Қазақстанда Наурыз мерекесі алғаш рет ресми түрде 1988 жылы атап өтілді. Содан бері Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымы ұлғайып келеді. 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп бекітті. Сол жылдан бастап Қазақстанда Наурыз мерекесі үш күн – наурыздың 21, 22, 23-і күндері тойланады. Ал биылдан бастап елімізде Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, Наурызнама онкүндігі жарияланды. Наурыз мейрамына байланысты этнограф Болат Бопайұлымен мерекенің мәні, оны қаншалықты ашып көрсете алып жүрміз деген тұрғыда сұхбаттасқан едік.
– Наурыз сөзінің этимологиясы парсының now – жаңа, ruz – күн деген сөзінен шыққанын білеміз. Десек те бұл мейрам нақты қашан, қалай пайда болды, қай халықтар тойлаған?
– Көнеден жеткен риуаяттар бойынша, Наурыз мейрамын тойлау Нұх пайғамбар қауымының топан судан аман шыққан кезінен бастау алады екен. Нұхтың топан суы қаптап, 40 күн, 40 түн (40 жыл деп те айтылады) суда жүрді делінеді. Сол топан су тартылып, жер беті көрінгеннен кейін Нұхтың қауымы кемеден шығып, кемедегі жеті дәннің басын қосып, тілеу көже жасаған екен. Балшық басып қалған ағаштарды тұрғызып, бұлақтардың көзін аршыпты. Жеті қат көктің астында, жеті қат жердің бетінде жеті жұрт, жеті атамен аман қалдық деп мерекелеген. Сол күні күн мен түн теңелген. Осылайша, ағаш егу, көже жасау салты сол заманнан басталған дейді. Бұл күні ренжіскендер болса кешірісіп, түсініспегендер түсінісіп, сәлем беріскен. Хан мен қара, ер мен әйел, қараңғы мен жарық, үлкен мен кіші, ана мен бала тең деп қараған дейді.
Бізге жеткен аңыздарда ораза ұстау да осы күнмен байланысты шыққан деседі. Кемеде қалған дәндерді жерге егіп, ол көктеп шығу үшін үш ай керек. Сондықтан, астықты үнемдеу үшін балиғат жасына толған адамдардың барлығы ораза ұстаған. Сонымен Ұлыс күні ұлы істерді орындайтын күн, Құдай Тағала бізге кереметтей мұғжиза көрсетті деп, тіршіліктің қамын жасаған. Наурызда арқан тартыс, көкпар тарту, балуандар күресі, теңге ілу, ақындар айтысын өткізу сияқты халықты жұмылдыратын ойын-сауық, үлкендерге құрмет, сый көрсету – мұның барлығы сол Нұх заманынан басталады деп айтып отыратын көнекөз қариялар.
Наурыз – тек қазаққа ғана емс, түркі тектес халықтардың бәріне ортақ мереке. Әзербайжан, ұйғыр, қырғыз, өзбек, татар, тәжік сияқты ұлттар да тойлайды.
– Кейінгі уақытта ұлттық құндылықтарға, тәрбиеге қатысты кері пікірлер айтылып қалады. Наурыздың жылдың жаңаруы ретіндегі сипатынан бөлек қандай тәрбиелік мәні бар?
Мереке бірлікті, елдікті, ұлтқа қатысты ерекшелікті көрсетіп, салт-дәстүрді жаңғыртады. Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та әз-Наурызды жаңғыру мен жаңарудың мерекесі ретінде жаңаша тойлауды айтты. Бұл – өте үлкен бастама. Сондықтан әз-Наурызды жақсылап өткізуіміз керек. Біз қазір Наурызды тек көже жасап, той-томалақ түрінде қонақ шақырып, мерекелік концерт ұйымдастыра салып қана өткізіп жүрміз. Мұны жастар қабылдамай жатыр. Оның себебі жыл санаудың екі есебі бар. Біріншісі, Күн есебі – Григорян жыл санауы, екіншісі, Ай есебі – Хижра жыл санауы. Григорян бойынша атап өтілетін Жаңа жылда жер-жерде ондаған миллион теңгеге шырша тігіліп, көшелер сәнделеді. Аяз ата мен Ақшақар образдары арқылы балаларға, бір-бірімізге сыйлық жасаймыз. Сол себепті де ол Жаңа жыл мерекесі ретінде сезіледі.
