Перейти к содержимому
Главная страница » Кітап – білім кілті

Кітап – білім кілті

      Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Атырау­да өткен Ұлттық құрылтайда: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз де жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда ғана жаппай оқитын ұлтқа айналамыз», – деген болатын. Президенттің осы бастамасы Үкімет тарапынан қолдау тауып, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде белгіленді.

Осынау айтулы күнге орай Кеген аудандық Мәдениет үйінде орналасқан коворкинг орталығында «Кітап – жарық ғалам, қабылдаса санаң» атты шара өтті. Кітапхана фойесінде Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Бүгінгі шараның мақсаты – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Басқосуда алғаш болып сөз алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Кітап оқу – білімді шыңдайтын ұстанымның бірі. Осы күнге дейін Қарқара, Алғабас, Бөлексаз, Саты ауылдарында Мәдениет үйіндегі кітапханалар қолданысқа берілді. Аудан орталығынан кітапхана салу жобасы дайындалып, сараптамаға жіберілді. Алдағы уақытта Жастар орталығы жанында заманауи ғимарат бой көтереді деп ойлаймын, – дей келе, ұдайы кітап оқу мидың белсенділігін арттыратындығын айтты.
Аудандық кітапханадағы абоне­мент бөлімінің меңгерушісі Жібек Молдасанова «Кітап – рухани қазына» тақырыбында баяндама жасап, мере­кенің маңыздылығына тоқталып өтті. Журналист Шыңғыс Тұрсынов өркениет оқудан басталатынын айта келе, ұлттық құндылық, кітап, қазіргі қоғам туралы тұщымды ой қозғады. «Махаббат мұңы», «Қош бол, альбом!» атты кітаптарын парасат ордасына сыйға тартты.
Ұлттық кітап күні тамаша ән, күм­бірлі күймен өріліп, жиналған қауым Кеңес Нұрпейісов атындағы орта мектеп оқушыларының өнерін де тамашалады.
– Бүгінгі таңда ауданда 13 кітап­хана, 1 коворкинг орталығы жұмыс істейді. Айта кетейік, бұл апталық барлық ауылдық кітапханада ұйымдас­тырылды. Бір қуантарлығы – кітапхана оқырмандары жыл сайын көбейіп, кітап оқитын жастардың қатары артып келеді. Қорда 128 153 кітап бар, – деді аудандық кітапхана директоры Индира Ахметова,
Ұлттық кітап күні – кітап пен қаламның қадірін жете түсінетін елге тән игі қадам. Болашақ оқырманды тәрбиелеудің бастау бұлағы. Сондықтан бұл мерекенің жөні де, жолы да бөлек.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы