкен сөрелерінде ашық сатылуы алаңдаушылық тудырып отырғанын, онымен көп болып күресу қажеттігін ортаға салды. Көпшілікті жастар тәрбиесін тиісті жолға қою үшін зиянды құбылыстармен жалпы қоғам болып күресуге шақырды.
Жиын барысында өзге аналарға да сөз беріліп, ақыл-кеңестері, ой-пікір, ұсыныстары тыңдалды. Форумға жиналған көпшілікке шара соңынан Райымбек аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары әсем ән мен билерін тарту етті.
Жұмабек Тәліпұлы,
Райымбек ауданы