Тіршілік қарбаластан тұрады. Қарап тұрсақ, әр күніміз арпалысқа толы. Ала таңнан басталатын асығыс тіршілікте тамақтануға да аз уақыт бөлетініміз рас. Айналамызға көз жүгіртсек, тез тамақтанудың жолын қарастырып қойған дүңгіршектер, көшелерде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап тұрған ұйғырдың самсаханасы, түріктің донері мен шаурмасы, пицца, суши, «KFC» сияқты тез дайындалатын, шетелдік өнімдер қаптап кеткен. Тіпті алпауыт сауда орталықтарында да дәл осы көрініс менмұндалап тұрғаны тағы бар. Әттеген-ай, неге біз осы, өз жерімізде тұрып, ұлттық тағамдарымызды дәл осылай халыққа ұсына алмаймыз? Осы бір сұрақтың жауабын «Бауырдақ» фастфудтық тамақтану дәмханасынан тапқандаймыз. Иә, аты да ерекше. Қасиетті Рамазан айында «Бауырдақ» дәмханасынан ауыз ашып, оның иесі, кәсіпкер Ақтілек Азатбекұлымен әңгімелесудің сәті түсті.
Ақтілек Азатбекұлы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы, Кеңсай ауылының тумасы екен. Кезінде арман қуып, Алматыға келген жастардың бірі. Оқу бітірген соң, Өскемен қаласында 12 жыл әскери қызмет атқарған. Кейіннен денсаулығына байланысты басқа саланы таңдауына тура келген. Алматыға келген соң бір мейрамханаға кассир болып жұмысқа тұрады. Міне, осы кезден бастап аспаздыққа ден қоя бастайды. Бірақ көп ұзамай ол мейрамхана жабылғандықтан жұмыссыз қалды. Сол кезден бастап өз кәсібін ашып, жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамту жайын ойлайды. Мұнымен қатар қазақтың ұмытылып бара жатқан тағамдарын халыққа паш етуді ойлайды.
– Осы ойға алған ісімді жүзеге асырып, мақсатыма жету үшін он жыл уақыт кетті. Осы жылдар аралығында 14 дәмхана ашып, осыншама рет шығынға баттым. Әртүрлі ұлттың тағамдарын да дайындап көрдім. Бірақ мені үнемі «Неге ұлттық фастфуд дәмханаларын ашып, өз халқыма ұсынбасқа?» деген ой мазалайтын. «Қаншама ұлттық тағамдарымыздың ішінен неге бір фасфудтық жеңіл өнім ойлап шығармасқа?» деп көп іздендім. Алғаш ойыма келгені –шығысқазақстандықтар жақсы білетін «түйе бауырсақ» тағамы. Ол жаңа сойған малдың бауыры мен іш майынан жасалып, бауырсаққа салынып беріледі. Оны бала кезімізде сүйсініп жейтін едік. Сол бауырсақты ары қарай дамытып, оны тек бауырдан ғана емес, сиыр, тауық еттерінен, басқа да көкөністер, дәмдеуіштер қосып жасап, түр-түрін ойлап тауып, бауырдақ бургерін ас мәзіріне 7 жыл дегенде шығардым. Ең алғашқы тұтынушыларым студенттер болды. Олар «Бұл қандай тағам?» деп бауырдаққа қызығушылық танытты. Сөйтіп сұраныс арта түсті. Әсіресе, қыздар қатты ұнатып, жиі алатын болды. Өте дәмді, тойымды, бағасы да қолжетімді болған соң, жастарды тез баурап алды. Тұтынушылардың да қатары көбейіп, кезек күтіп тұрып қалатын күнге де жеттік. Осылайша бірнеше жыл бұрын ораза айында 2 мың бауырдақ, 6 мың бауырсақ тапсырыс қабылдап алып, белгіленген уақытынан кешіктіріп дайындап берген соң, ары қарай мұндай үлкен тапсырысты қабылдау үшін басқа да «Бауырдақ» дәмханаларын ашу керектігін түсіндім. 2018 жылдан бастап «Қазақ фасфуд бауырдақ» деп авторлық құқығымды дәлелдеп, патенттеп, Талдықорған қаласында өткен «Қазақ ұлттық тағамдары» фестиваліне қатыстым. Онда 16 қатысушының ішінен 1-орын иеленіп, Астанаға жолдама алдым. Бүгінгі таңда 22 «Бауырдақ» дәмханасы жұмыс істеп тұр. Жалпы фасфудтық өнімдерді шектеулі жас аралығындағы адамдар тұтынатынын жақсы білеміз. Ал «Бауырдақ» дәмханасында балалардан бастап қарияларға дейін түрлі ас мәзірі ұсынылады. Қазақтың барлық ұлттық тағамдарына тапсырыс беруге болады. Бесбармақ, қуырдақ, бас, құрт көже, сүйек сорпасы, қымыз, шұбат, қайнатылған құрт, ірімшік және жыл бойына наурызкөже мәзірге қойылған, – дейді кәсіпкер.
Бұл дәмханадан байқаған тағы бір ерекшелік – тамақ ағаш ыдыстармен ұсынылады. Тіпті қасыққа дейін солай. Ата-бабаларымыз денсаулыққа зияны жоқ ағаш ыдыстарды пайдаланғанын әрі бұл біздің ұлттық ерекшілігіміз екенін еске алсақ, кәсіпкердің игі бастамасы мен қолға алған ісіне шексіз риза боласың. Бүгінде әр жерден ашылған «Бауырдақ» дәмханасының арқасында ауылдың дәмі қаланың төрінде десек болады. Халқымыздың осындай ұлттық тағамдарын ұсынатын дәмханасы көп болсын дейміз.
Айнұр Нұржақып