Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Алматы облысының цифрлық көшірмесі» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті. Брифинг барысында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Олжас Артықбай баяндама жасады.
– Қазіргі таңда басқарма тарапынан «Алматы облысының цифрлық көшірмесі» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – әкімдіктің және оның құрылымдық бөлімшелерінің ішкі процестерін, аналитикалық және бағдарламалық түрде визуализациялау мүмкіндігі бар кеңістікте облыстың цифрлық көшірмесін жасау арқылы өзара іс-қимылды оңайлату. Цифрлық көшірмеде 24 карта әзірленген. Оның алтауы ашық контурға шығарылған. Наурыз айының соңына дейін барлық карталарды ашық контурларға шығару жоспарланып жатыр. Сонымен қатар жоспардан тыс Алматы облысының мәселелер картасы құрастырылды.
Жобаның берер мүмкіндіктеріне келер болсақ, инфрақұрылымды геокеңістіктік талдау арқылы жобалық құжаттаманы әзірлеу бөлігінде бюджеттік шығыстарды оңтайландыруға, төтенше және басқа жағдайларда жедел шешім қабылдау уақытын қысқартуға, автомобиль жолдарының интерактивті картасындағы талдау арқылы жол қауіпсіздігін арттыруға, инженерлік желілердің цифрлық карталары негізінде коммуналдық қызметтердің үйлесімділігі арқылы төтенше жағдайларды азайтуға, қолжетімділікті жақсарту және әлеуметтік нысандардың қажеттілігін анықтау, демография, экономика және көлік жүйесі туралы кең мәліметтер жинақтауға, әртүрлі даму сценарийлерін модельдеу арқылы инвесторларға ықтимал тәуекелдер мен кірістерді бағалауға жол ашылады. Осы мысалдардың барлығы өмір сапасын жақсартуға, қоршаған ортаға жағымсыз әсерлерді азайтуға және тиісті салаларда тұрақты және интеллектуалды дамуды қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ, брифинг барысында облыстық ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметті көрсету бөлімінің басшысы Жанат Жарболов цифрлық көшірмеге сәйкес, облыста Сібір жарасы ошақтары (қызыл түспен) және мал қорымдары (күлгін түспен) белгіленіп, картаға түсірілгені туралы айтып өтті.
Облыс бойынша 99 Сібір жарасы ошағы бар, оның 87-сі көмілген. Олардың нақты нүктесі мен топографиялық картасы әзірленіп, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілген. Сонымен қатар 75 типтік мал қорымы бар. Мал қорымдары мен Сібір жарасы ошақтары санитариялық-қорғаныш аймағының картасында 1000 метр арақашықтықта белгіленген.
Цифрлық көшірме бағдарламасына сәйкес, басқармаға жолданатын өтініш хаттар азайды, басқарманың сайтына бағдарлама ашық түрде орнатылды. Бүгінгі күнде облыс тұрғындарына Сібір жарасы мен мал қорымдарының орналасқан жері сілтеме (https://gis. almatyregion.kz/portal/apps/sites/#/ digital-twin-of-almaty-region/apps) арқылы қолжетімді. Ай сайын цифрлық көшірме бағдарламасына мониториг жүргізіліп, жаңартылып отырады, – деді Ж.Жарболов.
Брифингте аталмыш тақырып бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары, полковник Данияр Қасымов та баяндама жасады.
Баспасөз мәслихаты соңында «Цифрлық карта қанша уақыт жұмыс істейді? Оған қанша қаржы бөлінді?» деген журналистер сауалына жауап берген Олжас Бауыржанұлы бұл алдағы уақытта тұрақты платформа болатынын, биыл бұл жүйеге 436 млн теңге қаржы қарастырылғанын айта кетті.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы