Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылында тұратын қадірменді қария Қазақ радиосында диктор болған, Нарынқол халық театрында қызмет еткен мәдениет саласының ардагері Бақытжан Атагелдиев жуырда «Ауыл» партиясы ұйымдастырған республикалық және облыстық батагөйлер байқауында жүлделі орын иеленді.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Мен бір бата берейін.
Айналайын, Алашым,
Асқақтай берсін мерейің.
Төрт құбылаң тең болып,
Ұрпағың көктемде шыққан
Көктемедей қауласын.
Ұлың миятты болсын,
Қызың ұятты болсын.
Келіндерің алтын құрсақ ана болып,
Төріңізге қарадомалақ бала толсын.
Немере мен шөбере,
Наурыздың гүліндей жайнасын.
Қазанымызда адал ас,
Қазы-қарта, жал мен жая қайнасын.
Ішкеніміз қымыз-шұбат, ақ болсын.
Басымызға бақ қонсын,
Ырысымыз ортаймасын,
Берекеміз қашпасын.
Қасиетті жерімізді
Жау табаны баспасын.
Ел басқарған азаматтар
Аспасын, таспасын.
Ел дәулетін оңды-солды шашпасын,
Өз Отанын өзі тонап, шетел асып қашпасын.
Жемқорлар мен парақордың көзі құрып,
Адалдық пен әділдік салтанат құрсын.
Жаңа жылмен ырыс, дәулет, бақ келсін.
Сол жақсылық сіз бен бізге тап келсін.
Әумин!
Бақытжан Атагелдиев
Шеңгелді ауылы,
Қонаев қаласы