Қонаев қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті. Алқалы жиынды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым ел бірлігі мен татулығын нығайтуға қызмет етіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөліне тоқталды. Облыс көлемінде 105 этнос өкілі тату ғұмыр кешіп жатқанын, өңірде 26 этномәдени бірлестік, 146 аналар кеңесі, 141 Ақсақалдар кеңесі және 26 қоғамдық медиатор жұмыс істейтінін атап өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың есебі тыңдалды.
– Аспантаудың етегіндегі, қасиетті Қарадаланың төсінде орналасқан киелі өлкені қазіргі кезде 63 мыңнан астам халық мекендейді. Оның ішінде, 15 этнос өкілі ауызбіршілікте, бір үйдің баласындай өмір сүріп жатыр. Басым бөлігі – ұйғыр этносының өкілі. Аудан халқының 58 пайызын құрайтын ұйғыр этносының этно-мәдени орталығы жергілікті атқарушы органмен, басқа да қоғамдық бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірге аудандағы қоғамдық тұрақтылықты, этносаралық татулық пен келісімді сақтауға және нығайтуға белсенді атсалысып келеді. Оның мүшелігіне 2 мыңнан астам ұйғыр этносының өкілдері тіркелген. Таза ұйғыр тілінде білім беретін екі мектеп бар. Әр ауылдық округтегі мектепте аралас түрде білім беру қарастырылған. Ұзақ жылдан бері «Арзу» халықтық ән-би ансамблі халықты өнерімен тәнті етсе, аудандық «Қарадала тынысы», «Іле өңірі» газеттері қазақ және ұйғыр тілдерінде ақпарат таратады. Аталмыш баспасөз беттерінде этносаралық саясатты жүзеге асыруға, татулықты насихаттауға бағытталған «Біз қазақстандықтармыз», «Бір шаңырақ астында» атты тұрақты айдарлар бойынша мақалалар жарық көруде, – деген Ұйғыр ауданының әкімі жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатқан шаралар жайын әңгіме арқауына айналдырды. Сонымен қатар, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев пен ¥йғыр халқының ақыны Илья Бахтияның достығын дәріптеу мақсатында көрермен назарына ұсынылған Асқар Наймантаевтың «Досым, саған сенемін» атты спектаклі жергілікті халықтың достығын одан әрі нығайтуға себепші болғанын және биыл қос ақынның ескерткішін Шонжы ауылына қою жоспарда бар екенін жеткізді. Бота Серікқызы сөзінің соңында ауданда қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екенін, алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті құрылымдарымен және этномәдени орталықпен бірге аудандағы этносаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылықты одан әрі нығайта түсу бағытындағы жоспарымен бөлісті.
Келесі кезекте Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ертай Нұрмахановтың этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстар туралы есебі тыңдалды.
– Аудан аумағында ресми статистикалық дерек бойынша 54 этнос өкілі бар. Аудан орталығы мен 25 ауылдық округте құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі аймақтағы дау-жанжалдардың, өзекті мәселелердің этносаралық шиеленіске айналып кетпеуінің алдын алу бағытында айтарылықтай жұмыс атқаруда. 1 аудандық, 1 қалалық, 25 ауылдық аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге күрдтің «Барбан», гректің «Энеси», түріктің «Ахска», шешеннің «Вайнах» және славян, ұйғыр этностарының этномәдени орталықтары жұмыс істеуде. Аталған кеңестер мен этномәдени орталықтар ауданда этносаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлестерін қосуда. Әрбір ұйым бекітілген жоспарларына сәйкес түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі қоғамның дертіне айналған деструктивті діни ағымдар, буллинг, әлеуметтік желілердің зардаптары сияқты тақырыптарды жастарға кеңінен түсіндіріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға атсалысуда, – деді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ертай Сұлтанәліұлы. Өз сөзінде ол келешекте аудан тұрғындары мен жастарға бағыт-бағдар беретін қоғамдық пікір көшбасшыларымен бірлесе отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмысын үнемі күн тәртібінен түсірмейтініне сендірді. Одан кейін сөз кезегі облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаеваға берілді.
