«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп жатамыз. Сондай алтындарымыздың бірі – самбодан әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері, Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айсара Керімбекова.
Айсара – кезінде дүние жүзіне танымал болған, қазір тасада қалып қойған спортшы. Дзюдо мен самбодан әлемдік деңгейге көтерілген тұңғыш қазақ қызы. Қазақ тұңғышына әркез ерекше ықыласпен қарайды. Алайда, Айсара Керімбекова туралы мақалаларды оқығанда «тұңғыш балуан қызымызды аялай алмаппызау!» деген өкініштің жылт ететіні рас. Кезінде Бейсен Құранбек ағамыз балуан қыз туралы арнайы хабар жасап, «Айтуға оңай!..» бағдарламасына шақырып, сұхбат құрған. Одан кейін, іздеген жан болмады.
Балуан Айсара Керімбекова 1965 жылы 15 маусымда Кеген ауданы Ақтасты ауылында дүниеге келген. Әкесі Керімбек пен анасы Қалила он перзент тәрбиелеп өсірген асыл жандар еді. Сол шаңырақтың сүт кенжесі Айсара жеті жасында жетім қалды. Жетім қалғаннан кейін үлкен ағасы Бәйдіштің қолында тәрбиеленді. Көз ашқалы көргені – төрт түлік. Айсара малдың соңында жүріп, қара жұмысқа ерте араласты.
– Шөмеле-шөмеле шөпті төбемізден асыра лақтырдық, зілдей-зілдей тас көтеріп, қора салдық. Біз осылай шыңдалдық. Одан қалса, көкпар тарттым, бәйгеге шаптым. Әкеміз Керімбек кезінде мықты балуан болған. Сол қасиет маған да жұқса керек, ауылда күрестен жарыс өтсе, ағаларым мені ортаға шығаратын.
Той-томалақтарда үнемі ер балалармен айқастым. Мақтанғаным емес, қарсы шыққандарды жығатынмын. Өзімнен бес-алты жас үлкен ағам Мұқатай менің әр әрекетімді қызық көріп, кейде өзім құрыптас ұлдармен төбелестіріп те қоятын. Бір сөзбен айтсам, қыз бала болып, қуыршақ ойнаған күндерім тым сирек, – дейді Айсара Керімбекқызы.
1982 жылы орта мектепті тәмамдады. 1989 жылы Алматы қаласындағы Дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтады. 1984 жылдан бастап «Динамо» командасының құрамында дзюдомен айналысуды бастады. Сол жылы Брянск қаласында өткен чемпионатта Кеңес одағы бойынша екінші орынды иеленді. Содан бастап, одақ құрамасында сегіз жыл күресті. 1984-1996 жылдары дзюдо, самбомен қатар айналысты. Жыл сайын Қазақстанның чемпионы болды. Эстонияда, Беларусьте, Мәскеу қаласында өткен халықаралық турнирлерде бірінші орын иеленді. 1992 жылы еліміздің таңдаулы он спортшысы қатарына енді.
Осылайша, өткен ғасырдың 80-90-жылдары Айсара Керімбекованың даңқы дүркіреп, ірі халықаралық додаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Ең бастысы, ол күрес өнеріндегі қазақ қыздарының көшін бастады.
– «Қазір қайда жүрсіз, қайда жұмыс істейсіз?» – деген сауалымызға:
– «Мен үлкен спорттан кеткелі біраз жыл болды. Дегенмен күнделікті жаттығулардан қол үзген жоқпын. Ол өзім үшін керек. Ұзақ жылдар бойы Алматыдағы түрлі мектептер мен гимназияларда денешынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жас жеткіншектерді спортқа баулып, күрес өнерінің қыр-сырын үйреттім. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы құрылыс колледжінде еңбек етіп жүрмін. Білім алып жатқандардың дені – қарапайым ауылдың балалары. Мен оларды жаттықтырып, күрестен, тоғызқұмалақтан өтетін түрлі жарыстарға апарамын. Солардың арасында елеулі табыстарға қол жеткізіп жүрген шәкірттерім де бар», – деген спорт саңлағы қиналып жүрген қазақ балаларын өзі жұмыс істеп жүрген білім шаңырағына оқуға шақырды.
– Бір күні жалғыз өзім ауылдан тысқары жерде мал бағып жүргенмін. Бір мезетте астымдағы атым үрке бастады. Артынша қойлар жан-жаққа бытырап, қашты. Сөйтсем, бір қасқыр отарға шапқан екен. Мен оны қуалап жүріп, қамшымен сабап өлтірдім. Көп кешікпей, Мәскеудегі орталық басылымдардың бірінде осы оқиға жайында көлемді мақала жарық көрді. Іле-шала республикалық газеттердің де тілшілері сұрақтың астына алды. Міне, әпкең осындай еді. Сыйды да, құрметті де, өзектен тепкенді де көрдік, – деген балуан әпкеміз қасқырды қамшымен ұрып алған сәтін сөз арасында еске алды.
Айсара Керімбекова кезінде Мұстафа Өзтүрік, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыхановтармен бірге жүрді. Жауырыны жерге тимеген Жақсылық Үшкемпіровтің мектебінде болып, жарыстарға барған Айсарадай балуан қыз қазақ елінің дүниежүзілік деңгейде танылуына зор үлес қосты.
Тек, шаршамаңыз, бойында күшқайраты бар сіздей жандар халыққа әлі де керек-ақ! Қазақтың даңқын асырған балуан Айсара Керімбекованы ұмытпайық һәм ұлықтайық! Барды бағалайық!
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы