Өмірден Жұмабай Шаштайұлы өтті… Қазақ көркемсөзі мен көсемсөздің ерен жүйрігі өтті…
Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Қызыл қар» атты алғашқы повесімен әдебиет босағасын аттараттамастан, биліктің қырына келіп, сынға ұшыраған жапжас қаламгердің өзін көрмей жатып, әуелі атын естіген кез есіме түсті… Құдай-ау! Ат арқасы қиянда жатқан малшы өмірінің шындығын жазғаны үшін Орталық комитеттің әңгіртаяғына іліккен жігітті бәріміз де көргіміз келді… «Қызыл қар» аз ғана уақыттың ішінде қолдан-қолға көшіп жүріп, жұлым-жырымы шыққан тоз-тоз мұқабалы кітапқа айналды. Қалың оқырманның жүрегіне жол тапты.
Әуелі сол көп оқырманның бірі ретінде танысып, келекеле өмір мен өнер, заман мен қоғам, ел мен жер хақындағы ойларымыз бен пікірлеріміз кісінесіп табысты. Екеуміз жиі-жиі жолығып жүрдік. Маған оның әдебиет хақындағы ойлары, ұстанымы, қолына қалам ұстаған жұртта сирек болатын ұяңдықпен қатар қажетті жерде шорт кетер мінезінің бары ұнады. Қазақы ортада туып-өскен ұлдың тұғырлы қалпы. Орынсыз өрекпімейтін, өрекпісі келгендерді орнына қоя білетін нағыз азамат-суреткер Жұмабайдың өмір жолына көз жүгірткен адамның «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Аяз би», «Жаңғырық» секілді кесек мінезді көркем туындылардың жаратылысы мен табиғатын тани түсері анық.
Арыңа кір жұқтырмай, арманыңды аялап, жазарыңды арқалап жүріп, сен де өттің бе? Асығыс аттанғаныңды ойлап, қиналдым. Бұйрықтың ісі болар. Тектілік пен беттілікті серік еткен сенің қайталанбас қалпың енді өз ортамызда жетпей тұрады. Ұнатқан адамыңа – ұлпадай жұмсақ, ұнатпағаныңа – ақ семсердей өткір мінезіңді іздейтіндер көп болады әлі. Мына жұмағы жүректерде үнсіз тынып күрсінген, тамұғы алашұбарланып, қоғамның бетіне шыққан дауасы кем заманда сен секілді аузын ашса, жүрегі көрінер жаны таза, ойы жомарт, қазақы болмысы менмұндалап тұратын көркем сөздің өрге салса, төске озар, таңда салса, кешке озар бір жүйрік тұлпарының енді аламандардың алдынан көрінбейтіні жаныма батты. Қабырғам қайысып, ішім құлазыды.
Бақұл бол, бауырым!
Елінің Туын биік ұстап, жарық дүниеден өткен Алаш ойлы асылдардың артынан сен де кетіп барасың, Жұмаш!
Рухың пейіш төрінде шалқысын!
Қош, қазақ көркемсөзінің ақ семсері!
Нұрлан Оразалин,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты