Есімі елге белгілі қабырғалы қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Жұмабай Шаштайұлы 74 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы 10 қазанда Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң жергілікті шаруашылық жұмыстарына араласты. Екі жылдық әскери міндетін атқарды. Біраз уақыт мәдениет саласында еңбек етті. Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетінде қызмет істеген жылдар ол кісінің шығармашылық әлеуетін дамытуға негіз қалады. Өндірістен қол үзбей жүріп, Қазақ ұлттық университетін тәмамдады.
Жамбыл облысы Красногор аудандық «Коммунизм жолы» газетінде редактордың орынбасары болды. Республикалық «Лениншіл жас» газетінде, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі қызметтік сатысынан өтті. «Социалистік Қазақстан» газетінде шыңдалды. Қазақ радиосы және халықаралық «Заман – Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бас редакторлық қызметтерді атқарды. Осы кезеңдерде білігі мен білімін, тәлімгерлік қуатын, тұлғалық сипатын жан-жақты көрсетті. Еліміздегі ағартушылық-идеологиялық саланың рухани жетілуіне үлесін қосты. «Әдебиет – ардың ісі» деген ұстанымнан ешқашан айныған жоқ.
Таланты мен еңбегінің арқасында көптеген нәтижеге қол жеткізді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді. ҚР Президентінің сыйлығына ие болды. «Парасат» орденімен марапатталды. Ең бастысы, мыңдаған оқырманның ілтипатына бөленді.
Жұмабай Шаштайұлы шығармаларының қазақ әдебиетінде алатын өзіндік орны бар. «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Аяз би» секілді кітаптары әлі де тартымды. Ұлттық телеарнада жүргізген «Үзеңгі жолдас» танымдық хабары құнын төмендеткен емес. Мұндай мысалдар қаламгер өмірінде көп.
Халқының қасиетін сөзбен сомдаған Жұмабай Шаштайұлы жерлестерінің мақтанышына айналған кемел жазушы еді. Қаламын қолынан түсірмеген күйі мәңгілік сапарға аттанды. Хош, асыл азамат! Жаныңыз жәннатта, топырағыңыз торқа болсын!