Ал енді Ұлыстың ұлы күні – Наурызда мұндай кейіпкер бар ма дейсіз ғой? Бар және ол өте керемет кейіпкер дер едім. Ол – Қыдыр ата. Ол – бақ иесі. Бала күнімізде біз соны көріп өстік. 14 наурызда амал күні кіреді. 15 наурызда Мәз дейтін амал, ал 21 наурызда Әз дейтін амал кіреді. Мәз келмей Әз келмейді, шағала келмей жаз болмайды дейтініміз содан. 21 наурыз – көктем мерекесінің басталуы. Бұл күні Қыдыр ата келеді. Қыдыр ата біздің заманымызда түйеге мінген, қазақы нақышта киінген, аса таяқ ұстаған бейнеде келетін. Жанында әр аймақтың дәмдері толтырылған, балаларға деп алған ойыншықтары бар қоржыны болатын. Өзімен бірге «Бақ бала» дейтін немересін еріп жүретін. Мерекеге жиналған жұртқа қоржын толы сыйын таратады, сосын «Батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деп бәрімізге батасын береді. Одан артық не керек?
Бұл күні қыс қайтып, көктем келгенін көрсететін сахналық көрініс қойылатын. Ақпан, Тақпан, Зымыстан деген кейіпкерлер болатын. Ақпан мен Тақпан қыстың иесі, Зымыстан деген боран иесі. Ол қыстың алды-артын орап, борандатып-құйындатып жүреді. Сосын Әз дейтін амал кіреді. Әз ханым Ұлыстың әнін айтады. Одан кейін «Бақ бала» қолындағы камшысымен Ақпан, Тақпан, Зымыстанды сахнадан қуып шығарады. Бұл – қыс кетіп, көктем келді деген сөз. Міне, бізде осындай көріністер болған. Мұны неге айтып отырмын? Себебі, жалпы халыққа абстрактілі ұғымдарды құр сөзбен ұқтыру қиын. Қыдыр ата, Бақ бала, Әз ханым, Ақпан, Тақпан, Зымыстан сынды кейіпкерлерімізді Аяз ата мен Ақшақар сияқты әз-Наурыздың брендіне айналдыруымыз керек.
Одан кейін Президенттің халыққа Жолдауын, әдетте, медаль таратып марапаттап, қайырымдылық ретінде үй беріп жатады ғой, осылардың барлығын Наурыз мерекесінде атқаратын етіп орайластырсақ, ел 31 желтоқсанның түнін күткендей Наурызды сағына күтетін болады. Ол кезде өзгелер шырша кессе, біз ағаш егеміз, бұлақтың көзін ашамыз. Өзгелер шыршаның басына шырақ жақса, біз де Қыдыр ата келеді деп таң атқанша ұйықтамай, бастаңғы, селт еткізер сынды салттарымызды атқарамыз. Ол түні Қыдыр ата келеді деп, үйдің есігін ілмей, қос шырақ жағып қояды. «Қыдыр аралаған ауылға бақ қонады, Қыдыр түнеген үйге құт қонады» деп күтеді.
– Бүгінде әз-Наурызды өз мән-мағынасын ашатындай деңгейде тойлай алып жүрміз бе? Этнограф ретінде қандай артық-кем тұстарын байқап жүрсіз?
Менің бүгінде көңілім толмай, айтайын деп жүрген жайт – Наурызды өз деңгейінде тойлай алмай келеміз. Наурызға дайындалып жатырмыз дейді. Барсаң бір көже жасап, дастарқан жайып қояды. Бата сұраған соң оны бересің. Болды, басқа мағыналы ештеңе жоқ. Кім барса да уақытын ысырап қылады. Көзде де, көңілде де ештеңе қалмайды. Басқа ұлттар болса «қазақтар Наурызына шақырды, көжесі дәмді, еті мол екен, естіп жүрген бірнеше ән айтты, ішіп-жемнен басқа ешнәрсе жоқ екен» деп кетеді. Бұлай атап өтуге болмайды. Керек десең сценариін де жазып қойдым, тек оны мемлекеттік деңгейде қабылдау керек.
