27 маусым күні Алматы облысы Кеген ауданындағы қасиетті Қарқара жайлауында дәстүрлі «Қымызмұрындық–2026» фестивалі өтеді. Ауқымды мәдени-танымдық іс-шара аясында Абыз-баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған республикалық ұлттық спорт жарыстары өтеді.
Қазақ халқының бай мұрасы мен салт-дәстүрін дәріптейтін айтулы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ден астам шабандоз және 35 мыңнан астам көрермен қатысады деп күтілуде. Фестиваль ұлттық спортты дамытуға, этнотуризмді ілгерілетуге және өскелең ұрпақтың тарихи танымы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған.
Құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге бойынша өтетін жарыстарда еліміздің таңдаулы тұлпарлары мен шабандоздары бақ сынайды. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне JETOUR X70 FL Prestige автокөлігі тігілген. Сонымен қатар екінші орын иегері 2,5 миллион теңге, үшінші орын алған шабандоз 1 миллион теңге иеленеді. Жүлде қоры жеті орынға дейін қарастырылған. Топ бәйгенің жеңімпазына CHERY TIGGO 2 PRO автокөлігі табысталса, жүлдегерлерге 2 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйақы беріледі. Ал құнан бәйгеде бірінші орын алған шабандоз JAC J7 автокөлігінің иесі атанады.
Фестиваль аясында өтетін «Түйе палуан» республикалық қазақ күресі турнирі де жанкүйерлер назарындағы басты бәсекелердің бірі болмақ. Елдің әр өңірінен жиналған білекті балуандар күш сынасатын жарыстың жеңімпазы автокөлікпен марапатталады. Екінші және үшінші орын алған спортшыларға тиісінше 1 миллион және 500 мың теңге көлемінде сыйақы табысталады.
Қазақтың ежелгі күш сынасу дәстүрін жаңғыртатын «Қошқар көтеру» сайысы да бағдарламаға енген. Бұл жарыстың жеңімпазына дәстүр бойынша қошқар сыйға беріледі.
Ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар сағат 10:00-де басталады.
«Қазақтың ұлттық ойындары мен спорт түрлері паш етілетін «Қымызмұрындық» облысымыз ғана емес, еліміз көлемінде тойланатын мерекеге айналмақ. Салт-дәстүрді жаңғыртатын мәдени-көпшілік шараға шет елден де қонақтар келмек. Сондықтан да халқымыздың бойында бар асыл қасиеттері мен құндылықтарын дәріптеуге кеңінен орын беріледі. Бұл нағыз халықтың мерекеге айналатын айтулы шара болмақ. Қазір дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атшабарымыз барлық талапқа сай. Ат жарысына қазылық ететін төрешілер тобы да сақадай сай тұр. Бұл алманға еліміздегі дүбірлі додаларда талай мәрте топ жарған жүйріктер мен шабандоздар қатысады. Жүлде қоры да қомақты. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, көп көңілінен шығады деген ойдамыз. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, жүйріктерін бәйгеге қосқандар тақым қысып, жанкүйер жандардың арқасы қозатыны анық», – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Сабырқанұлы.
Осылайша Қарқара жайлауында ұйымдастырылатын бұл мереке ұлттық спорттың мерейін үстем етіп қана қоймай, қазақ халқының рухани құндылықтарын ұлықтайтын, ел бірлігі мен дәстүр сабақтастығын дәріптейтін маңызды мәдени шараға айналмақ.
