Қасиетті ораза айының басталуына байланысты ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша бас имамы Мадияр Пірімқұлов баспасөз мәслихатын өткізіп, атқарылар амалдар мен тыйылатын әрекет-қадамдардан мағлұмат беріп, жұртшылық көкейіндегі ізгі мерекеге қатысты бірқатар сауалға жауап берді. Сондай-ақ барша мұсылман үмбетін асыға күтетін қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
Мадияр Тағайбайұлы: «Алла Тағала, осы мүбәрак айда ұстайтын оразамызды, жасайтын құлшылық-ғибадаттарымызды, оқитын тарауық намаздарымызды, барша қайырымды істерімізді сауапқа жазып, қабыл етсін!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлылық, қайырымдылық, мейірімділік, ізгілік және бауырмалдық секілді асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек мен үшін. Оның сыйын (сауабын) өзім ғана беремін…», – деп, оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де «Мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жаннат дей келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және тағы басқа елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдарымен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін 11 наурыз етіп бекіткенін хабарлады. Сондай-ақ сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні, ал 10 сәуір – Ораза айт мерекесі екендігін әрі биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленгенін айтты. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелген. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталған. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады», – деп, Оразаның мәні мен маңызына қысқаша тоқталып, атаулы күндерін көрсетіп кетті.
Брифингте облыстық мешіттің бас имамы аймақ тұрғындарын қасиетті айда жүзеге асатын «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі» «Жомарт жұма» сынды қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырды. Жергілікті кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеп, Рамазан айына тура келген астарды ауызашар уақытында өткізген абзал екенін айрықша атап өтті. «Жақсы амалдарыңыз өздеріңізге еселеп жақсылық болып қайтатынында күмән жоқ», – деді бас имам.
Бас имам Ораза айында атқарылар бірқатар іс-шаралардан хабардар ете отырып, қосымша үндеулер мен тілектерін жеткізіп, игі ниетті мұсылман бауырларға деген батасын берді. Ол: «Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Сонымен қатар барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамыз.
Ораза айында Қрнаев қаласындағы облыстық орталық мешітте «Рамазан шатыры» құрылып, күн сайын 120 кісіге ауызашар дастарқаны жайылады. Сондай-ақ облысымыздың өзге мешіттерінде де күн сайын 10 мыңға жуық адамға ауызашар беріледі. Биыл өңіріміздің көптеген мешіттерінде тарауық намазында Құран хатым оқылады. Рамазан – Құран айы. Сол себепті, осы айда жергілікті мешіттерде Құран әліппесі мен намаз үйрету курстары да жүргізіледі.
Оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтар болса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығынан жауап алуға болатындығын хабарлаймыз. Орталық нөмірі – 8(7172)33-30-30. Сондай-ақ, Алматы облыстық орталық мешітіне қарасты пәтуа бөлімінің нөмірі – +8 777 014 6983.
Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай!
Алла Тағала отбасыларымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай!» – деп баяндамасын аяқтады.
Бейбіт Мекеев