Наурыз деген, бір сөзбен айтқанда, ұлттың беделін, келбетін, салт-дәстүрін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін, ұлы ұстанымдарын, ырым-тыйымдарын, кәде, жоралғыларын атқаратын, сол арқылы жастарға үлкен үлгі мен өнеге көрсететін мереке. Қыдыр ата бата ғана беріп кетпейді, ол Наурыздың тарихын айтып жүреді, елдің салт-дәстүрін үгіттеп жүреді. Бұл – біздің мерекеміз. Ол ұлттар мен ұлыстарды ерекшелеп, басқа мемлекеттермен болған қатынастарды биіктететін, халықаралық деңгейде қалыптасқан бренді бар мереке болуы керек. Айталық, Ислам дінінде иман келтіру, намаз оқу, қажылыққа бару сияқты бес парыз бар. Сол сияқты Наурыз мерекесінде де кейіпкерлер мен образдар арқылы тағылымды, дәстүрді, әдетті, ғұрыпты, мәдениетті қимылдық, заттық формада көрсетуімізге болады. Сонда ғана ел Наурызды мойындайтын болады. Біздің тарихта ұмытып, мойындамай, іске асыра алмай үлкен ағаттық жіберіп жүрген жеріміз – осы Наурыз мерекесі. Біз Аяз ата мен Қыдыр атаны қатар қойыпты деп қымсынамыз ба, білмеймін. Асылы, екеуі екі бөлек. Аяз ата қыстың иесі ғана болса, Қыдыр ата – бақтың иесі. Бақ барлық адамның басында болады. Ол тек қазаққа ғана емес, барлығына ортақ. Осындай тарихи кейіпкерлерді келістіріп отырып көрсете алсақ, Наурызды нақышты, жыл сайын барлық ұлт өкілі сағынып жүретін мереке деңгейіне жеткізе алатын едік. Тағы бір айтатын мәселе, оны батыс өңірде басқаша, шығыста басқаша, оңтүстік пен солтүстікте бір бөлек емес, арнайы бағдарлама, заң қабылдап, мемлекеттің төл мерекесі етіп бекітіп, бірізді тойлау керек. Оны әркім білгенімен өткізсе, салт-дәстүр бұзылады. Ортадан өтірік, жасанды дүниелер еніп кетеді, оның соңы күлкіге қалады. Әр аймақ өз бетінше атап өтіп, жарысқа түсуге болмайды. Оның өзінің қалыптасқан тәртібін ұстануымыз керек. Қазақтың ғасырлар бойғы салт-дәстүрі не себепті бұзылмай сақталып келді? Себебі ақсақалдар сол салт-дәстүрдің бұзылмауын қадағалап отыратын шырақшы болған. Әдет-ғұрыптың бірі қате орындалса, жазасын беретін. Демек, Наурызды атап өтуді жарысқа салмай, бірізділікке түсіруіміз керек. Оның ұлттық, тарихи мәні, тәрбиелік мағынасы, образдық, символдық дүниелері бір бағытта, жұп-жұмыр болуы керек. Сонда ол ұрпақтарға дұрыс жетіп, оң нәтижесін береді.
Әз-Наурызға 7-8 күн демалыс жариялау керек. Оның бір күні сәлем беретін күн, бірі ағаш егетін күн, тілеукөже жасайтын күн, бәсіре деп, балаларға ат мінгізетін күн болады.
– Наурыз мерекесінің мән-мағынасы зор екенін ұқтық. Сізден этнограф ретінде мемлекеттік мекемелер мұндай мерекені қалай атап өткен дұрыс деп ақыл-кеңес сұрай ма?
