8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев әр салада жетістікке жеткен арулармен кездесіп, еркін форматта пікірлесті.
«Аналарымызды ардақтап, қадір тұтудың шектеулі мерзімі жоқ. Десек те, көктемнің күнін көрікті ететін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Олай болса, бүгін қоғамның барлық саласында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзік жандарға, аяулы аналарға шынайы алғысымызды білдірсек деген ниетпен жиналып отырмыз. Сіздерді қасиетті Жер-ана бусанып, қар астынан алғашқы бәйшешек бой көтеріп, жер-дүние күн шуағына бөленетін көктемнің көрікті мерекесімен құттықтаймын!», – деді аудан әкімі.
Мерекелік кездесуде аудандық орталық ауруханасының ревматолог дәрігері Қазына Серікбайқызы, шабандоз, көкпаршы Алтынай Еркінбек, жас кәсіпкер Сандуғаш Терлікбаева, «Кеген» халық театрының әртісі Бахаргүл Байболатқызы, көпбалалы жас ана Айдана Қойшыбекова, Кеңес Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Төкен Шұғылалар өз саласы бойынша атқарылған жұмыстарын айтып өтіп, жетістіктерін тілге тиек етті.
«Жас үздік кәсіпкер» атанған Сандуғаш Терлікбаева әйел және ана бақыты жайлы өнегелі ойларымен бөлісті. Әнші Бахаргүл Байболатқызы «Әйел әлемі» атты өлеңін оқып, мереке иелеріне жырдан шашу шашты. Кеңес Нұрпейісұлы атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Төкен Шұғыла жастарға жасалып жатқан мемлекеттік қолдауды тілге тиек етіп, ел мүддесі үшін аянбай еңбек ететіндігін жеткізді.
Кездесу соңында аудан басшысы салтанатты кеш қонақтарына Алғыс хаттар мен мерекелік сыйлықтар табыстап, естелік суретке түсті.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы