Мал басын көбейтудің бірден-бір жолы – төрт түлікті шығынсыз төлдету. Сондықтан да мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар үшін төл науқаны өте жауапты кезең саналады. Машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрген малшылар қауымының алдында тұрған маңызды міндет – жаңа туған төлді дер кезінде ауыздандырып, олардың жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Қойы қоздап, түйесі боталап, биесі құлындап, сиыры бұзаулап, қорада қарбалас жұмыс қарқын алған сәтте малшылар қауымына арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруіне мүлдем уақыты да жоқ. Көктемгі қарбалас науқан өзге өңірлермен бірге Балқаш ауданында да басталды.
Балқаш ауданында атакәсіпті нәсіп еткен шаруашылықтар мал төлдету науқанына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Нұралы Шүленбаевтан мал төлдету науқанында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында сұрағанымызда, ол өңірде мал өсірумен тұрақты айналысатын ірілі-ұсақты 1274 шаруашылық бар екенін айтты. Сонымен қатар бүгінгі таңда аудан көлемінде 59068 аналық сиырдан 26994 бұзау туғаны және 13543 биенің 5553 басы құлындап жатқаны, 60574 бас қой-ешкіден 38355 бас төл есепке алынғаны жайында баяндап берді. Сұхбат барысында Нұралы Шүленбаев «Өңіріміздегі мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтардың бірі – Миялы ауылдық округіне қарасты «Береке» шаруа қожалығы» деп аталмыш шаруашылыққа жол бастап, бізбен сапарлас болды.
Біз атбасын бұрған шаруа қожалығының төрағасы Асқар Сейдахметов «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген аталы сөзді негізге алып, 1993 жылы мемлекеттік жер қоры есебінен 300 гектар жерді жалға алып, мал өсіре бастаған. Бүгінгі таңда аталмыш шаруашылықта 320 бас қой, 130 бас сиыр және 87 бас жылқы бар. Ал мал төлдету науқанына келер болсақ, түлік түрлерінен бүгінгі таңда 126 бас қозы, 11 бас бұзау, 5 бас құлын туған. Шаруашылық басшысы көктем аяқталғанша төл басы тағы арта түсетініне сендірді. Қожалық басшысының айтуынша, қысқы мал азығына 1000 орама шөп, 10 тонна жем дайындалған.
Мал басын аман сақтап, олардың қыстан шығынсыз шығуына және мал төлдету науқанын жоғары деңгейде атқарып жүрген аға шопан Ермек Кеншінбай мен бақташы Мейірімғали Тынышбаевтың еңбегі зор. Балқаш аудандық ветеринария дәрігерлері де мемлекет тарапынан бірнеше жұқпалы ауруға қарсы екпелерді тегін жасап, жаңа туған төлдерді есепке алып, сырға салып, санитарлық тазалық жұмыстарын қадағалауда ұстап отыр. Мұнда малшыларға тұрғын үй салынған және электр жарығы да тартылған.
Сөз орайы келгенде Асқар Дәліғұлұлы мал тұқымын асылдандыру үшін жыл сайын мемлекет тарапынан субсидия алып жүргенін тілге тиек етті. Аталған шаруашылық әр төрт жыл сайын асыл тұқымды аталық «Дегерес» қошқарлары мен қазақтың ақбас бұқаларын сатып алып, асылдандыру бағытында қыруар жұмыс атқаруда. Төрт түліктің бабын табу оңай шаруа емес. Дегенмен, қолға алған істі әрі қарай дөңгелету үшін әлі талай тер төгуге тура келеді.
Мал өсірумен айналысып жүрген шаруашылықтардың бәрі осындай жетістікке жету үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алу маңызды. Мал басын көбейтіп, қайтарымсыз субсидияға қол жеткізіп, мал тұқымын асылдандырса, өңірде шаруашылық өркендеп, ел экономикасы бұдан да арта түсер еді.
Бақтығали Дәуітбаев,
Балқаш ауданы