– Менен тілшілер ғана сұрайды. Мен бұған дейін қазақтың 54 түрлі киіз үйінен тұратын, тамақ дәстүрі де қамтылған үлкен этнографиялық жобамды 3D макетіне дейін жасап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайта-қайта ұсындым. Оны Қонаев қаласына салатын болған. Бірақ әзірге барлығы сөз күйінде қалып тұр. Мен Президент аппаратына хат жазамын, олар Туризм министрлігіне жібереді, ондағылар облысқа лақтырады. Облыстағылар болса «Аға, мынауыңыз керемет екен, өзіңіз инвестор тауып келіңіз» дейді. Мен болсам инвестор іздеймін. Ал инвестор деген сенің этнографиялық дүниеңе онша қызықпайды. Оларға бүгін қаржы салып, ертең пайда келтіретін нәрсе керек.
Жоғары жақтан, айталық Мәдениет министрлігінен кеңес сұраса, қаржы бөліп, мынаның бәрін жасаңдар дейтін болса, концепциясын жүйелеп, Наурыз брендін қалыптастыруға болар еді. Мәселен, Наурызда Қыдыр атаның әр облыс атынан тарататын өзіне тән сый-сияпат түрлерін, айталық, Алматының алмасы сияқты кәделерді, түрлі төсбелгілер жасауға болады. Шетелден келген қонақтар да осындай Наурыз кәдесыйларын өз еліне ала кетеді.
– Бұл күндері ұмыт болған тағы қандай салт-дәстүр, ырым-жоралғы түрлері бар?
– Наурызда күн мен түн теңеледі дейміз. Мұны адам емес, тірі жанның бәрі сезеді екен. Былтыр Иранның Бас консулдығы өткізген Наурыз мерекесіне арналған іс-шарада болдым. Сол жерде дастарқанға жеті түрлі азықтан жасалған тағамды бренд етіп қойды. Жеуге емес, көздің жауын алатындай көрініс етіп жасаған. Қарасам, ішінде балық бар екен. Оның себебін сұрасам, күн мен түн теңелгенде судағы балықтар бір сәтке қозғалмай, сосын шоршып түседі деді. Сол себепті де балықты қосады екен. Күн мен түн теңелгенде тышқандар інінен шығып, құстар басын көтеріп, төрт түлік орындарынан тұрып құрмет көрсетеді.
Наурыз мерекесінде ұмыт қалып жүрген жайттардың бірі – жеті санына қатысты атқарылатын жоралғылар. Қазақта жеті санына қатысты жеті дән, жеті сандық, жеті ата, жеті ұрпақ, жеті ана, жеті батыр деген ұғымдар бар. Наурызға қатысты айтылатын жеті жыр деген бар. Бұл күні осылардың мән-мағынасын ашатындай дүниелер жасалуы керек. Бренд құры сөзбен қалыптаспайды, зат формасында қалыптасады.
– Кеңес одағы тұсында Наурыз діни мейрам деп танылып, тойлауға ресми түрде салынды. Наурыздың тамыры тереңде, Исламға дейін пайда болса, онда неге тыйым салынды?
– Кеңестер одағының қарсы шыққан нәрсесі екеу. Біріншісі – дін, екіншісі – ұлттық идеология. Наурызға тыйым салғанының себебі – ол қазақтың бренді болды. Наурыз – ұлттың салт пен дәстүрі, әдет пен ғұрпы, тұтас тұрмысы, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, мінезі мен көңіл-күйін паш ететін мейрам. Мереке деген жай нәрсе емес. Мен айтар едім, дін имандылықты сақтаса, салт-дәстүр ұлтты сақтайды деп. Мәселен, қырғыздар да, өзбектер те, Құран Кәрім түскен арабтар да мұсылман. Бірақ ешқашан дінмен ұлт қалыптаспайды. Сен салтыңмен, дәстүріңмен, әдет-ғұрпыңмен, наным-сеніміңмен, өзіңе тән жазуың мен мәдениетіңмен ұлт боласың. Көшеде қазақы тақия киіп келе жатқан адамды қазақтың жігіті келе жатыр, ала шапан киіп келе жатса өзбек келе жатыр дейміз. Көрдіңіз бе, бір киімнің өзінде талай дүние жатыр. Соны Кеңестер одағында жақсы білген. Алдымен аттан түсіру керек, қолындағы қамшысын алу керек, сосын үстіндегі киімін сыпыру керек, сонда жүрегіндегі дүние өз-өзінен өшеді деп тыйым салған.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Айбек Мұқан