– ҚХА жанындағы 1 облыстық, 1қалалық, 9 аудандық, 131 ауылдық аналар кеңесі бар. Мүшелерінің жалпы саны – 934. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының 4 бағыты бойынша көптеген іс-шара өткізілді. Ең ауқымды жұмыстар Кеген, Іле, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Қарасай аудандарында өтті. Райымбек, Кеген, Талғар, Жамбыл, Балқаш аудандары мен Қонаев қаласының аналар кеңесі өте жоғары деңгейде өткізілген іс-шаралармен ерекшеленді. Ішкі саясат басқармасына қарасты қоғамдық келісім және қоғамдық даму орталығы мен аналар кеңесі білім басқармасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. Соның аясында Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Жамбыл, Қарасай аудандарында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен жыныстық қолсұқпаушылықтың, суицидтің алдын алу саласындағы педагогтердің кәсібіи құзыреттілігін арттыру, оқушылар арасында қылмыстың және өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіштерін төмендету бойынша құзырлы органдармен жұмыстарды күшейту мақсатында облыстық семинарлар өткізілді. Аталған шараларға білім басқармасы, прокуратура, полиция департаментінің жергілікті полиция қызмет басқармасы құқықбұзушылықтың алдын-алуды ұйымдастыру бөлімі, облыстық аналар кеңесі, «Жанұя» отбасыны қолдау орталығы, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.
Жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйетін азамат етіп тәрбиелеу міндетін орындау жолында еңбек етуді жалғастыра береміз. Осы орайда аналарды этносаралық бейбітшілік пен қоғамдык келісімді сақтау жөніндегі жұмысқа тарту нәтижесінде біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, облыста рухани-адамгершілік тәрбие және білім беру серіктестерінің қогамдық бірлестігі жұмысын бастады. Жас ұрпақтың тәрбиесін назарда ұстау аналардың қоғамдағы орнын қалыптастыруда. Кеген ауданында мониторинг жасау арқылы жас отбасылармен жұмыс жүргізе отырып, отбасын сақтауға ықпал ету артты. Мәселен, ажырасуға өтініш берген 55 отбасының 32-сін сақтап қалу дерегі бар. Іле ауданында жастар арасында ажырасудың алдын алуда «Отбасы және медиация» тақырыбында қоғамдық медиатормен бірлескен жұмыс нәтижесінде 12 отбасының 7-еуі ажырасу ниетінен қайтарылды. Жамбыл ауданында оқушылар арасындағы кұқықбұзушылық 3 қылмысқа азайды. Талғар ауданында ерте жүктіліктің алдын алу жұмысы өзінің оң нәтижесін беруде. Сонымен қатар тұрмыстағы зорлық-зомбылық азайды. Балқаш ауданында азаматтардың құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету, этникалық және тілдік белгілері бойынша кемсітушілік, этносаралық шиеленістің алдын алу бойынша жұмыстар жүйеленіп жолға қойылды. Сонымен бірге медиация кабинеті ашылып, сенім телефоны орнатылды. Аудан медиаторларына 9 азамат жүгініп, 9 жанжал мен даулы мәселе оң шешімін тапты, – деді Гүлнар Сағатқызы. Сөзін қорытындылаған аналар кеңесінің төрағасы облыста татулықты сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз ету өзі жетекшілік ететін құрылымдық бөлімнің міндеті екенін баса айтты.
Әрі қарай басқосуда облыстық Ассамблея мүшелерінің ротациясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІIІ сессиясына қатысушылар тізімі бекітілді. Тізімді бекіту бойынша облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Ильдар Юлдабаев ұсыныс жасады. Өңірлік ҚХА мүшелігіне ұсынылған кандидаттар дауысқа салынып, бірауыздан мақұлданды. Сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары болып Іле аудандық күрд этномәдени орталығының төрағасы Гамзе Гейдаров сайланды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы