Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Бір мектептен – бір әскери бөлімге: сыныптастардың сарбаздық сапары

Бір мектептен – бір әскери бөлімге: сыныптастардың сарбаздық сапары

47 қаралым

6654 әскери бөлімінде бір мектепте білім алған төрт сыныптас Отан алдындағы азаматтық борыштарын бірге өтеп жүр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде 2-2026 шақырылымының жас сарбаздары әскери қызметтің алғашқы кезеңінен өтуде. Олардың арасында Жамбыл облысы, Тараз қаласынан келген, мектеп қабырғасынан бері бір-бірімен бірге өскен төрт дос бар.

Атап айтқанда, қатардағы жауынгерлер Ораз Алтынбек Қуанышбекұлы (2008 жылғы 8 тамызда туған), Шәріпбай Біржан Бауржанұлы (2008 жылғы 23 шілдеде туған), Қалдыбайұлы Сұлтан (2008 жылғы 19 қаңтарда туған) және Иргебек Адылжан Нұрболатұлы (2008 жылғы 30 наурызда туған). Төртеуі де бір жылы дүниеге келген. Олар 1-сыныптан бастап 9-сыныпқа дейін бір сыныпта оқып, мектеп жылдарын бірге өткізген.

Бала күннен бірге өсіп, мектепте бір партада отырып, талай қызықты сәттерді бірге бөліскен достардың енді әскери өмірде де қатар жүруі – ерекше жағдай. Кеше ғана мектеп оқушысы болған жас жігіттер бүгінде әскери тәртіпке бейімделіп, жауапкершілік пен төзімділікті үйреніп, Отан алдындағы міндеттерін абыроймен атқаруға ұмтылуда.

Жас сарбаздардың ортақ қызығушылықтары да бар. Олар бос уақытында бильярд ойнағанды ұнатады, ал футболға деген қызығушылықтары спортқа деген құштарлықтарын арттыра түседі. Спорт жастарды шымырлыққа, ұйымшылдыққа және жеңіске деген жігерге тәрбиелейді.

Бір мектептен түлеп ұшқан төрт достың бір әскери бөлімде кездесуі олардың достығын одан әрі нығайта түсті. Әскери ортада олар бір-біріне қолдау көрсетіп, жаңа міндеттерді бірге меңгеріп, сарбаздық өмірдің қызығы мен қиындығын қатар бөлісуде.

Сыныптастықтан басталған достық – әскери қызметте жалғасқан бауырластық. Ал бүгінгі әскери өмір олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, тәртіпті, жауапкершілікті және жолдастық адалдықты қалыптастыратын маңызды кезеңге айналуда.

6654 әскери бөлімінің жас сарбаздарына әскери қызметтеріне сәттілік, мықты денсаулық, сарқылмас жігер және Отан алдындағы борыштарын абыроймен өтеулеріне тілектеспіз!

↑